38 рет оқылды

«Қаламгер қазынасы» сериясынан

1. Қаңтарулы қазанат
«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім…
Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін…» деп күрсіне, күңірене жазған Шерхан аға Мұртазаның Мыңбұлағына қарай Мейрамбек көкем екеуміз тартып келе жатырмыз.
Тартып келе жатқан себебіміз, бар әлемді шарласа да түсінен шықпайтын Мыңбұлағына, Ақсу-Жабағылысына, Ақсайына, Талаптысына келіп жатқан қазақтың қабырғалы перзенті Шерағаңа сәлем беру, қолын алу, көңілін сұрау.
Шыңғыс Айтматовтың Шекер атты айылы қырғыз ағайындарға қандай ыстық болса, Лев Толстойдың Ясная Полянасы орыстарға қаншалықты қымбат болса, Мыңбұлақтың етегіндегі талдары алыстан қауытып көрінетін Шерхан Мұртазаның Талапты ауылы да, сол Талапты ауылы мақтан ететін Мыңбұлақ алабы да қазақтарға сондай қастерлі, сондай қадірлі.
Бұрынғы әдетінше артынан ерген жалғыз інісі Батырхан бауырының үйіне түскен шығар деген оймен көлігіміздің басын солай қарай бұрғанбыз.
Жоқ, өз үйінде екен. Және «Шерағамыз өз үйінде» деген сөзді естігенде кәдімгідей қуанып қалдым. Өйткені, «өз үйің, өлең төсегіңнің» жөні қашанда бөлек қой.
Осыдан он бес жыл бұрын шамасында Батырханның шарбағының түп жағындағы үлкен алма талдың түбінде Шерағаңмен ұзақ әңгімелесіп, «Жас Алаш» газетіне «Шамаң келсе, шындықты айт» деген танымдық, тағылымдық мәні бар сұхбат жариялағанмын.
Оған кезінде белгілі фельетоншы Нұри Муфтах та жақсы пікір білдіріп еді. Сол сұхбатта «Облыс, аудан басшылары үй салып беріп жатыр» деген Шерағаң. Қуанғаным, сол сөз іске асып, басшылардың уәдесі жерде қалмапты-ау дегеннің белгісі еді.
Көп ұзамай Шерағамыздың үйінің шарбағының қақпасына да келіп тоқтадық.
Екі қабатты әдемі үйдің шарбағы үлкен, ал шарбақты жағалай өскен бәйтеректер көкке ұмсынып, жапырақтары жайқалып тұр.
Үйдің есігінің алдында қылқандары мәңгілік жасыл бояуға малынған екі түп шырша жараса қалыпты.
Ал оңтүстікте Тәңіртаудың асқақтаған ақ бас шыңдары менмұндалайды. Қысқасы, айналамыз керемет көркем дүние. Ауасы да тап-таза, сіміріп жұта бергің келеді. «Шіркін, Лев Толстойдың Ясная Полянасына бергісіз мына жерде туған, өскен және өркен жайған Шерағаң қандай бақытты жан» деп қоямын іштей.
Үйге кіріп әуре болғанымыз жоқ. Шерағаң есіктің алдындағы шағын жайға диван қойдырып, сонда мызғып жатыр екен.
Бізді Шерағаңның қызы, айналайын Алма қарсы алды. Ортамыздағы үлкеніміз, Шерағаңдардың отбасындағыларша айтқанда «Сақа», біздіңше белгілі журналист Мейрамбек Төлепберген «Ассалаумағалейкүм, аға. Бұл мен ғой, Сақа» деп амандасты. «Көсемәлімін ғой» деп, бір жағынан мен де сәлемдесіп жатырмын.
Шерағаң дивандағы жастыққа арқасын тіреп, тікесінен отырған соң қолын ұстадым.
«Аға, бұрын сәлемдескен кезде қолымды қысушы едіңіз ғой, тағы бір қысып көріңізші» деймін еркелеп.
Еті қашқан саусақтардың қуаты әлі қайтпаған. Кәдімгідей қысқан болады. Бірақ үндемейді.
