15 рет оқылды

Naizaer

29 сәуір 2025.

Әлемге Грейг қызғалдағының атамекені ретінде танылған Жамбыл облысы жауынды көктемде қызыл кілемге оранғандай құлпырады. Сәуір-мамыр айларында өңірдің жазиралы даласы алқызыл, сары, қызғылт түсті қызғалдақтармен көмкеріліп, табиғаттың ғажайып көрінісін сыйлайды.

Табиғат ананың облыстағы елден ерек осы сый-сияпатын елдікті таныту мақсатында 2-3 мамыр күндері Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Талас ауданына қарасты Есейхан ауылындағы Қаратау тауының бөктерінде «Қызғалдақ мұра» халықаралық фестивалі ұйымдастырылатын болды.

Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев фестиваль аясында өтетін іс-шаралар жоспарымен бөлісіп: «Фестивальдің мақсаты – Жамбыл облысының туристік әлеуетін арттыру, қызғалдақтардың табиғи өсу ортасын сақтау және мәдени мұраны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу болып табылады» деді.

Халықаралық деңгейдегі шараға Алмания, Украина, Түркия, Қырғызстан, Ресей, Иран және Голландиядан келген шетелдік қонақтар қатысады деп күтілуде.

Екі күндік фестиваль аясында ғылыми конференция, өсімдік әлемінің әуесқойларына арналған шеберлік сыныптары, ұлттық спорт ойындары, сән көрсетілімі, қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді.

Конференцияда әлемнің белгілі ғалымдары, сарапшылар, ботаника, экология, жаратылыстану ғылымдарының мамандары, шетелдік және отандық зерттеушілер қызғалдақтарды бірегей мұра ретінде сақтау және оларды қорғау мәселелерін жан-жақты талқылайды. Конференция қонақтары үшін тарихи-мәдени нысандарға экскурсия ұйымдастырылады.

Нидерланды, Қырғыз Республикасының және өңірдің жетекші флора әуесқойлары қатысушыларға гүл шоғын жасау өнерінің қыр-сырын үйретіп, тәжірибелерімен бөліседі. Сонымен бірге олар достастық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қояды. Бұл бастама елдер арасындағы гүл өсіру мәдениеті мен шығармашылықтың берік негізін қаламақ.

Табиғат аясында ұлттық спорт түрлерінен сайыстар өтеді. Атап айтқанда, аударыспақ, қазақ күресі, қошқар көтеру, қол күресі, дәстүрлі садақ ату, арқан тарту, асық ату, тазы иттер жарысы бойынша жеңімпаздар белгілі болады.

Сән көрсетілімі «Қызғалдақ сәні» тақырыбына арналады. Жергілікті 14 дизайнер заманауи және ұлттық нақыштағы сән үлгілерін көпшілік назарына ұсынады.

Сондай-ақ «Қымызмұрындық» рәсімі аясында «үздік бие сауушы» анықталады. «Қазық қағу», «Бие байлау» дәстүрлері дәріптеліп, «Қымыз ашыту» бойынша шеберлік сағаты өтеді.

100 қолөнершінің қатысуымен 20х10 метрлік қызғалдақ бейнесі салынған киіз басылып, Қазақстанның КИНЭС рекордтар кітабына енгізілмек.

Облыс тұрғындары мен қонақтары үшін тамақ пен сусын сатылатын фудкорт ұйымдастырылады.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.