50 рет оқылды
«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Осыдан тура 90 жыл бұрын 15 тамыз күні аты аңызға айналған атақты композитор Шәмші Қалдаяқов дүниеге келді…
ШӘМШІ МЕН ЖАҚСЫЛЫҚ
Сексенінші жылдардың аяғы, тоқсаныншы жылдардың басы шамасы. Ақын Жақсылық Сәтібеков көкем екеуміз облыстық газеттің мәдениет және әдебиет бөлімінде қызмет істейміз. Бес жұмыс күні аздық еткендей, сенбі мен жексенбіде де кабинетіне кеп, бірдеңелерді жазып отыратын Жақаңның жұмыс стиліне қайран ғап жүрген кезім.
Кейде жұмыс уақытында «бір жаққа баруым керек еді» деп жоқ боп кетеді де, әлден уақта «атақты ақын» деп біреуді ертіп кеп тұрады. Жақаңның бұл «еркелігіне» сол кездегі бас редакторымыз Арғынбай Бекбосынов та, оның орынбасары Әлдихан Қалдыбаев та қабақ шытпайды. Бір жолы кабинетке анау-мынау емес, тура Шәмші Қалдаяқовтың өзін ертіп келіп тұр. Алматылықтар, дәлірек айтсам «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртаза, оның бірінші орынбасары Оралхан Бөкей, газеттің тілшісі, жазушы Нұрғали Ораз (мақала-сұхбат авторы сол болатын) «Шәмші қайда жүр екен?» деген тақырыппен сазгерді жабыла «іздеп» жатқан кезде, Шәкең түк болмағандай Жамбылда жүр.
Мен үшін бұл тосын сый десе де болғандай еді. Жақаңа да ризамын. Риза болатыным, кейбір әсіресақ коммунист-журналистер жасқаншақ аттай өзінен-өзі осқырынып, өзінен-өзі үркіп Шәкеңнен қарадай қашқақтап жүрсе, Жақсылық ағаның атақты сазгерге жарыққа ұмтылған көбелекше үйіріліп, қасынан шықпауы мен үшін ерекше үлгі-тін. Сонымен…
Бір күні есіктен Шәмші аға тағы да кіріп келе жатты. Жол бастаушы, әлбетте, ақын Жақсылық Сәтібеков. Орындығымнан атып тұрып қолын алдым. «Ассалаумағалейкүмді» де ұмытқам жоқ. Шәкең төрге озды да, Жақаңның үстелінің қарсысындағы орындыққа жайғасты.
О, ғажап, бұған дейін аңызға айналған, құлағымызға «атағы» мен «шатағы» ғана жеткен ұлы сазгер дәл қасымда отыр. Ұрлана қарап қоям. Тура өзі. Тура өзі болғанда, газеттерге шыққан суретіндегі бейнесінің дәл өзі. Маңдайы мен көзінің қиығындағы әжімдері (әжімнің де кей адамға осыншама әр беріп, жарасып тұратынын бірінші рет көруім), көзіндегі өзгеге ұқсамайтын ерекше мейірім, басындағы елтірі кепкісі, бәрі-бәрі, кітап пен газеттердің беттерінен «шығып» біздің қызмет бөлмемізге кеп тұр. Айтпақшы, көзімнің қиығымен кәстөмінің өңіріне де қарадым. Ол да… өз орнында екен. «Ол да…» деп жұмбақтап отырғаным – «Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты» деген салбырап тұратын төсбелгісі. Сол төсбелгі Шәмші ағаның «паспортындай» маған тым ыстық көрінуші еді. Суреттері арқылы әбден көзтаныс боп кеткен сол төсбелгісі де жоғалмапты, өз орнында тұр.
