4 рет оқылды

Жуалы ауданында су электр стансаларын салу қолға алынған. Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның тіршілік көзі. Ақсай өзені Талас Алатауының баурайынан басталып, Теріс өзеніне қосылатын өзен. Өзеннің тау баурайындағы ағысының арыны қатты.

Көксай өзенінің суын аудан диқандары ежелден егістігіне пайдаланып келеді. Одақ тарқаған тұста каналдың 12 километрі көрші Қырғыз елінің аумағында қалып қойып, диқандар судан айтарлықтай тапшылық көргені белгілі.

2015 жылы каналдың жаңа арнасын салуға Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе түбегейлі шешімін тапқан болатын. Одан кейін күн тәртібіне арыны қатты өзеннің суынан электр энергиясын өндіру мәселесі қойылып, оның басына су электр стансасы салына бастаған. Сөйтіп Көксай шатқалынан қуаты 18 мегаватты құрайтын шағын су электр стансасын салу қолға алынды.

Стансаны салатын инвестор табылып, 2018 жылы бұл жоба қаржыландырылған болатын. Оның құрылыс жұмысын «Қазгидрооперэйтинг» ЖШС бастап та кеткен еді. Жоба бойынша канал бойынан су электр стансасының 4 каскадын тұрғызу жоспарланған. Бүгінгі таңда бір электр стансасы тұрғызылған. Құрылысқа қажетті құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Австрия мемлекетінде жасалып, сол жақтан жеткізілген. Сондай-ақ «Жамбыл электр желілері» ЖШС тарапынан электр бағандары орнатылып, сымдар тартылған.

Өкінішке қарай, бүгінгі күні бұл жоба құрылысы тоқтап тұр. Сол сияқты «Ақсай» каналының бойынан да қуаттылығы 18 мегаватты құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы, аудан әкімдігінің №655 қаулысына сәйкес су электр станцияларының құрылысын жүргізу құқығы берілген. Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС болып табылады. Ол жобаның жалпы құны – 21 миллион АҚШ доллары.

Дегенмен бұл жобалар толыққанды жүзеге асырылмай тұр. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы табиғат көздерінен қуат алу мәселесі әлі де болса толық шешімін таппаған. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан «жасыл экономикаға» бет бұрды. Ал бұл еліміздің географиялық орналасу жағдайын, жел және күн энергиясын пайдалану мүмкіндігін, сондай-ақ мұнай және газ ресурстарының энергетикалық әлеуетін ескерсек, жалпы қажеттіліктің орнын толтыру үшін де тамаша мүмкіндік.

Жалпы еліміздің сағатына 1 триллион киловатт энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Бұған елордадағы ЭКСПО-2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс істеуге көшкенін және қосыңыз. Мұны көріпбіліп отырған сарапшы мамандар еліміздің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын толық мойындауда. Сондықтан болар, аймағымызда табиғат байлығын игеруге қызығушылық танытқан шетелдік инвесторлар қатары да артып келеді.

Бүгінде Франция, Қытай мен Ресей инвесторлары Мойынқұм, Шу, Сарысу, Талас пен Жамбыл аудандарында жұмыс істеуде. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтың айтуынша, алғашында облыста жаңартылатын энергия көздерін игеретін жалпы қуаты 2 мегаватты құрайтын 2 жел электр стансасы пайдалануға берілді. Ал 2015 жылы оның қатары 9 нысанға жетіп, 114 мегаватты құрайтын жаңа күн, су және жел электр стансалары іске қосылды. 2021 жылы қуат өндіру 387,8 мегаватты құрап 17 нысанға, ал 2024 жылы 571,3 мегаватқа жетіп, барлығы 22 нысанды құрады.

Ендігі кезекте, алдағы 2028-2029 жылға қарай облысымызда жаңартылатын энергия көздерінің саны 2,5 гигаватт қуатымен 24 нысанға дейін жеткізілетін болады. Жалпы алғанда, белгіленген барлық жобаларды іске асыру экологияға зиян келтірмей, өңірді сапалы электрмен жабдықтауға және облысты «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Президенттің сөзімен түйіндейтін болсақ, «Қазақстан электр қуатын басқа жақтан алмауға тиіс, яғни көршілес елдерге тәуелді болмауы керек». Бізде ондай мүмкіндік бар. Сол мүмкіндікті пайдалануға мүмкіндік беретін ресурс та баршылық.

Марат Құлибаев.

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру