Жуалы ауданында 2023 жылы Бәйтерек, Тасбастау және Кәріқорған ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары жүргізілді. Сонымен Қызтоған, Қаратас және Әбдіқадыр ауылдарындағы ауыз су жүйесі де жөнделіп, кешенді-модульді блок (КМБ) орнатылды. Олар қазір тұрғындардың игілігіне айналып отыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аудандағы барлығы 49 елдімекеннің 42-сі ауызсу құбырына қосылып, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту – 85,7 пайызды құрады.
-Ауыз суға зәру боп отырған Түктібай мен Ақтөбе ауылдарына ауыз су құбырын тарту мақсатында 2022 жылы тиісті жобалық-сметалық құжаттама (ЖСҚ) әзірленіп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге қажетті қаражат бөлдіру үшін республикалық бюджетке өтінім берілген, — дейді аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Медет Дамиров.
Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 7 елдімекен қалып отыр екен. Аудандағы ауызсу жүйелері тартылмаған елдімекендердегі аула және халық саны аз болғандықтан, ол жерлерге модульді-кешенді блок орнату жоспарлануда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауданға қарасты 49 ауылдың 42-сі ауыз сумен қамтылып, көрсеткіш 85,7 пайызды құрап отыр.
Ал 5 ауылда аула және халық саны аз болғандықтан кешенді модульді блок орнату арқылы ауызсумен қамтылады деп жоспарланыпты. Оның ішінде, төрт елді мекенге, атап айтқанда, Қарасау, Көктас, Күркіреусу және Амансай ауылдарына облыстық бюджеттен қаржы қарастырылып, жұмыстар басталған. Сонемен бірге, 13 ауладан тұратын Қазбастау елді мекеніне жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, кешенді модульді блок арқылы ауызсумен қамтылмақшы.
Халықтың тұрмысын жақсартуда ауылға табиғи газ жеткізудің де орны ерекше. Соңғы төрт-бес жылда аудандағы Күреңбел, Жетітөбе және Боралдай ауылдық округтеріне қарасты ауылдардың барлығына магистральды газ құбыры тартылды. Ал былтыр Қошқарата ауылындағы кварталішілік газ тарту жұмыстары толық аяқталып, көгілдір отын тұрғындардың игілігіне берілді. Ал ауданға қарасты 49 елдімекеннің 45-іне көгілдір отын жеткізілді. Қазіргі таңда табиғи газбен қамтылған ауылдардың үлесі 91,8 пайызды құрайды.
Ауданда автожолдардың сапасын жақсарту жұмыстарына да ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде алыс ауылдарды ауданның орталығымен жалғайтын жолдарды жөндеу жұмыстарының да маңызы зор.
Осы мақсатта өткен жылы аудан көлемінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында барлығы 27,7 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде, аудан орталығы — Бауыржан Момышұлы ауылында барлығы 18 көшенің жолы орта жөндеуден өткізілді. Былтыр ауданда барлығы 30 шақырымға жуық жол жөндеуден өтсе, биыл, 2024 жылға 1 миллиардтан астам қаржы қаралып, 40 жобаның аясында барлығы 42,47 шақырым автомобиль жолын орта жөндеуден өткізу жұмыстары жоспарланған. ОЛ жұмыстары мамыр айында басталып та кетті.
Оның ішінде, аудандық мәнге ие 2,73 шақырымды құрайтын «Шақпақата-Ынтымақ» автожолы (қаржысы 51 млн теңге, жұмыстар 2023 жылдан 2024 жылға өтпелі) орта жөндеуден өтеді деп жоспарланса, жергілікті бюджеттен қомақты қаражат қарастыру арқылы 11 жобамен 12 шақырым жол жөнделмек. Осыған сәйкес, мамыр айының басында жол құрылысына жауапты мердігерлер анықталып, қазір бірқатар ауылдарда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.