Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылында көктемде көшет егіп, жаз бойы бау-бақша баптайтын диқандар көп. Әрбір екінші адамды жер емген диқан десе де болады. Тоқсаныншы жылдары Өзбекстан, Қарақалпақстан және Түркіменстанан көшіп келген қандастарымыз күнкөрістің осы түріне бейім. Диқаншылық біріншіден, өздерінің дәстүрлі ата кәсібі болса, екіншіден — мол табыс көзі.
Олар іске ерте көктемнен кіріседі. Ең алдымен үй іргесіндегі парник жасалатын жердің топырағын жақсылап өңдеп, оған қарақи немесе басқа минералды тыңайтқыштар сіңіреді. Ондай жерге егілген қандай дақыл болса да жақсы өсіп, мол өнім береді.
Жыл сайын осы. Наурыз айынан бастап үйінің іргесіндегі жерлеріне шағын жылыжай (парник) жасап, оған негізінен қырыққабат, қызанақ, болгар бұрышы, баклажан, пияз және басқа да көкөністердің барлық түрінің тұқымын себеді.
Биыл да көктем келісімен жұмысқа қызу кірісті. Солардың бірі – диахан ата Мүсілім Өтенов. Ол диқаншылықтың қыр-сырын бес саусағындай жетік меңгерген. Отбасы мүшелері де қасында. Жұбайы Үмида апай мен кенже ұлы Бекарыс ортақ істі бірге атқарысады.
-Көшет егіп, оны баптау, күтіп, өсірк – жыл сайынғы үйреншікті жұмысымыз. Биыл да бұл іске ерте бастан кірістік. Жерді өңдеп болған соң, наурыз айының 10-ынан кейін алғашқы тұқымды сепкенбіз. Көшеттер қазір бой алып, өсіп қалды. Мамырдың орта тұсында көшеттер әбден жетіліп, алқапқа егуге жарап қалады. Парникке негізінен қызанақтың 10 шақты сорты, оның ішінде, «Волгоград», «Юсуф», «Сұлтан», «Риогранде», «Чири» және «Черный принц» сияқты тағы басқа сапалы әрі мол өнім беретін таңдаулы сұрыптардың тұқымы егіліп, бапталады. Ал қырыққабаттың «Бухарест», «Ринда» және ақ бас қырыққабат («Белый кочан») сұрыптары егілген. Бұлар, негізінен, голландтық сапалы қырыққабат тұқымдары саналады. Көшеттің сапалы әрі мол болуы, біріншіден, парникке егілетін тұқымның сапасына байланысты. Қырыққабат тұқымын үлкен қалалардағы арнайы дүкендерден таңдап сатып аламыз. Ал қызанақтың тұқымы негізінен өзімізде дайындалады. Ол үшін күзде әбден толысып піскен әртүрлі сортты қызанақтың дәндері қолмен алынып, салқын әрі құрғақ орында кептіріледі. Өз тұқымынан өндірілген көшет жақсы болады. Өну және мол өнім беру жағынан алғанда да өте сенімді. Көшет өндіру – оңай жұмыс емес. Оған жас сәбиге қарағандай күтім жасамасаң, еңбегіңнің барлығы зая кетеді. Оны күннің ыстығынан және суықтан қорғау қажет. Биылғы көетем салқын болды. Сондықтан күндіз парниктің бетін жауып тұрған қалың клеенканы ашып қоямыз, ал кеш бата қайта жабамыз. Бұл жас көшеттің суықтан үсіп кетпеуі үшін керек. Көшет бой алып өсе бастаған кезде арасында арам шөптер де көбейеді. Оны қолмен біртіндеп жұлу қажет. Абайламаса, шөппен бірге жас көшеттер де жұлынып кетуі мүмкін. Сондықтан, мұндай жұмыстардың барлығы адам қолымен мұқият атқарылады,- дейді тәжірибесі мол диқан.