Жақаңнан жұғысты болды ма, етім үйрене келе Шәмші ағаны әліме қарамай мен де іздеп, біраз уақыт келмей кетсе мен де кәдімгідей елеңдей бастайтынды шығардым. Өзім жарытып ештеңе дей алмасам да, Жақаң екеуінің әжік-күжік әңгімелеріне құлақ түріп отыру мен үшін үлкен олжа.
Байқағаным, Шәкең «Қазақ вальсінің корольі» атанса да өте қарапайым екен. Қазір ойлаймын, сол кез, сірә, шырылдаған Шәмші ғұмыр өзінің «атағы» мен «шатағы» туралы аңыздарға біржола мойынсұнып, енді тек тұрмыс тауқыметінің қам-қарекетімен жүрген шағы екен-ау деп.
Жақаң болса, әңгіме арасында сазгер досын көтермелеп «Біздің Шәкең Дунгановкадан (қазір Жалпақтөбе деген о бастағы атымен аталады) қатырып үй соғып жатыр» деп қоятын.
ЕСЕНҒАЛИДЫҢ ӨЛЕҢІ
Менің «курстастарым» да өңкей «сен — тұр, мен — атайындардың» сортынан еді. Ақындардан Қанипа Бұғыбаева, Есенғали Раушанов, Нағашыбай Мұқатов, Әбжан Әбілтаев, режиссерлерден Аяған Шәжімбаевтармен «парталас» болу, шынында, кез-келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ қой. Жә, сонымен, үйдегі сықыған кітаптардың арасынан сол мықтылардың бірі Есенғалидың Шәмші туралы өлеңі басылған кітабын тауып ап, жұмысыма әкеп қойдым. Ойым — өзіне арналған өлеңді Шәмші ағаға оқып беру.
«Король» атанған көкем көп күттірген жоқ. Өңірінде «Ленин комсомолының лауреаты» деген төсбелгісі жарқырап, кабинеттің төріне оза берді. Қасында ақын Жақсылық Сәтібеков бар. Мен Есенғалидың кітабын суырмадан шығарып, үстелімнің үстіне қойдым.
— Аға, мына кітапта Сіз туралы бір өлең бар екен, оқып берейін бе?
Менің көмейімнен күмілжіңкіреп барып шыққан сөз әсер етті ме, жәй күндері де жылы жүзді Шәмші ағаның өңінде ерекше бір мейрім пайда болып қасыма келді. Кітапты ұстап, мұқабасын көріп, «әдемі екен» деп қойды өзіне ғана тән қарлығыңқы үнімен.
— Қане, оқышы, — деді сосын.
Өлең ұзақтау еді. Бірақ ойнақы, жылы, сөздері де көркем кестеленгендіктен ұзақтығы онша білінбейтін. Мен де ұлы сазгерді жалықтырмау үшін барымды салып, көркемдеп оқып бақтым.
БАҚЫТ ҚҰШАҒЫНДА
Ол кезде басқа ел деген,
Бұл сөзім шын деп ұғыңыз…
Бесігін қыдыр тербеген,
Берекелді үйдің бірі — біз.
Жүреді әжем «құрғырлап»,
Асыр да салып жатамыз.
Білдірмей келіп, бір күнде-ақ,
Бойжетті екі апамыз.
Монтиған өңшең ботақан,
Көреміз пана оларды.
Сол жазда менің екі апам,
Бір әнге әуес боп алды:
«Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматыда жаңа жауып, жауа жауып басылған».
Жауатын жиі жаңбыры,
Алматы ол не? Қала ма?
Билей ме онда барлығы?
Бәріде жұмбақ балаға.
Кімдікі мынау бөлек ән,
Самалы басқа, сазы өңге?
-Үкіметтікі, — деді анам,
-Ұқсайды, — деді әжем де.
Екі қыз елең етпеді,
Жақпайды-ау, әсте, дау мына.
-Шәмшінің әні, — деп мені,
Басқан-ды бірі бауырына.
Қашты да кетті ертесін,
Ән болды ғажап, міне, бұл.