«Аға, бұрын маған арнап «Сұрасаң менің атым Көсемәлі…» деп, бір-екі шумақ өлең шығарып едіңіз ғой» деймін тағы да. Жүзінде менің әзілімді мақұлдағандай рең бар, бірақ үндемейді.
Бір уақытта «Аға, түс көресіз бе?» деп салдым.
Шерағам бұл жолы үндеді. Үндегенде…
«Көрем» деді кәдімгідей қатты дауыспен. Қуанып кеттім.
Өйткені, «Шерағаң соңғы кездері сөйлемейді, тек қана тыңдап отырады» дегенді естігенмін.
«Түсіңізде Айша анамызды, Мұртаза атамызды көресіз бе?».
Бұл жолы Шерхан көкем басын изеді. «Бұған да шүкір» дедім.
«Сексен жылдығыңыздағы тойда сахнадан «Түсіме Шолпан жұлдыз кіре береді» деп едіңіз»…
(Айтпақшы, ұмытып бара жатыр екенмін, Шерағаң туралы жазғандарымның басын қосып, ерте көктемде «Шамаң келсе, шындықты айт» деген кітап шығарғанмын. Соның бес данасын ала барып, біреуін Шерағаңның қолына ұстатып «мәселенің» мән-жайын түсіндіріп жатқан кезімде «Шықты ма?» деп қалды. Сосын кітапқа, ондағы шіләпі киіп түскен өзінің суретіне ұзақ қарады…).
Сұрақ қойып отырып, ағамның жүзінен көз алмаймын, байқағаным: әңгімемді қолдау бар, сұрақтарыма да кетәрі емес, бірақ үн жоқ, үндемейді.
Сосын Алмаға бұрылып:
«Шерхан ағамыз екеуміз бір атқа мінгесіп келе жатыр екенбіз деймін, бірақ біреулер жолымызды кес-кестеп бөгей берді, сол кезде көкем «әттең, сені басқа атқа мінгізсе аналардың бәрінен озып кетер едің деді» деп, жақында көрген түсімді айтып бердім.
«Сонда бұл жақсы түс пе?» дейді Алма.
«Әрине, жақсы түс».
Алма да Шерағаңның түсіне Мұртаза әкесі кіргенін, оны «Жапон теңізінің үстінде кемемен кетіп бара жатыр екен» деп айтып бергенін жеткізеді.
«Шақырған жоқ па?» деп қорқасоқтап сұрасам?
«Жоқ, шақырған жоқ» деді, онысына қатты қуанып қалдым»…
Шерағаның қасына көп ілестім деп айта алмаймын, бірақ жазғандарын көп оқыдым. Ол, сірә, «Мылтықсыз майданнан» басталған шығар.
Бәлкім, құмарлығым «Қырық бірінші жылғы келіншектен» кейін оянды ма екен? Бірде «Шераға, маған Сіздің әңгімелеріңіз қатты ұнайды» дегенімде, «Әңгімелерім өзіме де ұнайды» дегені тағы бар.
Демекші, Талапты ауылында Шерхан ағаның Батырхан деген інісі тұрады. Қазір оның жасы да сексеннің бірінен асып барады. Сол Бәкең бір келгенімде айтып берген әңгімесін осы жолы тағы да есіме салды.
Бірде Шерхан ағам інісі Батырханды Алматыға шақырады да, өзінің орнына бшаруашылық жұмысына барып келуін өтінеді. Өзі Айша анамыздың қасында болып, қаламы жүрсе ойындағы дүниесін қағазға түсірмек.
Шерағаң, міне, сол жолы «Мылтықсыз майданды» жазып шығыпты.
Алматы мен ауылдағы аға мен іні арасындағы сыйластықтың, түсіністіктің қандай керемет үлгісі, ә.
