Бүгін Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде әдеп жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтіп, онда Қарағанды қаласы мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімдерінің тәртіптік істері қаралды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ аталған агенттік қызметі мәліметіне сүйене отырып хабарлады.
Әдеп жөніндегі комиссияның жұмадағы отырысында мемлекеттік қызмет саласында заң бұзушылықтар талқыланған. Агенттің мәліметінше, жыл басынан бері 497 тексеру жүргізіліп, 6 935 заң бұзушылық анықталған. Сонымен бірге комиссия отырысында Қарағанды қаласының және Алматы облысына қарасты Еңбекшіқазақ ауданының әкімдеріне қатысты тәртіптік істер қаралған. «Тексеру барысында Қарағанды қаласы әкімінің әрекеті әлеуметтік желілерде азаматтар тарапынан сынға себеп болғандығы анықталды. Соның негізінде комиссия «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолдануды ұсынды», — деп хабарлады қызмет істері агенттігі.
Қарағанды қаласының басшысы ескертумен ғана құтылса, Еңбекшіқазақ ауданы әкіміне одан қатаң жаза ұсынылды. «Еңбекшіқазақ ауданының әкіміне қатысты тәртіптік істі қарау кезінде құқыққа қайшы қолдау көрсетуге қатысты жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарға, сонымен бірге тиісті бақылаудың болмауынан жер қатынастары саласындағы жүйелі заң бұзушылықтарға жол берілгені анықталды», — делінген хабарда.
Қызмет істері агенттігінің әдеп жөніндегі комиссиясы аудан әкімін қызметтен алуды үсынып отыр. «Бұл әрекеттер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде сараланды, осылайша оны атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды», — деп хабарлады агенттік.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі қызметін Талғат Байеділов атқарады. Ол осы қызметке биыл наурызда тағайындалған. Бұған дейін ол Алматы облысы мәслихатының төрағасы қызметін атқарған.