-Мен жамылам, — деп, — көрпесін,
Таласып жаттық кілең ұл.
Айтты да аз күн сол әнді,
Келер жыл көктем шығарда,
Кіші қыз тағы жоғалды,
Не болды, ей, тегі, бұларға?!
Жылады қимай шешеміз,
Ал әкей сыртқа жөнеді.
Тып-тыныш едік кеше біз,
Кім өзі Шәмші дегені?
Қапа боп «қатал» әншіге,
Қыс өтті, көктем оралды.
Өкпелеп жүріп Шәмшіге,
Өзім де салдым сол әнді.
Еске алсам бала шағымды,
Күлемін іштей осы күн.
Екі апам – екі үй кәдімгі,
Тербеген қыдыр бесігін.
«Ағалап» көп ұл қосыла,
Шығады алдан күлімдеп.
«Ел болмас жиен» осы ма?
О, тәубе, — деймін, құдырет!»
Саламыз әнге тағы біз,
Ол әннің, досым, бар сыры.
…Отырып алып бәріміз,
Мақтаймыз сосын Шәмшіні.
Әдемі әңгіме сияқты оқиғалы өлеңге Шәмші аға да разы болды-ау деймін, тіпті, кей тұсына жымиып күліп те алды. Сосын:
-Өзің жаздың ба?- деді маған да ұнай бастаған қарлығыңқы даусымен. Сол дауыс әлі күнге дейін құлағымда тұр.
-Жоқ, — дедім, — Есенғали деген ақын бар Алматыда, соның өлеңі, сіз туралы болған соң кітабын әдейі үйден әкеп, оқып беріп жатқаным ғой.
— Пейіліңе рахмет, айналайын. Жақсы ақын екен, менен сәлем айтарсың.
Жадап-жүдеп жүрген адамға жылы сөз де ем, жылы лебіз де шипа. Шәмші аға сол жолы Есенғалидың өлеңін тыңдап бір марқайып қалды. Бір қызығы, мен бұл жайлы Есенғалиға осы күнге дейін айтқан емеспін. Ағалап барып, айтайыншы-ақ дейсің. Бірақ Алатаудың баурайындағы бағасы қымбат маңғаз үйлер сияқты маңына жолай алмайсың. Бірақ, мен үшін ең бастысы, Шәмші аға өзі жайлы жазылған жақсы өлеңді өзінің көзі тірісінде тыңдап кетті мына жалған дүниеден.
ШӘМШІНІҢ БАТАСЫ
Жақсылық аға екеуміз ақылдаса келіп газеттің соңғы бетінің бір бұрышын «Жауқазын» деген атпен балаларға арнағанбыз. Оны өлең, тақпақ, әңгіме, ертегі, жаңылпаш, сурет сияқты дүниелермен «толтыратын» мен. Бірде екі-үш күн жоқ боп кеткен Жақаң Шәкең екеуі олжалы оралған аңшылардай қуана кеп тұр. Жақаңның жақсы қасиеттерінің бірі, өзіне берілген еркіндікті уақыт өлтіруге емес, газет мүддесіне, оқырман пайдасына жұмсаушы еді.
-Бұл жолы Шәкең екеуміз сенің «Жауқазыныңды» да ұмытқан жоқпыз, — деді Жақаң қулана жымиып.
Жақаңның бір ауылдан жас жазушы, ақын, суретші немесе композитор «тапса», өстіп қуанып келетін әдеті бар. Шәмші аға екеуі, жүргенге жөргем ілінеді дегендей, сол дәстүрлерімен ел аралап жүріп бұл жолы Мақсат деген «композитор» баланы тауып кепті. «Композитор» дегенді тырнақшаға алып отырған мен, ал Шәкең мен Жақаң болса «бала Бетховенді» кездестіргендей шат-шадыман еді. Тапқан таланттарын тамсана мақтап болған соң газет суретшісіне әннің нотасын түсіртіп, баспаханаға «клише» құйдыртты. О кездегі баспаханаларда «клише» деген болатын. Сөзін сүйкектетіп Жақаңның өзі жазып шықты. Тұсаукесер лебізін Шәмші аға түйіндеді. «Жауқазынға» жарқ ете қалған сол дүние мынау еді.
