Әуелі «Bayraktar» деген сөзге тоқталайық. Бұл кәдімгі қазақтың төл сөздерінің бірі. Сүйінбай жыраудың «Бөрілі байрақ ұраным» деп басталатын атақты жыры бар емес пе? Сондағы «Байрақ» деген сөз біздің елімізде қазір Ту, Жалау деген сөзбен алмастырылып, жазылып жүр. Ал «Байрақ» сөзі архаизмге айналып, жазу-сызу мәдениетінен шет қалып қойды. Ал түбі қазақ түріктер әлі күнге дейін Ту деген сөзді Байрақ дейді және Байрақтар — Ту ұстаушы дегенді білдіреді.
Сонымен..
Таулы Қарабақ пен Украина таулары мен бауларындағы, далалары мен қалаларындағы соғыстан соң «Байрактардың» мықтылығын әлем мойындады. Тіпті, АҚШ пен Европа да дым дей алмай қалды. Ұшқышсыз ұшатын «сұңқарға» сұғын қадағандар да көп. Әлем мемлекеттері бойынша тапсырыс та күрт көбейді. Тапсырыс көбейген соң, әлбетте, «Байрактарадың» иесінің табысы да артып, байыған үстіне байи түсті.
-Bayraktar TB2 басқыншылардың брондалған техникасы мен артиллериясына қарсы соғыста өзін өте жақсы жағынан көрсетті. Сондықтан бүкіл әлем заманауи соғыс әдіс-тәсіліне қолдануға ыңғайлы қаруға көптеп тапсырыс беріп жатыр, — дейді Ыстамбұлдағы «Baykar» компаниясының құрылтайшысының бірі Сельчук Байрактар.
«Байрактарды лазерлік қару шыбынша қағып түсіреді» деген де бекер сөз. Өйткені лазарлік қарудың отты сәулесі ұзақ қашықтыққа жете алмайды. Қуаты аз.
Жақында Литва елінің ерікшілдері 3 күннің ішінде 5 миллион евро жинап, Украина әскерлері үшін ұшқышсыз басқарылатын «Байрактар» сатып алып берді.