144 рет оқылды

Дмитрий Бивол Ресей азаматы бола тұрса да Канеломен болған жеңісті жекпе-жегіне Ресейдің мемлекеттік символикасымен шыққан жоқ.

Бірақ ол рингке қарай жүретін жолдың іші (туннель) қиықша оюларға ұқсас кескіндемелермен қып-қызыл боп жарқырап тұрды. Ал оның аржағынан Қырғыз Республикасының Туы мен оның ортасындағы шаңырақ бейнесі және оны айнала орналасқан күн шапақтары көрініп қалды. Рингтегі анонсер де жанкүйердің бәрі Ресей боксшысы деп жүрген оны «Калифорниялық боксшы» деп қазіргі кезде тұрып жатқан жері бойынша таныстырды.

Бұл не жұмбақ сонда? Жекпе-жекті ұйымдастырушылар Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты Диманың Ресей Туы астында жекпе-жекке шығуына тиым салды ма? Әлде,  Ресей Туы астында өнер көрсетуден Биволдың өзі бас тартты ма? Мүмкін, Америка азаматтығын алайын деп ойы бұзылып жүрген шығар…

Жекпе-жекті таратуға жауапты режиссерлер де көрермендер арасынан да Ресей Туын желбіретіп отырған жанкүйерлерді көрсетпеді. Әлде олар аренада болмады ма? Бірақ, жоқ дегенде оншақты орыстың болмауы мүмкін емес қой.

Ендігі ой «Ресей билігі Санкт-Петербургтің тұрғыны, Ресей азаматы Дмитрий Биволдың бұл әрекетін қалай қабылдар екен?» дегенге алаңдаулы.

Не десек те, Биволдың бұл жекпе-жегі тосын сыйға толы болды. Оның біріншісі — осы уақытқа дейін «жеңілмейді» деп жер-көкке сиғызбай мақтап келген Канелоны ұпай санымен таза жеңсе, екіншісі — ең абыройлы, ең айтулы, ең мықты жеңісінің салтанатына өз мемлекетінің Туын араластырған жоқ.

Дмитрий Биболдың әкесі молдован. Егер соңғы кезде Молдован елінің шекарасы жақтан да көңілді күпті етерлік ақпарттардың там-тұмдап жете бастағанын ескерсек, онда мұның сыры со жақта ма, кім білсін? Биволдың өзі журналистің туға байланысты сауалына ештеңе демеді.

Ал Канело болса Мексиканың ұлттық туын желбіретіп шықты. Халиско штатындағы Гвадалахараның тұрғыны екені де айтылды.

Меніңше, Биволдың таңғаларлық жеңісімен бірге алдағы тәуліктерде осы мәселе де көп сөз болады-ау. Өзі бір ауыз сөзімен нүкте қоймаса.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.