3 рет оқылды

Ауылдың әлеуетін арттыруда шағын кәсіпкерлікті дамыту – басты міндеттердің бірі. Ауылда наубайхана, шаштараз, шеберхана, тұрмыстық қызмет көрсету орындарын ашуға мүмкіндік бар. Мұндай кәсіп ашқан адам өз отбасын асырап қана қоймай, ауылдастарына да жұмыс береді.

Ауылдың тынысын жақсы білетін ауылдық округтің ақсақалдар кеңесінің төрағасы Темірбек Баяқов елді мекеннің өркендеуі мемлекеттің қолдауымен қатар, ауыл әкімінің іскерлігіне де байланысты екенін айтады.

Шынында да, Қызыләуіт ауылдық округінің әкімдігі тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру үшін маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Әкімнің бастамасымен ауыл шаруашылығын қолдауға арналған түрлі бағдарламаларға өтініштер беріліп, тұрғындарға жеңілдетілген несие алудың шарттары кеңінен түсіндірілуде.

Солардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Айта кетейік, бұл бағдарлама 2022 жылы алғаш рет өңірде пилоттық жоба ретінде басталып, кейін бүкіл елге таралды. Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындарына жылдық 2,5 пайызбен 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін жеңілдетілген несие беріледі. Несиені әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар береді. Бағдарламаға жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары және ауыл шаруашылығы кооперативтері қатыса алады. Мал басын көбейткісі немесе шағын кәсібін ашқысы келетін ауыл адамы үшін бұл – тиімді мүмкіндік.

Қызыләуіт тұрғындары да бұл мүмкіндікті тиімді пайдаланып келеді. Жобаның кәсіпкерлікті дамытуға арналған бесінші бағыты бойынша 2025 жылы екі азамат несие алып, бірі жиһаз жасауға арналған құрал-жабдық, екіншісі нан пісіретін пеш сатып алды.

Екі жобаның жалпы құны – 13 миллион теңге. Бүгінде олар өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Ауылдың өзінде нан пісірілуі тұрғындарға жаңа піскен нанды күнделікті жеткізсе, жиһаз жасау кәсібі қажетті бұйымды алыстан іздеп әуреленбеуге мүмкіндік береді.

Биыл тігін машинасын сатып алу үшін тағы бір кәсіпкер несие алды, жоба құны – 4,5 миллион теңге. Сонымен қатар жылыжай шаруашылығын дамыту мақсатында 6 азамат өтініш білдірді.

Қазіргі таңда олардың үшеуі қажетті несие қаражатымен қамтамасыз етілді, қалған үшеуінің құжаттары қаралуда. Жылыжай шаруашылығы – жыл бойы табыс әкелетін кәсіп. Ауылда кәсіп ашылса, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Ал жұмыс бар жерде жастар туған ауылынан кетпейді.

Қызыләуіт ауылы,

Талас ауданы.

 

«Тараз» ӘКК» АҚ»

баспасөз қызметі.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру