101 рет оқылды

Жуалы ауданы Мәдениет үйінде «Мерейлі отбасы — 2023» ұлттық конкурсының марапаттау рәсімі өткізілді.
Марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейтхан Жұмашев, Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Нурила Малибекова қатысты.

Өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, сондай-ақ, ата-аналардың балаларды тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, отбасыларды, еңбекке қабілетсіз ата-аналарына кәмелетке толған балаларының күтім жасауын паш ету және кеңінен насихаттау — байқаудың басты талабы.

Биыл оныншы рет өткізілген байқауға қатысқан отбасылардың үздіктері жеңімпаз деп танылып, номинациялармен марапатталды.

«Өнегелі отбасы» номинациясымен — Сұрымбаевтар жанұясы марапатталды. Бұл отбасы – әке жолын жалғастырушы шаруа отбасы. Әке жолын қуып, трактор жөндеумен айналысады. Өз техникасын ғана емес, ауылдың барлық шаруа адамдарының техникасын жөндеп, алғыстарына бөленген. Сонымен қатар, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасыларға материалдық, азық-түлік түріндегі көмектер көрсетуде.

«Парасатты отбасы» номинациясымен — Әлмембетовтер отбасы марапатталды. Бұл отбасы – ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрлерді бойына сіңірген. Ауыл тұрғындары арасында беделді, абыройлы, еңбекқор отбасы. Отанасы Әсия Жарылқасынқызын көше тұрғындары «әрі сот, әрі адвокат» деп атайды. Себебі, көше тұрғындарының отбасында дау-жанжал туындаса, ақыл-кеңесін айтып, татуластырып жүреді.

«Шуақты отбасы» номинациясын — Керембаевтар жанұясы иеленді. Көпбалалы отбасы ұлттық салт-дәстүрді ұстанады. 2 ұл, 7 қызды дүниеге әкеліп, жақсы тәлім-тәрбие үйретіп, білім көкжиектерін кеңейтіп, дарынды ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған отбасы. Ұл-қыздарын ұлттық құндылықтарға баулып өсірген.
«Үлгілі отбасы» номинациясын Үсіпалиевтер отбасы иеленді. Отағасы мен отанасы өз балаларымен қатар дүниеден өткен аға-жеңгесінің 4 баласын бауырына басқан отбасы.

«Қайырымды отбасы» номинациясымен — Кенжебековтер отбасы марапатталды. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында Қошқарата ауылының тұрғынына үй алып берген. Сонымен қатар, аз қамтылған, көпбалалы отбасыларына қайырымдылық көрсетеді.

Марапатталған отбасыларға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Мерейі тасып, қуанышы артқан отбасыларға өнерпаздар әннен шашу шашты.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.