Мүсілім Өтенов жұбайы Үмида апай екеуі шағын ғана жеріне жыл сайын 10-15-ке дейін парник жасап, көкөніс көшеттерін молынан өсіреді. Парникттерінің ені — 2 метр болса, ұзындығы — 10 метрге жетеді. Көшет дәндері топыраққа түсіп, сабағы бой алып шыға бастағаннан кейін парниктің үсті қалың клеенка материалмен жабылады. Ары қарай күнделікті күтім жасалады. Көшетті күнара суғарып отыру да маңызды. Күтіп-баптау, суғару, бетін ашып-жабу жұмыстары уақтылы атқарылғанда ғана жұмыс та нәтижелі болады.
Нұрлыкент ауылындағы Өтеновтар әулетін ауылдастары «Диқандар отбасы» деп құрмет тұтады. Әулет аудан аумағынан өтетін «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» автокөлік дәлізінің бойындағы Б.Момышұлы ауылының тұсынан 15 гектар егістік алқапты жалға алып, онда көп жылдан бері қырыққабат, тағы да басқа көкөніс дақылдарын егіп, өсрген өнімдерін халыққа қолжетімді бағамен өткеріп келеді. Ол үшін дихандар күштерін біріктіре отырып әрқайсысы 2-4 гектардан қырыққабат егеді. Оған өздері күтім жасап, өнімін алғанша тынбай еңбек етеді.
Ортаншы ұл Мүсілім де жыл сайын екі гектар қырыққабат алқабын баптауды дәстүрге айналдырғанын айтады.
-Осында тұрып жатқанымызға 30 жылға жуық уақыт болса, оның 25 жылында отбасымен бірге диқаншылықты тұрақты түрде кәсіп етіп келе жатырмыз. Биыл, міне, парникте өндірілген қырыққабат көшетін шамамен 15-20 күннен кейін алқапқа жекелеп қондырамыз. Көшет егілгеннен кейін ары қарай күтіп-баптау, суғару жұмыстары басталады. Жылда атқаратын негізгі жұмыс осы. Күнделікті күнкөрісімізді де, отбасылық табысты да осы қасиетті қара жерден, диқаншылық кәсібінен айырып отырмыз. Денің сау болса, қимылдап еңбек еткенге ештеңе жетпейді. Бұған да шүкір, отбасымыз аман, бауырымыз бүтін. Балаларды да осы кәсіппен асырап, жеткізудеміз. Ең бастысы, балаларымыз еңбекке тәрбиеленуде,- дейді Мүсілім Өтенов.
Ауылдағы еңбекқор азаматтардың қатарында Серік Бекенов және Нұрғали Әжіқұловтың отбасылары да бар. Олар да өз алдарына шағын ғана үй іргелік жерлеріне 10 парникке дейін тұқым егіп, көкөніс көшетін өсіреді. Шамамен бір парникте 5 мың данаға дейін көшет өнетін болса, бұл әжептеуір көрсеткіш.
Ерлі-зайыптылар Серік пен Әлияның бұл кәсіппен айналысқанына алты жыл болған. Олар есік алдындағы бау-бақшалық жерге биыл жеті парник егіп, онда негізінен қырыққабат көшетін өндіруде. Олар үйде өндірілген көшеттерді ауыл сыртындағы үш гектар алқапқа отырғызып, оны жаз бойы баптауды дәстүрге айналдырған.
-Жуалы жерінде негізінен қырыққабаттың «Бухарест» және «Ринда» аталатын сұрыптары ғана жақсы жерсініп, мол өнім береді. Бұл – жерсінген тұқым түрлері. Бұл екі тұқым да басқаларға қарағанда, ерте пісіп-жетіледі. Топырақтың құнарлылығы шығар, жергілікті жерде өндірілген қырыққабатқа еліміздің барлық аймағынан сұраныс өте жоғары. Сондықтан біз де жыл сайын алқап көлемін ұлғайтуға тырысамыз. Бірақ егістік алқаптың көлемі шектеулі. Оның үстіне, қырыққабат егетін егістік жерді ауылдастардан жалға аламыз. Өз жеріміз болмағандықтан, амал жоқ. Әйтпесе, бұл дақылдың түрін молынан өсіруге мүмкіндігіміз бар. Былтыр қырыққабатқа баға жақсы болды. Бұл – біз сияқты шағын шаруаларға үлкен көмек,- дейді отанасы Әлия.
