116 рет оқылды

Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесіп, онда ол ең алдымен «еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек» деді. Риза болдық.Сосын:– Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді.Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс, — деген.

Тағы да қопаңдап, мәз боп қалдық. Неге? Өйткені істің жөнін айтып отыр.

Әсіресе:

Өңірлік билік пен аумақтық құқық қорғау бөлімшелерінің басшылары кәсіпкерлермен бірігіп, бизнесті қолдау деген сылтаумен үнемі заңды бола бермейтін әрекеттердің жүзеге асырылуына септігін тигізгені жасырын емес. Бұл – үлесті өзара бөлісіп алған деген сөз. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлыққа, көлеңкелі әрекеттерге, әкімшілік ресурстарға негізделген және тендерлер мен бюджет қаржысын оңды-солды шашуға бағытталған қазақстандық бизнестің ащы да болса шынайы бейнесін  қалыптастырды. Мұндай қылмыс түрлеріне мемлекет батыл әрі міндетті түрде жүйелі тосқауыл қоюға тиіс. Бұл – үлкен міндет. Отандық бизнестің дәл осындай сипаты тұтас мемлекеттің беделіне зор нұқсан келтіреді.  Басқаша айтқанда, елімізде ешқандай да қолдаушы тірек (крыша) пен рейдерлік болмауы керек. Егер бизнес адал жұмыс істеуге дайын әрі креативті, заманға сай сұранысқа ие болса, оны қолдау қажет. Ұлттық экономиканың жаңа моделіне енуге көмектесу керек. Біз бизнес пен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді қатаң сақтауға тиіспіз, — деген сөздерін ел білсін деп қарамен ерекшелеп қойдық.

-Соңғы бес айда прокурорлар 100 мыңға жуық кәсіпкердің құқығын қорғады. Бұл шамамен тұтас 2021 жылғы көрсеткішке жуықтайды. Аталған деректер тергеу органдарының бизнесті қылмыстық қудалауға мәжбүрлі түрде тартып жатқанын білдіреді. Бас прокуратура кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты бақылау-қадағалау, әсіресе тергеу әрекеттерін заңсыз жүргізуге жол бермеуді барынша қатаң бақылауды қамтамасыз етуге тиіс.

Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек. Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына нұқсан келтіретін күштік құрылымдар қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратураға Жоғарғы Сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын. Әкімшілік бұл мәселені бақылауға алсын.

Тепе-теңдік және тежемелік механизмдер жүйесі мен қоғамдық бақылау – осы реформаның табысты формуласы. Құқық қорғау органдары тарапынан жасалған әрбір рейдерлік әрекет немесе негізсіз қысым жасау дерегі Бас прокурордың жеке бақылауында болуға тиіс. Осындай істер соңына дейін жеткізілуі керек. Бұл жерде ешқандай корпоративтік ымыраға жол берілмеуі, тіпті сөз болмауы қажеСудьяларды іріктеу қағидаттарын жетілдірмейінше осы бағытта жасалған барлық күш-жігер тиімсіз болмақ. Қазіргі уақытта сот жүйесінде екі мыңнан астам судья қызмет етіп жатыр. Жыл басынан бері сот жүйесіне қатысы жоқ басқа салалардан келген 50-ге жуық заңгер-практик судья болды. Ілгерілеу бар, бірақ жеткіліксіз. Бұл бағыттағы жұмысты жеделдету керек.

Сот жүйесін табанды түрде реформалау қажеттігі пісіп жетілді. Бұл қажеттілік судьялар тарапынан жақсы қабылданып жатыр. Реформа өз көздеген мақсатына қол жеткізеді деп санаймын. Біз мұндай сөздерді шетелдік инвесторлардан да, еліміздің кәсіпкерлері мен азаматтарынан да естіп жүрміз. Сондықтан мен жуық арада осы бағыттағы нақты ауқымды шараларды жариялаймын. 

Мықты әрі орнықты нарықтық экономика құру үшін бәсекеге жол бермейтін факторларды анықтап, оларды жою жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Мұндай сын-қатердің астарында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімсіз рәсімдері мен оларды айқындау мәселесі жатыр. Бұл салық жеңілдіктеріне, жер телімдерін бөлуге, мемлекеттік сатып алуларға және жалпы әкімшілік реттеу жұмыстарына қатысты болып отыр, – деген тапсырмалары да тәнті еткен. 

Жиында мемлекет мүддесіне жауапты деген Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Бас прокурор Берік Асылов, Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы президиумының төрағасы Райымбек Баталов, Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов осы сөздердің бәрін тыңдап отырды. Бизнес өкілдерін айтпағанда.

Президент Қасым-Жомат Тоқаев та Президент болғалы бері ойланатын бас, еститін құлақ, істейтін қол болса,  елге қажетті сөздерді айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ Үкімет пен жергілікті жерлерде сол айтылған сөздердің нақты іске айналуы қалай боп жатыр? Айтылған сөздердің бәрі айтылған жері — Ақорданың әдемі залында қап кеткен жоқ па? Тапсырмаларды тексеріп, оны орындамағандарға лауазымды қызметінен аластауға дейінгі әкімшілік шара қолданбаса, әй, орындалмай қалады-ау осы айтылғандардың бәрі.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.