119 рет оқылды

Жуалы ауданының орталық алаңында аудан әкімі Жалғас Мұртаза «Әулиеата жауһарлары» атты тарихи-танымдық экскурсияға баратын «Аула клубының» белсенді 50 оқушысын шығарып салуға барды.

Бұл ауданда «Аула клубының» жұмысы жақсы жолға қойылған. Қазіргі таңда «Аула клубы» 2376 оқушыны 7 бағыттағы 22 үйірме бойынша қосымша біліммен қамтып отыр.

-Батыр Буыржан Момышұлы аталарыңдай жігерлі, қайсар, өз отаны мен өлкесін шынайы сүйетін патриот, туған елінің салт-дәстүрлері мен тарихын, әдебиетін, өнерін құрметтейтін, салауатты өмір салтын ұстанатын ұрпақты тәрбиелеу – біздің басты мақсатымыз. Сендер де Тұрар Рысқұлов, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза аталарың сияқты халық үшін қызмет ететін үлкен жүректі азамат болып өсіңдер, — деді аудан әкімі балалармен емен-жарқын әңгіме барысында.

Сондай-ақ, әкім оқушыларға аудандық тарихи-өлкетану музейіне, Бауыржан Момышұлының мемориалдық мұражайына, Талапты ауылындағы «Шерхан Мұртаза әдеби-мемориалдық музейіне» және Нұрлыкент ауылындағы Баркуаб қалашығына саяхат жасап, тарихи тұлғалардың тағылымды өмірбаяндарымен және орта ғасыр қаласының жәдігерлерімен танысуға жағдай жасап отырғанын айтып, қуантты.

«Мектепке жол» акциясы аясында балаларға 2023-2024 жылдардағы жаңа оқу жылына арнайы дайындалған оқу құрал-жабдықтар салынған сөмкелерді сыйға тартты.

Сөйтіп, аудан әкімі, Шерхан Мұртазаның немересі Жалғас мырза білімді де өнерлі оқушыларды жетекшілерімен бірге өздері «Әулиета жауһарлары» деп атауды жөн көрген экскурсияға шығарып салды. Әрине, экскурсияға бара жатқан оқушылардың қауіпсіздік шаралары да ұмыт қалған жоқ.

Сәт сапар, батыр Бауыржанның бақытты шөбере-шөпшектері мен неменелері!

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.