Шерағаңның көңілін сұрап шыққаннан кейін Батырхан ағаның үйіне келген кездегі әңгімеміздің бір парасы осы болды. Батырхан көпті көрген көнекөз кісілердің бірі ғой, Мейрамбек Төлепбергенге қарап:
– Бұл Мейрамбек біздің ең алғаш көрген құдаларымыздың баласы ғой, құда ғой, құда бала ғой, айналайын, – деп Мұртазаның қара шаңырағына ең алғаш келін боп түскен Шерхан ағаның жұбайы, Мәкеңнің әпкесі Мәриямның жақсылықтарын есіне түсіріп, көзінің жасын бір сығып алды.
Бәрін айт та, бірін айт, Шерағаңның халқы үшін еткен еңбегі өлшеусіз. Шығармашылығы өз алдына бір төбе болса, қайраткерлігі Қаратаудай ғаламаттың дәл өзі. Кіндік қаны тамған Талапты ауылына жасаған жақсылықтары да аз емес. Осы ауылдан жаңа мектеп салынса да, осы ауылға қарай жөні түзу жол төселсе де, біреулер тырбанып жүріп осы ауылға табиғи газ жеткізіп берсе де, соның бәрінің айғайшысы болып Шерағаң жүрді.
Тәңіртаудың етегіндегі Шерағаңның үйіне, сол үйдің үлкен шарбағындағы жапырақтары баяу ғана тербелген бәйтеректерге қарап тұрып осыны ойладым.
«Шыңғыс Айтматовтың Шекердегі үйі мен Лев Толстойдың Ясная Полянасындағы музей-усадьбасы ел игілігіне, мемлекет қарауына алынған, Шерағаңның мына қара орман, бау-шарбағы да олардан бір кем емес қой» деп тебірендім…
«Шерағаң елге келіпті» дегенді естіп құда-жекжаттары, ағайын-туыстары бірінен кейін бірі ағылып келіп жатыр. Солардың есен-саулық сұрасқандарына бөгет болмайық деп орнымыздан тұрып, Шерағаңмен қимай қоштасып, жолға шықтық.
Сексенінші жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы боп қызмет етіп жүрген кезінде қазақтың қара сөзінің шашауын шығармай жазатын қас суреткер Ғабит Мүсіреповтің үйіне барып, «Қаңтарулы қазанат» деген мақала жазып, зиялы қауым өкілдерін қалың ұйқыдан селт еткізіп оятқан Шерхан көкемнің өзі де бүгінде қаңтарулы қазанат секілді көріне береді маған.
2. Түсіме ылғи Шолпан жұлдыз кіреді
Сәлемдескен кезде Шерағаңның қолымды «қысатын» әдеті бар. Аға әзілін түсіне қойған мен де саусақтарым күтірлеп, сынып бара жатқандай оң иығымды салбыратып «ойбай» деймін.
— Не болды-ей? — дейді Шерағаң.
Деген кезде, жайшылықта қату көрінетін қабағына күн қонақтағандай жүзі ерекше жадырап сала береді. Жүзі ерекше жадырап сала берген кездегі көздерінен шашылған сәулелер жан-жағын пештің қызуындай жылытып жібереді.
— Қолыңыз қарулы екен ғой, аға, — деймін мен саусақтарымды «ауырсынғандай» сілкілеп.
Аға мен іні, бәлкім, әке мен ұл деуге де боп қалар, бұл «ойын», сірә, Патриархқа ұнаған сыңайлы. Сыңайлысы сол, ұшырасқан сайын саусақтарымды «күтірлеткісі» кеп тұратын боп алды.
* * *
Қызмет бөлмем алты қабатты әкімдік үйінің бірінші қабатындағы ұзын залдың сол жақ түкпіріне орналасқан. Бірде Шерағаң облыс әкімінің жиналысы біткенше осы құжырада «аяқ суытып», отыра тұруына тура келді.
Шерағаң үстелімдегі газеттеріме, шкафтағы кітаптарыма қарайды. Ұз-а-ақ үңіледі. Әлдебір әуенді ыңылдап та қояды. «Досыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтайын» дегені сияқты. Бір кезде үстелімдегі «Захир» деген кітапқа көзі түсті де:
— Осы кітапты жазған адамды мақтайды да жатады. Өзінің аты-жөніне тілім де келмейді, — деді.
