Ертең, 8-мамыр күні Лас-Вегастағы (АҚШ) «T-Mobile Arena» кешенінде мексикалық кәсіпқой боксшы Саул Альварес пен ресейлік жас пері Дмитрий Биболдың (Биволды неге Бибол деп жазғанымды соңында айтам) арасында WBA нұсқасының чемпиондық атағы үшін қырғын шайқас болайын деп тұр.
Сары бала Сауль Альварестің кәсіпқой бокста жүргеніне 16 жыл болды. Ол осы уақытта 57 рет жеңіске жетіп, 1 мәрте жеңіліске ұшырады. 2 рет тең түсті. Төрт салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы. Өткен жылы 6 қарашада америкалық Калеб Плантты техникалық нокуатпен жеңді. Головкинмен арасындағы даулы жекпе-жектер тарихын мен айтпасам да білесіздер. Сондықтан Канело бұл жекпе-жекке де «тек қана жеңіс» деп келіп отыр. Жеңсе де, жеңбесе де, тең түссе де алатын 15 миллион АҚШ доллары тағы бар.
Ал Дмитрий Бибол ше? Ол Ресейдің кәсіпқой жас боксшыларының бірі. Кәсіпқой бокстың қызығы мен шыжығын көргеніне жеті жылдан асты. Осы уақытта ол 19 рет жеңіске жетті. Әрине, жаман емес. Оның үстіне бір де бір рет жеңілмеген. WBA нұсқасының әлем чемпионы. Ертең дәл осы чемпиондық белбеуі сынға түседі. Канелодай қызыл қасқырмен жекпе-жекке шығу Биболға 2 миллион АҚШ долларындай пайда әкеледі. Егер транцлияциядан және тағы басқалардан түсетін проценттерін қосатын болсақ, онда табысы 4 миллионға барып қалады-ау. Өткен жылы 11 желтоқсанда Умар Саламовты төрешілердің шешімімен жеңген.
Міне, осы жерде «төрешілердің шешімімен» деген сөзімізге байланысты ойымызды айта кетсек, Дмитрий Бибол ылғи нокаутпен жеңетін «жұлдыз-боксшы» емес. Ұрыс тәсілі де, бойының ұзындығы да, салмағы да біздің әуесқой бокстың мықтылары Аманхан Әбілхан, Асланбек Шымбергеновтерге келеді. Бірақ мұндай ұрыс тәсілімен басқалардан бір бас жоғары тұруға болар, ал бірақ Канелоны жеңе алмайды-ау. Әрине, оп-оңай жеңіле де салмайды. Қолының ұзындығы бар, бүйірден, иектен, жақтан, тұмсықтан ұратын тағы басқа керемет соққылары бар, сосын әдемі қорғанысын, техникалық шеберігін ескерсек, «Канело-жиренге» Биболды «алу» үшін біраз тер төгуге тура келеді.
Есеп тең аяқталуы да мүмкін. Егер өзіне жақындатпай алыстан ұрыс сап, тиіп-қашып жүріп ұпай жинаса, Биболдың бағы жанып, ұтып кетуі де бек мүмкін. Әй, бірақ осы жолы қырғыз елінде туған Дмитрий бала жеңілістің алғашқы ащы дәмін татады-ау деп те алаңдаймын.
Айтпақшы, Дмитрий Бивол Қырғыз елінің Тоқмақ шаһарында туған. Екі мыңыншы жылдардың басында (2006) Санкт-Петербургке әке-шешесімен бірге қоныс аударып, сол елдің азаматтығын алған. Түріне қарасаң таза орысқа ұқсамайды. Қараторы өңді. Содан ба, Бивол деген фамилиясы есіме қазақ пен қырғыздың «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген баталы сөзін түсіре береді. Бивол, Бибол. Кеп тұр ғой…