Қайран Ер Баукең! Көзіңіз тірі кезінде қызыл Кремль маршалдары Брежнев, Устиновтер Сізге Кеңес Одағының Батыры атағын бермеді. Ал өзіміздің кейбір қазақ жазушылары үстіңізден сол қызыл Кремль мен ҚКП ОК арызды қарша боратып жатты. Тіпті, Жеңістің жиырма жылдығына орай ұйымдастырылған салтанатты жиынға шақырмады. Әйтеуір Д. А. Қонаев «Бауыржан Момышұлы қайда?» деп іздемегенде, ол жерден де төбеңіз көрінбей қалатын екен. Осы фактіні жазып кеткен жазушы Бекежан Тілегеновтің жаны жәннатта шалқысын.
Ер Баукең Кубаға аттанған кезде Қазақ елінде сол Ер Баукең туралы фельетон жарық көріп, мысықтілеу бақабас бақастар «әй, бір қатырдық-ау» деп мырс-мырс күліп жатты. Ондайлар әлі де бар. Әдебиет пен өнерге, журналистикаға сұғанақ иттей сүмеңдеп келген бәлелер тума таланттарды аяғынан шалып, алқымынан алып жүргізбейді. Қанден иттердей ұйлыға топтанып алып, шәуілдеп балақтан алауға бар.
БІрақ иттердің аты иттер. Абалап-абалап қалады. Арасында аузы аңақиып тұратын кәрі төбеттері де бар.
Мұның бәрі «Бүгін Алматы метрополитенінің Сарыарқа және Бауыржан Момышұлы бекеттері іске қосылды» деген жағымды хабарды оқып, есіме түсіп отыр.
Мықтыларды бықсықтар қанша жерден жамандап, қанша жерден күйлесе де жаңа заман өз бағасын береді. Өйткені алған бетінен қайтпай, ақиқатты айтатын Баукеңдей тұлғалардың Құдайы бар.