Менің де тілім келмейтін. Көзімді ашқанан қазақша «жылап», қазақша «күлген» менің орысшаға келгенде, әсіресе, оның «ь» деген белгіден тұратын, не тұрмайтын сөзін айтқанда тілім бұралып, мүсәпір болам да қалам.
Мен сияқты қазақтар қаншама. Бірақ ешқайсысы «орыстың осы «ь»-не тілім келмейді» деп айтпайды. Ал Шерағаң болса, білдей жазушы, анау-мынау емес, ел есін енді жиып келе жатқан елең-алаңда Мәскеудің білдей МГУ-інде оқыған, орысшасы да әжептеуір (аудармалары қаншама), «Пауло Коэльо» деп айтқанға тілім келмейді деп отыр.
Қандай шынайылық. Қандай ірілік. Қандай кішілік. Біздің кейбір ағаларымыз бен інілерімізге осы шынайылық жағы жетіспей жатады-ау. Қашан көрсең «мен бәрін білем» тыраштанады да жүреді.
Әкімнің ұзақ-сонар жиналысының бітуін күтіп уақыт «өлтіріп» отырған ардагер ағаны көңілдендіру үшін:
— Пауло Коэльо ғой, аға, — деп әрең дегенде тілімді бұрадым. — Бірақ жаазғандарының алып бара жатқан анау айтқандай ештеңесі жоқ. Қысқа жазуға тырысады. Сосын тілі майда («Көркем» дегенді қазақылап жеткізгенім ғой). Сіздің «Ай мен Айшаңыз» бар ғой, соған келіңкірейді.
Дедім де, ішімнен «осыным асылық болып кеткен жоқ па» деп ойланып қалдым. Өйткені аға көңілі үшін айдалада өзімен өзі жүрген және не жазса да сатып алып (соноу «Алхимигінен» бастап), жата-жастана оқып жүрген жазушым Пауло Коэльоға тілім тиіп кетті-ау деп қобалжыдым.
Олжас ақынның «Даланы асқақтату үшін, тауларды аласартудың керегі» жоқ екенін құлағымызға құйғанына жиырма бес-отыз жылдай уақыт болып қалса да әдептілікті ескермегеніме қынжылдым.
Кімнің кім екенін менен сұрайды дейсің бе, Патриарх та үндеген жоқ.
* * *
Бір күні Астанадан Ержұман аға Смайыл телефон шалды.
— Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетінің тойына Астанаға қалайда келуі керек. Ағаңның баруы мен келу жолына алдын ала билет ала бер. Қаражатын банктегі кәртечкеңе газет есепшісі аударып береді.
Ерағаңның сөзі командирдің бұйрығындай. Бұдан кейін «меншікті тілші» деген Жаппар құлда жан қала ма:
— Жарайды, — дедім.
Бірақ билет алу үшін Шерағаңның үйіне барып төлқұжатын алуға тура келді. Үйіне келдім. Сәлемдестім. Қолымды бұл жолы да «күтірлетті». Шерағаңның іш тартатын адамдарымен қол қысысып «ойнайтынын» біліп алғам. «Ойбай, саусақтарымды ауыртып жібердіңіз» деп, жорта ышқынып жатырмын тағы.
Жолда келе жатып «Патриархтың төлқұжаты қандай болады екен?!.» дегендей, қайта-қайта қарай берем. Бірақ ешқандай ерекшелігі де, ешқандай кереметі де жоқ. Кәдімгі төлқұжат. Аты-жөні, туған-жылы, тағы басқалар. Бірақ мен үшін Патриархтың төлқұжаты басқалардың төлқұжатынан бәрібір ерекше сияқты көріне берді.
Кенет басыма «Патриархтың төлқұжатының көшірмесін жасатып алып қалсам қайтеді» деген бір ой сап ете қалды да, «ксерокс» деген дүңгіршектің жанына көлігімді кілт тоқтаттым.