«Жолың болсын, жас ұлан!
Өмірде жастайынан ән-күй шығара бастаған адамдар аз емес. Оған бірнеше мысал, дәлелдер келтіруге де болады. Жолым түсіп Мақсаттың үйіне бара қалып едім, өзінің төртінші, бесінші кластарда оқып жүрген кезінде шығарған бірнеше әндерін домбырасына қосылып орындап бергені. Бұлар оның музыкалық қабілетінің зор екендігін аңғартты.
Мақсат қазір Жамбылда, 6 класта оқиды. Осы құйтақандай кезінің өзінде оннан астам ән шығарған және олар көңіл толарлықтай, жүрекке қонымды болғандықтан әндерінің біреуіне ақын Жақсылық Сәтібековке сөз жаздырып, Мақсатқа сәт сапар тілеп, сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Шәмші Қалдаяқов,
композитор.
ҰСТАЗЫМДЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМ БӘРІНЕН…
Сөзін жазған Жақсылық Сәтібеков,
Әнін шығарған Мақсат Жанқұлиев.
Адамзатқа сәулесімен көкте күн,
Сыйлайды екен өмірдің шын көктемін.
Күн нұрындай аямайтын шуағын,
Маған ыстық көрінеді мектебім.
Қадір тұтар алтын ұя – мектебін,
Мектебінің абыройға жеткенін.
Ойлайтұғын, жақсы оқитын ылғи да,
Мектебімде достарым да көп менің.
Көңілі – аспан, әрі мөлдір, әрі кең,
Ұстазымды жақсы көрем бәрінен.
Сондықтан да қуантамын мен оны,
Өзіне арнап жазған тұңғыш әніммен.
Бұл — 1988 жыл болатын. Бірақ мезгіл жаз ба, қыс па, күз бе, көктем бе есімде қалмапты. Сол Мақсат баланың бүгінде қайда, нендей кәсіптің соңында жүргенінен бейхабармын. Композитор болды ма, әлде басқа мамандық иесі атанды ма, маған ол да жұмбақ. Бірақ, ең бастысы, ол — бала кезінде анау-мынау емес, ең ұлы сазгерге әнін тыңдатып, ақ батасын алды. Бұл ешкімнің басына қона бермейтін бақ.
АРАҚТЫ… «ЖЕРЛЕУ»
Қазақтар мен дүнгендер аралас тұратын Жалпақтөбеден өткен сайын ұзын жолдың Талас өзеніне қарай бұрылатын иініндегі үйге көзім түседі. Жақаңның «Біздің Шәкең Дунгановкадан қатырып тұрып үй соғып жатыр…» дейтін үйі осы. Бітіре алмай кеткесін, біреу сатып апты. Бірде алматылық кәсіпқой фототілші Асылхан Әбдірайымовты ертіп апардым. Суретке түсіріп алды. Міне, содан бері оншақты жыл тағы да зулап өте шығыпты.
Жақында сол үйді Шәкеңнің досы, дүнген азаматы Илья Гашизов екеуміз сыртынан барып көрдік. Шәкеңнің өзін көргендей сүйсініп ұзақ қарап тұрдық үйге. Үйдің жаңа қожайыны, абырой болғанда, Шәкең қалаған іргетасқа тиіспепті. Бірақ іргетастың үстіне қатырып тұрып үй салыпты. Сосын Шәкең салған гаражды да бұзбаған. Бұзбағаны да жақсы болған. Өйткені Шәкең осы гаражда тұрып, осы гаражда шығармашылықпен айналысқан. Кім біледі, бәлкім, «Мойынқұмда ауылым», «Фосфорлы Жамбыл» және «Дүнген қызы» сияқты тағы басқа да әндері осы гараж ішінде дүниеге келген шығар. Шәкең ауруына байланысты жаңадан сала бастаған үйін иесіз қалдырып кеткен кезде, ұры түсіп, артында қалған қағаздары көпке дейін шашылып жатыпты осы жерде. Бүй деп Илья аға айтты маған.
