142 рет оқылды

Мағжан Жұмабаев: «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда да ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер… бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі, бала сұлулықтан ләззат ала алмайтын мылқау болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы» деп айтып кеткен. Яғни, «Балам өнегелі болсын десең баланы емес, өзіңді тәрбиеле» демекші, баланың тәрбиелі болуы ата-анасы мен ұстаздарына, ортасына тікелей байланысты.

Жазатайым оқиғаларға жол бермеу мақсатында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың жасалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау мақсатында «Бала қауіпсіздігі –қоғамның басты міндеті» тақырыбында ата-аналар жиналысы өткізілді.

Шараға құқық қорғау органдары, зиялы қауым өкілдері, халық қалаулылары, ауыл әкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағасы, білім беру мекемелерінің директорлары, мектептің құқықтық тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, қамқоршылық кеңес мүшелері, ата-аналар комитетінің төрағалары және Жуалы аудандық орталық ауруханасының сенім жастар денсаулық орталығының әлеуметтік қызметкерлері қатысты.

Кездесуді аудан әкімі Жалғас Мұртаза ашып, жүргізіп отырды.
Алғы сөз Төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы Мейірхан Әлімбековке берілді. Мейірхан Жартыбайұлы тұрғын үй секторында өрттер мен жарақаттануды, улы газбен иістену оқиғаларының алдын алу, шомылу маусымының алдында су айдындарында жазатайым суға кетудің алдын алу шаралары бойынша мәселелер туралы баяндады.

Психология ғылымдарының кандидаты Гүлжан Вероцкая балалардың отбасында ата-аналардың сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына қарап өсіп, тәрбиеленетінін, яғни бала отбасы тәрбиесінің айнасы екенін айтып, сондықтан бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігі жайлы сөз етті. Сонымен қатар, отбасында немесе өскен ортасында ересектерден қысым көрсе де ешкімге тіс жармай жүретін балалардың бар екендігін, отбасындағы ашу үстіндегі жанжалдың бала психологиясына қаншалықты әсер етендігін, осындай қайшылықтардан жасөспірімдер өзін жат сезініп, қоғамнан жерінуі мүмкіндігіне де тоқталды.

Жуалы ауданының бас имамы Ғалымжан Қонақбаев исламдағы бала тәрбиесі туралы сөз қозғап, тағылымды мысалдар келтірсе, Жуалы ауданы білім бөлімінің басшысының м.а. Бақыт Шертаева білім беретін мекемелердегі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, ата-аналарды балалардың кешкі беймезгіл уақытта көшеде бостан-бос жүрмеуін қадағалауын ескертті. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деп, Батыр Баукең айтқандай оқушыларды тәртіпке бас июге шақырды.

Қорыта айтқанда, бала психологиясына кері әсер ететін факторлар өте көп. Оның әрқайсысымен күресу, тіпті, мүмкін еместей көрінуі де ғажап емес. Алайда, әрбір ата-ана, ұстаз, тәрбиеші балалармен ең жақын досындай ашық сырласып, кейбір мәселелерде баламен ақылдасар, санасар болса, мұның өзі көптеген орынсыз оқиғалардың алдына алуда үлкен олжа болар еді.

Жиын соңында аудан прокуроры Ілияс Тойшыбеков өз ұсыныстарын айттты. Мұндай кездесулер аудандағы 13 ауылдық округ пен аудан орталығындағы мектептерде жалғасатын болады.

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.