Халық айтса, қалт айтпайды. Бірақ кей сөздерінің заман талабына сай келмейтін тұстары бар. Мысалы, «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» дейді. Бір жағынан дұрыс сықылды. Құм жиылып тас болмайды. Құмның тастай боп қатуы мүмкін, бірақ қанша дегенмен нағыз тастың өзі бола алмайды. Құл жиылып бас болмас дегені де рас шығар. Бірақ ол да ойландырады. Өйткені «құл» деп менсінбегендерінің ішінен де бидің сөзін, ханның ойын айтатындары шығады. Демек бұл сөз, қалай дегенде де, кезіндегі хандар мен бектердің маңайындағы «данышпандардан» шыққан сөз болуы бек мүмкін.
Қысқасы, «Қазақ елінде АЭС салдырамыз, оны Ресей салады» деген сөз шыққалы бері еліміздегі «құм» да жиылып, «құл» да жиылып («таспыз» деген депутаттардың тастай сөзін естіген жоқпыз ), өздерінің қарсылықтарын білдірді.
Бірақ «Минэнерго» министрі Акчулаков олай бұлтыңдап, бұлай бұлтыңдап, «АЭС-ті Ресей салып береді» деген өз ұстанымын тықпалаумен болды.
Бірақ біз айтқан «құм» да, «тас» та, өзі пікірлерінде қалды, Акчулаковты қолдаған жоқ.
Енді арада біраз айлар өткен соң, онда да Ресейдің өзіміз сияқты Украинаға соғыс ашып, тәуелсіз мемлекетіне басып кіріп, ең әуелі ондағы Чернобыль АЭС-ін басып алған соң басқаша сайрай бастады. Сайрамайтын да ма еді, бір кісілерден «әй, анау «құмдар» мен «құлдардың» айтып жүргендері дұрыс екен, АЭС-тің астарында анандай да бәле бар екен ғой» деді ме, әйтеуір бір кездегі сөзінен 180 граусқа жалт бұрылды.
Президентіміз Қасым-Жомарт ТоқаевтыңТүркияға сапары кезінде Акчулаков мырза сол жердегі АЭС-терді көріп, тіпті, таңдайын қаға тамсаныпты. «Росатом» деген «баймырза» Түркиядағы АЭС төңірегінде керемет істер жасап тастапты-мыс. Бірақ, Акчулаков енді «Мен әу бастан Қазақстандағы АЭС-ті тек қана Ресей салып береді дегем жоқ. Бұл жобаны жылдың аяғына дейін қараймыз. Мүмкін Қытай, мүмкін Оңтүстік Кореяны таңдармыз» деген сыңайдағы ойға бұлтарады.
Десек де Акчулаковты бұл жерде 100 пайыз қолдаймыз. Бірақ, Қытай емес, Оңтүстік Кореяң дұрыс, Акчулаков мырза! Тіпті, өте тамаша! Неге? Себебі, АЭС-ті салып беретін дамыған елдің іргеңде күн сайын қоқаңдап, ай сайын қорқытып-үркітіп «анау облыс пен мынау қала біздікі» деп отырғаны қазаққа керек емес. Қазіргі алағай да бұлғай заманда қамқоршылардың алыста болғаны жақсы. Шекаралас елдер саясаткерлерінің жерімізге көз алартып, онда да ай сайын айқай шығарғаны шекемізді қыздырмайды. Алда-жалда көршілес елдердің арасында жанжал туындай қалса, айтқан жерден аулақ, АЭС салып берген ел ең алдымен өздері салып берген АЭС-ті атқылауға немесе Украинадағыдай жаулап алуға күш салады. Сол арқылы қорқытып («Жарамыз» деп!!!) әскери күшімізді өздеріне берілуге, өздерінің капитулияциясын мойындауға мәжбүрлейді. Өйткені, қорқытаудың аржағы терең батыру, жоқ қылу.
Қазақстан халқының АЭС салуға шығындалатын 8-10 миллиард доллары ең біріншіден сол Қазақ елінің тәуелсіздігіне қауіп тудырмауы керек. Сондықтан АЭС салдырсақ шекаралас елдерден алыс, ешкіммен соғыспаса да аса қауіпті жер сілкінісі жиі боп тұратын, бірақ ешқашан мызғымайтын АЭС-тері бар (тосыннан сунами деген бәле боп кетпесе!) Жапония еліне салдырайық. Болмаса, әрине, Оңтүстік Корея таңдауы дұрыс!