-Бір жолы кешкілік үйіне барсам, гараждың қасындағы «тапшанның» үстінде құрулы тұрған масахананың ішінде Шәкең жатыр. Қазанның қара суығы білініп қалған кез. Оның үстіне қазақтар ырымдап «кешкі беймезгіл уақытта ұйықтамайды» дейді ғой. Көңілім бірдеңеден секем ап, тіпті, шошып кеттім десем де болады, «Шәке, тұрыңыз, неғып жатысыз бейуақта?» десем «жәй әшейін жатырмын» дейді. Сөйтсем аурып қапты. Өңі сынық. Дереу інім Османды шақырып алдым. Бірақ кешке салым Шәкеңнің ауруының беті күшейіп, інім мен Әуез деген досы екеуі ұлы сазгерді ауруханаға алып баруларына тура келді. Сөйтсек, мына сорақылықты қараңыз, дәрігерлер Шәкеңді ары-бері қараған бопты да: «орын жоқ, үйіне алып кетіңдер» депті. Мен дереу ініме Шәкеңнің досы Тұйғынбектің телефон нөмірін беріп, дәрігерлердің Шәкеңнің жанына араша түсуін айтуын өтініңдер деп ақыл-кеңес бердім. Міне, осыдан кейін Тұйғынбек Темірбеков дәрігерлермен сөйлесіп, Шәкеңді әуелі коридорға, одан кейін палатаға «көшірді», — деген композитордың дүнген досы Илья көзіне жас алып.
-Ілеке , — деймін менің де көңілім босап, — Шәкеңнің туған інісіндей боп кетіпсіз. Анаңыз да Шәкеңді туған баласындай көріп, «өмір бақи тату боп жүріңдер, айналайындар» деп батасын беріпті. Шәкең ағаңыздың мінезі қандай еді? Қандай қасиеттері есіңізде қалды?
— Е, несін сұрайсың. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген рас екен. Қадірін білмедік қой. Шәкең жарықтық, «Илья, сенің үйіңе мені іздеп әлі талай адам келеді» деуші еді. Осы күні қайран қалам, айтқаны айдай ақиқатқа айналды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Шәкең туралы білгісі кеп іздеп кеп жатқан адамдар көп. Бәрі «Шәмші қандай еді?» деп сұрайды. «Тұтынған заттары бар ма?» дейді. Тіпті, көзіндей көріп жүреміз деп «Жигулиінің» ескі темір бөлшектеріне дейін ап кеткендер де болды.
Илья аға қатты күрсінді. Шәмші екеуі танысқан кезді есіне алды жыламсырап. Ілекең ол кезде Талдықорған облысындағы Панфилов ауданындағы ішкі әскер қызметінде жұмыста екен, әкесі қаза боп елге кепті. Елге келсе үйінде Шәмші жүр дейді. Анасы көп бала тапқан алтын құрсақты кеңпейіл кісі, сол балаларының біріндей ғып Шәмшіні де бауырына басқан.
