104 рет оқылды

 

 

Алматы қаласының көшелеріне жеті мыңнан астам «Сергек» камерасы қойылған. Енді ару қала жаңа камералармен толықтырылып жатыр. Олар бұрынғылардан қырағы, тіпті, түймеңе дейін түсіре алады дейді. Қауіпсіздік белбеуі дегенің бер жағы екен.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарына сенсек, осы «Сергек» аппараттық-бағдарламалық бақылау жүйесі 2023 жылы 1 847 765 заңбұзушылықты тіркепті. Бұл дегеніңіз 12 миллиард (!!!) 878 миллион 922 мың теңге деген сөз.

Бұл қыруар қаржы негізінен: жылдамдықты белгіленген мөлшерден асыру; тұтас сызықты кесу; қосарланған тұтас сызықты кесіп, кері бұрылу; белгіленбеген жерге қою, тоқтау; бағдаршамның тыйым салынған түсінен өту сияқты заңбұзушылықтар арқылы түскен.

Алдағы уақытта қауіпсіздік белдіктерін тақпау және жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншіге жол бермеу де тіркеліп, айыппұл салынбақшы. Жақында бағдаршамның сары түсінен өтіп кеткендерге де айыппұл  келуі мүмкін екен.

Бірақ бір мәселенің басы әлі ашылмай тұр. Әлгі 12 миллиард 878 миллион 922 мың теңге қайда кетті? Кімдердің қалтасына түсіп жатыр? Мемлекетке, халыққа, сол халықтың қалтасы — бюджетке қаншалықты пайдасы бар? Әлде «Сергек» камераларын шығарушылар мен оларды орнатушы, оның жұмысын үйлестіріп, бақылаушы компанияларды ғана байытып жатыр ма? Үкімет, министрлік осы сұрақтарға жауап берсе. ҚР Парламенті депутаттары да қалғып отырғанша, осы мәселені қопара көтеріп, халық сөзін сөйлесе.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.