Нұрлыкент ауылында дәстүрлі қырыққабат дақылын баптаумен тұрақты айналысатын Нұрғали Әжіқұловтың да диқаншылық кәсібінде көп жылдық тәжірибесі бар. Олар да ағайынды азаматтармен бірлесіп жыл сайын ауыл маңындағы 7-8 гектар алқапқа қырыққабат өсіретінін айтады.
-Қырыққабат көшеті 40 күнде толық жетіледі. Одан кейін ғана алқапқа қондыруға болады. Диқандардың тілімен айтқанда, көшет осы уақыт аралығында пісіп-жетіледі. Көшетті одан ертерек жұлуға болмайды. Өйткені, толық жетілмегеннен кейін сабағы да сынғыш келеді,- дейді ол. «Бухарест» деп аталатын қырыққабат көшеті алқапқа қондырылғаннан кейін 85-90 күннің аралығында толықтай өнім бере бастайтын көрінеді. Ол үшін әрине, дақылдың бабын келістіріп, оған тиісті күтім жасау қажет.
Ауызбен айтуға оңай болғанымен, бұл кәсіп – адамнан үздіксіз еңбекті, ізденісті және қол күші мен маңдай терді төгуді қажет ететінін жақсы білеміз. Ерінбеген жан ғана диқан бола алады. Қандай кәсіптің түрі болсын, маңдай тердің өтелгені жақсы. Осы тұста диқандарға қатысты әрі көп жылдан бері түйіні тарқамай келе жатқан бір мәселе бар. Мұны ауылда парникте көшет өндіретін диқандардың ортақ мәселесі деуге болады. Аулада өндірілген көкөніс көшеттері негізінен аудан орталығындағы базарда саудаланатыны белгілі. Ол үшін базар аймағында белгіленген арнайы орын жоқ. Көшет сатушылар базар аймағындағы әр дүкеннің алдында отырып, «жасырынып» сауда жасауға мәжбүр.
-Белгілі орын болмаған соң, ауылдың учаскелік полиция инспекторлары да көшет саудасына кедергісін келтіруде. Біз ешкіммен бәсекелес емеспіз. Базардағы көкөніс сатушылар осылай ойлауы мүмкін. Көшет саудасы небәрі 15-20 күнге ғана созылады. Сол аралықта сауда-саттық жасауға мүмкіндік беріліп, жағдай жасалса екен деген тілегіміз бар. Жергілікті атқарушы биліктің өкілдері немесе ауыл әкімшілігі диқандардың осы мәселесін оң шешіп берсе, дұрыс болар еді,- дейді нұрлыкенттік диқандар.
Шынында, көшет өндіру үлкен еңбекті, уақыт пен күшті талап ететін жұмыстың бірі. Бұл — бір жағынан диқандардың отбасы үшін науқандық табыстың көзі. Ал өңірде көшет өндірісін ұлғайтып, онымен аудан тұрғындарын қамтып отырған диқандардың көшет сатуына кедергі келтірудің орнына Б.Момышұлы ауылының әкімшілігі немесе базар басшылары оларға арнайы орын қарастыру қажет деп санаймыз. Себебі, мұның азық-түлік қауіпсіздігіне және өңірдегі баға тұрақтылығына да тікелей әсері бар. Көкөніс көшеті саудасының уақытша екенін ескерсек, оны молынан өндіруге күш салған еңбекқор азаматтарға мүмкіндік берудің маңызы зор. Қазір қай өңірде де азық-түлік бағасының шарықтап тұрғанын ескерсек, күзде баға одан сайын көтеріледі. Ал, ауыл тұрғындары күздік өнімнің қамын қазірден бастап жасаса, өнім де мол, баға да тұрақты болмақ. Бұл — мәселені қарапайым тұрғыннан бастап ауданның ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік салаларына жауапты басшылары терең ескергендері абзал. Азық-түлік қауіпсіздігі – стратегиялық мәселе. Осы ретте, жергілікті диқандардың жұмысын қолдап, күзде өнімді лайықты бағаға өткеру ісін де жүйелі жолға қоятын уақыт әбден жетті…