-Шәкең қалап кеткен іргетас пен гаражды өзім-ақ сатып алсам ба деп ойлағам о баста. Бірақ ақшам болмады. Өйткені бұл үй мен үшін өте ыстық. Оның үстіне Шәкең үйінің іргетасын қалауға, гаражын салуға Осман деген інім өте көп көмектесті. Әлі есімде, бірде Шәкең маған үйінің іргетасының күнбатыс жағын көрсетіп «мына жерде арақ бар» деді. Сөйтсем, өзіне көмектесіп жүрген Әуез деген жігітке екі бөтелке арақ алдырып, «мен арақпен қоштастым» деп өз қолымен жазып, әлгі арақтарды іргетастың астына өз қолымен терең ғып көміп тастапты. Әзілқой еді ғой жарықтық, «арақпен біржола қоштасып, жерлеп тастадым» деп, күлетін. Сосын іргетастың басқа бір шетін нұсқап, «мына жерде менің суретім салынып, аты-жөнім жазылған мәрмәр тақтайша көмулі жатыр» деді. Оны да Шәкеңнің жанкүйерлері жасатып берген сияқты. «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар» деген. Бір замандарда жердің бетіне шығып, тауып алған адамдар болса «е, кезінде дүниеден осындай азамат өткен екен ғой десін» деп қояды тағы да қалжыңға бұрып. Міне, қазір солар мына үйдің іргетасының астында жатыр…
Илья ағаның жүзіне қарасам, сазгер қолының таңбасы қалған үйді қимағандай көңілі қатты құлазып тұр екен.
ШӘКЕҢНІҢ… ШАХМАТЫ
Суыртпақтап сыр тарта бесең, «инсульттен кейін память онша емес» деп, орысша-қазақша араластырып сөйлеп қоятын Илья ағаның да біразға жететін әңгімесі бар.
-Есімде қалғаны — Шәкең жастықты қолтығына қысып, көрпешенің үстіне жамбастап жатып ап, қызылдап демдеген шәйді шым-шым ыстық күйінде ішкенді өте жақсы көретін. Одан кейін… темекіні өте көп шегетін. Кейін «қойды» деп жазып жүр ғой. Ал мен көрген кезде… бір әңгіме үстінде бірнеше темекіні түтінін бұрқыратып шегіп тастайтын. Былайша айтқанда, аузынан сигарет түспейтін. О кездегі моды «Прима» деген сигарет болатын. Егер «Прима» жоқ болса, «Қазақстан» сигаретін шегетін. Кейде «Шәке, осы темекімен де қоштасаңызшы» дейтінмін.
-Ілеке, сөзіңізге қарасам Шәкең туған ағаңыздай боп кеткен сияқты…
-Туған ағамнан да артық боп кетті. 1981 жылы әкем қаза болып, елге келдім дедім ғой. Сонда әкемді жерлеп, жетісін беріп апта бойы жүргенде Шәкең де бізбен бірге болды. Сонда анам өзімнен үлкен ағайым бар, одан кейін тағы екі інім бар, Шәкең бар бәрімізге жерге қаз-қатар төсек сап беретін. Үлкен ағайым мен Шәкеңнің жастары қарайлас. Бірақ анам бізге «Шәмші бәріңнің ағаларың болады» дейтін. Шәкең үй саламын дегенде, Осман деген інімді қасына қосып берді. Шәкеңнің үйінің жанынан ол да үй салды. Осман екі үйдің құрылысын қатар жүргізді десе де болады. Бірақ, өкінішке қарай, Осман жастай қайтыс боп кетті. Осман мен Исмайл деген екі інім Рәзия мен Әсия Шаняевалар деген апалы-сңілі қыздарға қатар үйленіп, қатар той өткізгенде Шәкең той төрінде отырды. Ұлы композиторды ортаға алып түскен суретіміз де бар.
-Ағаңыздай боп кеткен екен, «көке, жалғыздық құдайға ғана жарасқан, өзіңіз ән арнаған дүнген қыздарының біріне үйленіп алмайсыз ба?» деп айтқан жоқсыздар ма?
