Бекер-облы не керек, Түркия елі Қазақстанның тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған мемлекет. Түрік қардаштардың біздің елді «Атажұртымыз» дейтіні де ақкөңілдерінен шыққан тебіреніске толы шын сөзі.
Кейбір елдерден Қазақстанға қарата қоқан-лоққы сөздер айтатын саясаткерсымақтар құлақтарын қылтита қалса, Түркия азаматтары жанашыр сөздерін алғашқылардың бірі боп айта бастайды. Ол да рас.
Жақында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің Түркия еліне екі күндік сапары кезінде бұл сөз іс жүзінде дәлелденді. Түркия Президенті Реджеп Эрдоған қазақтарды «қандастарым», «бауырластарым» деп атап тұрып айтып, сол қазақтардың елінің тұтастығы, тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін жауапкершілікті мойнымызға аламыз деген мағынада шын жүректен тебірне сөйлеуі де естіген жанды елжіретті. Әуеден барлау жасап және соққы беретін аппараттарын Қазақстанда құрастыруға келісім-шарт жасасуы да осы тонның ішкі бауындай бауырластығымыздан деп сезінеміз. Бірақ…
Бірақ «Тірегіміз — Түркия!» деп қарап отыра бермей, біздің Үкіметке де бұдан былай қарай белсенді әрекет ете бастауы керек. Үкімет мүшелерінің мемлекетшілдік, отаншылдық тұрғыдағы ойлары мен мақсаттары, оларды жүзеге асырудағы әрекеттері халқының ойынан әлдеқайда алда жүруі тиіс. Кеңес өкіметі мен Ресейдің қару-жарақтарының бәрінен бас тартып, Түркияның «Анкасын», «Байрактарын», АҚШ, Британия, Германия, Жапония, Қытай сияқты т.б. озық елдердің қару-жарақтарын, әскери ұшақтарын көптеп сатып алу керек. Әскери жаттығуларды да сол елдермен бірге өткізген дұрыс. Украина әскерінің қорғаныс кезіндегі қаһармандығынан, өліспей беріспейтін өжеттігінен де үйренетін нәрсе көп.
Әскери өнеркәсіпті де, машина жасау өнеркәсібін де, жеңіл технология мен тамақ өнеркәсібін де, мал шаруашылығы мен егін, бау-бақша шаруашылығының іс-тәжірибесін де, олардан сапалы өнім алу, оны өткеруді де осы елдерге қарата бұрған жөн. Халықарылық сауда жолдарының бағыттарын өзгерткеннің де зияны жоқ екеніне көз жетті. Бұрынғы жолдар сол күйі қала берсін,»онымен жүрме, онымен өзге елге барып, сауда-саттық жасама» деп отырғанымыз жоқ, бірақ Түркияға, Еуропаға тікелей шығатын әуе жолдарына, тас жолдарына, темір жолдарға және Каспий теңізі арқылы теңіз жолдарына басымдық берген ләзім.
Ел жастарын өнер мен білімге, ғылымға, техника мен технология жетістіктеріне, өнертапқыштыққа баулуға да, міне, осы елдердің оқу орындары арқылы қол жеткізген абзал.
ҚР солтүстігі мен шығыс өңірлеріне газ құбырын тартып, үйлеріне дейін кіргізіп береміз, Балқаштың қасынан АЭС салуға да дайынбыз деген тәтті сөзге де ойлана қарайтын кез келді. Алмақтың да салмағы бар. Оның мысалын Ресей мен Еуропа арасындағы бүгінде шешілуі қиын түйінге айналып отырған кикілжіңдерден анық көріп отырмыз. «Сберді» қолдап, өзіміздің Еговтан бас тартқанымызды да ұмыта қойған жоқпыз. Оның да ащы дәмін тата жаздадық. Құдай сақтады әйтеуір.
Міне, осы мысалдарды қаперге алып, Үкіметіміз алға батыл қадам басса, нағыз Жаңа Қазақстан құратынымызға халық та сене бастайды.