«Ел құлағы — елу». Тelegram- каналдағы Abzan news елге етене танымал діндар Қайрат Сатыбалды туралы хабарлапты. Бірақ хабарындағы деректі бес уақыт намазын ешқашан қаза қылмай, қажылыққа барудан да, оған барам дегендерге демеуші болудан да алдына жан салмаған Қайраттың ісі деуге ауыз бармайды.
Естеріңізде болса, Қ. Сатыбалды осыдан бірнеше ай бұрын (13 наурыз) Алматыдан Дубайға ұшайын деп тұрған жерінен ұсталды деген хабарды оқығанбыз. Abzhan news жұртқа жеткізген анық-қанығы белгісіз жаңалықта сол жолы Қайрат мінген ұшақтан 1,5 миллиард АҚШ доллары табылыпты делінген. Мұны Ulysmedia.kz жазды деп қояды тағы.
Әйтеуір сайттар да, сайтандар да бір-бірімен жедел хабар алмасқан заман боп тұр қазір. Тосын хабар естімесе құлақтары тосаңданатын жұрт болса, оның рас-өтірігін айыра алмай дал.
«Әкесі өлгенді де естіртеді» дейді ғой халық. Осындайда Қ. Сатыбалдыны тергеп-тексеріп жатқаг еліміздегі ең беделді деген құқық қорғау органдары біз айтқан мәселенің мәнісін тез түсініп, Қайрат мінген ұшақтан табылды деп жатқан 1,5 миллиард АҚШ доллары туралы ақпарат рас па, өтірік пе, ақ-қарасын ашып айтып берсе дейсің.