-Жоқ. – Илья күліп жіберді. – Біз ардақты ағамызға ондай сөзді айта алмайтынбыз. Бәріміз де «ренжітіп алмайық» деп, Шәкеңнің қас-қабағына қарайтынбыз. Бірақ бірде үлкен ағайым ретінде еркелей сөйлеп: «Шәке, Алматыдағы жеңгей мен бауырларымызды әкеп таныстырмайсыз ба?» деудің қисынын таптым. Шәкең «мақұл» деді. Мен мұны «Шәкең балаларын әкелем деп айтты» деп шешеме қуана жеткіздім. Анашым «Жақсылап күтіп алайық онда» деп дайындалды. Бір күні жеңгеміз Жәмилә мен екі ұлын ертіп келді. Олар біздің үйде екі-үш күн қонақ болып қайтты.
Шәкеңнің тағы бір қасиеті — шахматты жақсы ойнайтын. Бір жолы үйге дүкеннен шахмат тақтасын сатып алып келді де, «Илья, мен дүнген балаларының карта ойынына әуес боп бара жатқанын байқап жүрмін, ол жақсы өнер емес, келіңдер, одан да мен сендерге шахмат үйретейін» деді. Шәкеңнің арқасында содан бастап ауыл жастары шахмат ойнауға әуес боп алды. Кейін Шәкең сол шахматын «көзіңдей көріп жүр» деп біздің үйге тастап кетті. Шәкең, шіркін, өте ақкөңіл азамат еді ғой, менің анамды туған анасындай жақсы көрді. Бір жолы анамның көк пальтосын Шымкент қаласына алып кетті де, соған елтірі жаға тіккізіп алып келді. Анам Шәкеңнің перзенттік ілтипатына қатты риза боп, сол пальтоны мұндаға дейін киіп жүрді.
САРА ДАУЗОВАНЫҢ ТІЛЕГІ ҒАНА ЕМЕС…
Жалпақтөбе аулының іргесіндегі Солнечный кентіндегі №34 мектепке Шәмшінің есімін беруді жалықпай сұрап жүрген бір жақсы адам бар. Ол – Сара Манкизқызы Даузова деген дүнген әйел. Солнечныйдағы ұлттар мен ұлыстардың бір топ өкілдері қол қойып, қолдаған өтініш пен қажетті құжаттардың бәрін ол Тараз қаласының әкіміне тапсырыпты. «Шәмші аға кезінде біздің үйдің де қонағы боп, қолымнан шәй ішіп еді» деген Сара енді оң шешімді ғана күтіп отыр. Сонымен бірге, бір қауым елдің Шәмші Қалдаяқовтың «ақырғы аялдамасы» болған гараж қасындағы іргетас үстіне тұрғызылған үйді қазіргі қожайынының келісімімен сатып алып, ұлы композитордың музей-үйінің дүниеге келуіне бас болса деген игі тілегі де бар. Ол музей үй – Шәмші әндерінің елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан кезекті бір республикалық фестивальге тарту болса, тіпті, нұр үстіне нұр болар еді. Демек, соңғы сөз, дұрыс шешім өнерді де, өнер иелерін де құрметтей білетін білікті басшылардың құзырында. Музей мәселесі — мәдениет пен руханиятқа демеуші боп жүрген меценаттардың да қолынан келетін шаруа. Ал жақсы іс жедел қолдау тауып жатса, республика халқынан сүйінші сұрауға біз дайын.
***
Кейде ығай мен сығайлар Шәмші ағаның «Дүнген қызы» әніне қол соғып отырған кезде менің ойыма Жалпақтөбедегі Шәмшіден қалған үй оралады. Көнетоздау гаражы есіме түседі. Шәкеңнің мәшинесіне ғана емес, өзіне де баспана болған қасиетті құтхана да бұзылып кетпесе екен деп қамығам.
Ол да тарих қой. Еуропалық зиялылар кезінде Моцарттың моласы тұрмақ, мүрдесін де таппай, қапа боп қалған жоқ па? Оған қарағанда қазақтың Шәмшісінің артында үй де, ұрпақ та қалды емес пе? Ес болатын еңсегей бойлы ерлері ше?!. Елі ше?!.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.