36 рет оқылды

Қоспаев қылмыстық тобының Алматыдағы “Никольский“ базарына да қатысы бар. Сондықтан осы ұйымдасқан қылмыстық топтан тәркіленген мүліктерді, оның ішінде «Никольский базарын» шетелдіктерге сатпақ болғандардың әрекеті әшкереленді, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазір қаржы мониторингі агенттігі сот үкімімен тәркіленетін, тыйым салынған мүлікті заңсыз сату дерегі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

Бұған дейін агенттік «AV-Construction» ЖШС, «Стекольный завод» ЖШС, «Шалқар 17» ЖШС, «Бахар-А» ЖШС және басқа да кәсіпорындарды рейдерлік басып алу деректері бойынша Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобына қатысты тергеуді аяқтаған.

«Тәркілеу мақсатында құрылтайшысы Айдос Қоспаев саналатын «Nikolsky Investment» ЖШС-ға тиесілі Алматы қаласындағы бұрынғы «Никольский базарының» аумағындағы жер учаскесі мен мүлікке сот тыйым салған.

Бірақ биыл қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ базасына жалған ақпарат енгізу арқылы базарды шетелдіктерге сату мақсатында бөгде адамдарға қайта ресімдеп, шектеулер алынып тасталған.

5 қазанда құны 2,2 млрд теңге болатын мүлік пен жер учаскесі шетелдік инвесторларға одан әрі сату мақсатында бөгде тұлғаларға қайта ресімделген.

Агенттік осы алаяқтық үшін бұрын сотталған үш адамды ұстады. Оларға қатысты сот санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Бірақ алаяқ қылмыскерлердің аты жөнін айтпай отыр. Жалған құжаттар жасап, мүлікті иеліктен шығаруға ықпал еткен сыбайластың да есім-сойы белгісіз. Тергеу әлі жүріп жатыр.

Қаржылық мониторинг агенттігі өткен жылы қаңтар айында Елдос Қоспаевтың ұйымдастыруымен рейдерлік әрекет жасады деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың 6 мүшесіне іздеу жариялаған. Олар Елдос пен Айдос Қоспаевтар, Ерлан Имашев, Руслан Шалин, Оксана Кудряшова, Алексей Кузнецов болатын.

Бұл қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы күш қолдану және қорқыту арқылы алматылық кәсіпкерлердің мүлкін, серіктестіктердегі үлестерін тартып алып, көлеңкелі кәсіпкерлікпен айналысқан.

«Рейдерлік шабуылдар бойынша сотқа дейінгі тергеу және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар адамдарды анықтау жалғасуда. Іздеудегі адамдардың қайда болуы мүмкін екендігі туралы ақпараты бар адамдарды ҚМА сенім телефонына хабарласуды сұраймыз», — деп жазды сол кезде мекеме.

2019 жылғы 4 наурызда Алматы қаласында Қоспаев өзінің сыбайластарымен бірге бизнесті дамытуға 160 млн теңге салған «Profit Trade Ltd» ЖШС иелерін өз үлесінің 40% -ын ҰҚТ-ның белсенді мүшесі Имашевқа жазып беруге мәжбүр етті. Бұрынғы басшыларды басқармадан шеттетіп, ҰҚТ мүшелері құжаттарды қолдан жасау арқылы қалған 35% үлесті иеленген. Компания алкоголь өнімдерін көтерме сатумен айналысып, тұрақты табыс тапқан.

Ал 2020 жылғы 30 шілдеде Қоспаевтың қылмыстық тобы өз бизнесіне 400 млн теңгеден астам инвестиция салған «Azovita Aktay» ЖШС мен «Azovita Atyray» ЖШС меншік иесінің өміріне қауіп төндіріп, ҰҚТ мүшелеріне кәсіпорындардың жарғылық капиталының 100% үлесін өтеусіз беруге көндірген.

Ал өткен жылдың қыркүйегінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті Елдос Қоспаев пен оның сыбайластарын Солтүстік Кипрден Қазақстанға жеткізді. ҰҚК операциясы аясында шетелдік әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл жасай отырып, топ қатысушыларының орналасқан жерлерін анықтау, сәйкестендіру және ұстау жөніндегі қажетті жедел іс-шаралар ұйымдастырылған. Күдіктілер ҰҚК «А» арнайы мақсаттағы қызметі жауынгерлерінің айдауылымен Астана қаласына жеткізіліп, қылмыстық қудалау органы қызметкерлеріне берілген.

БАҚ бұл қылмыстық топ серкелерінің Болат Назарбаевпен байланысы бар деген ақпараттаратқан. Өйткені сотталған кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаров пен оның туыстары өздеріне қарсы қозғалған қыдмыстық істің астарында өздерінің жеке компаниясы мен үлестерін тартып алу жатқанын айтып, Қоспаевты «Болат Назарбаевтың «көмекшісі» деп мәлімдеген.

Міне, сол Қоспаевтардан тәркіленген мүліктерді шетелдіктерге 2,2миллиард теңгеге сатпақ болған алаяқтарды ұстап отыр. Олар кімдер? Қоспаевтар ма, қосақтағылар ма?

 

 

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.