Патриархтың төлқұжатының сол көшірмесі архивтерімнің арасында әлі сақтаулы тұр. Бірақ бұл туралы Патриархқа ләм-мим дегенім жоқ. Деп керегі не. Жасатсам өзім үшін ғой.
* * *
Шерағаңның кейде менің атыма байланысты ұйқастарды қуалап «өлең» шығаратыны бар. «Әлі» деп аяқталатын атқа келгенде ұйқас та мұндай көп болар ма, көлікпен ұзақ жол үстінде келе жатқанда онысын кейде ыңылдап, кейде әндетіп айтып отырады.
Тыңдармандарының «контингентіне» байланысты «өлеңінің» бірнеше нұсқасы да бар. Мысалы, бір нұсқасын «Сұрасаң менің атым Көсемәлі» деп бастайды да қулана жымиып қойып, «Министр боп өсем әлі» деген жоғары «пафоспен» аяқтайды. Бірақ маған «министрлікті» қимайтындар «Көкейін сұлулардың тесем әлі», «… бірдеңесін шешем әлі» деген ойнақы жолдарды айтса екен деп күтіп тұрады.
«Әкім аға Таразиге арнаған «соқа мен сота» туралы өлеңге қарағанда имантаразылау ғой» деп өзімді өзім жұбатып қоямын ондайда.
* * *
Бір күні жұмысқа келе жатсам, ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. Қарасам, «Егемен Қазақстаннан» Самат Мұса екен.
— Көсемәлі, сені Шераға іздеп жатыр. Мынау Астанадағы үйінің телефоны, тез хабарлас, — деді.
Бір қиын тапсырма беретін шығар деп қорқып кеттім. Қорқатын себебім, сыйлы ағаның тапсырмасын орындай алмаудан өткен ыңғайсыз нәрсе жоқ.
Бірақ қорықтым екен деп Шерағамен хабарласпау одан да жаман. Сондықтан жұмыс бөлмеме келе сап, жүрегімді басып, «бисмиллә» деп телефон нөмірлерін тердім.
Телефон трубкасын Ақбілек апам көтерді де, бәрі естіліп тұр, «Тараздан ғой, Көсемәлі екен» деп Шерағаңа ұсынып жатты.
— Шераға, сәлеметсіз ба, бұл мен ғой, іздеген екенсіз.
— Аманбысың, — деп Шерағаң «пауза» жасады.
— «Хабарлассын» деген екенсіз. Қандай шаруа айтасыз?
— Ешқандай шаруа жоқ. Ана бір мақалаңды оқыдым. Жақсы екен. Жаз. Жаза бер.
«Ақша жеткен жерге аяқ та жетеді» деген бір қысқа ғана мақалам жарық көрген. Сол Патриархтың көзіне түсіпті. Көзіне түскен соң оқыпты. Енді соны сонау Астанадан айтып тұр.
— Рахмет, аға.
— Ылғи телефон шалам алмайсыңдар, ана газеттеріңнің соңындағы телефон номерлерің қате жазылған ба, немене? – деді сосын.
Үні өте реншіті. «Шіркін, баяғыдай бас редактор болғанымда мұндай майда-шүйдеге дейін қалыс қалмайтын еді» деп күйініп тұрғандай.
Самат Мұса сауын айтқан әңгіме осымен бітті. Дереу Ержұман ағаға телефон шалдым. Осындай да осындай, Шерағаң «хабарлас» деген соң хабарлассам ренжіп жатыр, газетіміздің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісінің телефон номеріндегі «2» деген бір цифр артық жазылып кетіпті, соның салдарынан Шерағаң маған қайта-қайта телефон шалып, ала алмапты. Ренжіп жатыр, — дедім.
Ертесіне әлгі «қате» түзетілді. Бірақ «қате» түзетілгенімен, менің көңілімдегі өкініш түзелмей, сол күйі қалып қойды. Өйткені әлгі артық жазылып кеткен «2» деген цифрдың кесірінен Патриархтың қаншама пкірі мен ақыл-ойынан құр қалдым.
Осы оқиға есіме түссе әлі күнге дейін өкінем.
