Жуалы ауданында 100-ге жуық Жасыл ел» жасақтары мен еріктілер тазалық жұмыстарына атсалысты. Бұл жоба аудан әкімінің аппараты мен «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің бастасымен қолға алынды.
Тазалық жұмыстары Б. Момышұлы ауылындағы «Мәңгілік Ел» саябағы мен «Жастар» аллеясы аумағында өтіп, жастар ол жерлерге санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, арам шөптерден, қоқыстардан тазартты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тазалық сенбіліктері жиі өтіп тұрады. Көптеген еріктілер аталмыш іс-шараға «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері қатысуда. Олар аудан орталығындағы саябақтарды, аллеяларды тазартуға үлес қосып қана қоймай, ауыл ажарын білек біріектіре отырып көркейткендеріне қуанышты.
Мысалы осы еріктілердің бірі Махамбетжан Рүстем:
-Біз аудан орталығының таза болуына, оның мәдени орындары әдемі болып көрінуіне көп үлес қосып жүрміз. Бұл бастама, біріншіден, жастарды еңбекке баулыса, екіншіден, саябақтардың арам шөптерден таза боп тұруына септігін тигізеді. Демалған адамдардың да көңіл-күйің көтерді, — дейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғаса береді.