«Қазфосфат» ЖШС-ын былтырға дейін оның бас директоры Мұқаш Ескендіров басқарып келген. Ол химия өндірісі саласында қырық жылға жуық еңбегі бар азамат. «Осы саланы Ахметжан Есімовтің қызы мен күйеу баласы биледі» деген ұзынқұлақтың әңгімесі шыққан тұста да лауазымды қызметінен айырылған жоқ. Қайта қожайындарына қызметімен жағып, «Қазақстанның Еңбек Ері» деген үлкен атаққа ие болды.
Әйгілі спикер Н. Нығматулиннің баласының келуімен жамбылдық химияшылар іргелі кәсіпорынға ірі жаңғыртулар жүргізіледі, айлығымыз өседі, сыйлықтар беріледі деп күтті. Тараз, Қаратау және Жаңатас қалаларында жұмысшыларға арналған көп қабатты тұрғын үйлер салынады деген жоспарларды да естіді.
Бірақ биылғы «қаңтар оқиғасынан» соң бәрі өзгерді. Отызға толмай жатып RBK банкі басқармасы төрағасының орынбасары, «KAZChemicals» ЖШС басқармасы төрағасы болған Нұрхан Нұрлановты «Қазфосфаттан» кетіп қалды деген пыш-пыш шықты. «Орнына біреу келді» деген жаңалық та құлаққа жетпеді.
Бірақ бүгін жамбылдықтар «Қазфосфат» жақтан «5 жұмысшы кен майдалайтын диірменді жөндейміз деп жатып, 2 адам шығын болды» деген қаралы хабар естіп отыр.
Қайғылы оқиғаға кім жауапты? Техникалық қауіпсіздік мәселесі неге ақсап тұр зауытта? Өшірулі тұрған диірмен кенеттен неге іске қосылып кетті? «Бәрін қатырам» деп келген Нұрхан Нұрлановтың өзі қайда?
Сұрақ көп. Жауап жоқ.