3. «Адамдардың тасбақа құсап
тырбаңдап жүргенін көргім келмейді…»
Бұл әңгімені Шерағаның сексен жылдық тойында белгілі қаламгер Әкім ағаның аузынан естідім.
Тоқсаныншы жылдардың соңын ала Шерхан Мұртаза мен Әкім Таразидың АҚШ-қа жолы түседі. Нью-Йорктің көкке ұмсынған зәулім ғимараттарының бірі Эмпайр-Стейт-Билдингтің (мұнараның атын орыс тілінде «Дом Имперского Штата» деп аударуға болады деседі) ұшар басына шығады.
Сол зау биіктен төмен қараған Әкім аға Тарази төмендегі адамдардың жүрісін тырбаңдап бара жатқан тасбақаларға ұқсатып, бұл «қызықты» өзінен бір жас үлкен ағасы Шерхан Мұртаза да көрсін деген оймен:
— Шераға, мына жерге келіп төмен қараңызшы, көшенің шетіндегі жолмен кетіп бара жатқан адамдар тырбаңдап бара жатқан тасбақалардан айнымай қалады екен, — деп қасына шақырады.
Төмен қарау үшін Эмпайр-Стейт-Билдингтей тәкәппардың биігіндегі алаңның шетіне жақындау керек. Мұндай тәуекелді көңілі хош көрмеген және АҚШ штаттарындағы бірімен бірі таласқан неше түрлі ғимараттарыңнан да асқақ Һәм алып Тәңіртауды ғана мойындайтын Шерағаң:
— Әй, Әкім, көрсең өзің көре бер, мен пенделердің тасбақа сияқты тырбаңдап жүргенін көргім келмейді, мен адамдардың кеудесін керіп, өр мінезімен оқшауланып, әрқашан қасқайып, тік жүргенін көргім келеді, — деп, өзінің өмірлік ұстанымына Темірқазық жұлдыздай тірек етіп алған Тәңіртаудың дара перзенттері Тұрар Рысқұлов пен Бауыржан Момышұлы мінездерін (өзінің де әрине) меңзегендей, алаңқай жақтауына жақындай қоймайды.
Әңгіме ақиқатын ішіне бүкпеген Әкім аға да ер. «Мен Шерхан Мұртазадан бір жас кіші болсам да үнемі «Шераға» деп құрмет тұтамын. Шераға алдымда мұз жарғыш кемедей өмірдің дауылына қасқайып қарсы жүрсе, мен кішкентай қайықтай ылғи сол кеменің ығында жүремін» деуі (асқар шыңдай ағаға деген бұл бағадан Әкім аға биіктей түспесе, кішірейіп қалмайды) азаматтық үлкен сөз болды.
«Талантты талант қана танып, талантты талант қана бағалайды» деген рас-ау.
* * *
Патриархтың сексен жылдық тойында көңіл босатып, көзге жас үйірер сәттер де болды. «Баласағұн» бабамыздың атындағы сарайда өткен ғылыми-практикалық конференциядағы соңғы сөз Шерағаңның өзіне берілді.
Шерағаң толқи сөйледі. Мен шамам келгенше Патриархтың аузынан қандай сөз шықса дәл сол қалпында көшіріп алуға тырыстым. Әрине, қойындәптеріме жазып үлгере алмай арасында қалып кеткен сөздері де көп. Бірақ Патриарх айтқан сөздің өзегі мынау болды.
— Ұзақ уақыт неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағыма құйып алып жатырмын. Осы сөздің бәрі рас болса, рахмет.
Әрине, елімнің бақытты адамымын. Жақсылықты алдан күтемін. Болашақтың аспаны керемет нұрлы сияқты болады да тұрады. Ол кезде мен аспанға… ұшып кетермін. Түсіме ылғи Шолпанжұлдыз кіреді…
Болашаққа үміттеніп қана қоймай, бақилық дүниенің де бар екенін мойындап, ол жақты да ойлай бастаған Патриархың жүзіне көзім түскен менің көңілім босап кетті.
Талапты ауылы.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.