– Ұлымның моласының айналасын тазартып, бақылап қайтуға барғанымда қорқынышты жағдайға куә болам деп ойлағам жоқ. Айналасын қазып тастапты. Жыртқыштардың әрекеті екені анық білініп тұр. Абырой болғанда, дер кезінде келіппін. Баламның мәйітіне жете қоймапты. Қазылған жерді қайта көміп, айналасын қатты заттармен бекітіп тастадым.
Биыл ауылда шибөрі өте көп. Ымырт бата елді мекенді айналып шуылдап кетеді. Бұл солардың ісі екені анық. Осы шибөрілерді жергілікті билік тарапынан атып, санын азайтып қойса жөн болар еді. Әйтпесе, ашыққан жыртқыштар малды қойып, енді қорымдағы адам мәйіттерімен қоректенуге көшті, – дейді жүрегі қан жылаған әке.
Иә, бұл шын мәнінде төбе шашыңды тік тұрғызатын жағдай.
– Ауыл маңындағы Ақкөл көлінің қамысын жағалап жыртқыштар көп жортады. Күн суытқалы бері шибөрілердің ауыл тұрғындардың уақ малын жарып тастағанын естігенім бар. Алайда қорым қазып жатқанын құлағым шалмапты. Қазақ көр қазатын мұндай жыртқыштарды «қорқау» деген. Төрт түлікке шапқаны аздай, көр қазған қорқаулар ауыл тұрғындарына, оның ішінде жас балаларға қауіп төндірмесіне кім кепіл, – дейді ауыл мешітінің имамы Сейіткамалидин Әмірұлы.
– Жыртқыш аңдар санын азайтудың заңнамалық нормасы бар. Рұқсат қағазы бар аңшылар қасқыр мен шибөрілерді атуына болады. Ол үшін инспекцияға өтінім тастауы керек. Солардың тексерісінен кейін рұқсаттама беріледі. Табиғат тепе-теңдігін сақтау үшін қасқыр немесе шибөрілердің белгілі бір пайызын атуға ғана лицензия беріледі. Осы құжат негізінде аңшылардың жыртқыштарды аулауға мүмкіндіктері бар, – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов.
Ал лицензия алудың тәртібі қандай және жылына қанша жыртқыш аңды атуға болатыны жөнінде инспекция не дейді?
– Жыртқыш аңды атуға берілетін рұқсаттама ашық жарияланады. Электронды база арқылы аңшылық құжаты және мылтығының нөмірін тіркеп көрсетсе, өтінім берушіге аңдарды тегін атуға рұқсат беріледі. Алайда қанша жыртқыштың көзін жоюға болатынын біз белгілемейміз. Оны министрлік бекітеді. Жыртқыш аңға жүргізілген есепке қарай атуға болатын пайызын шығарады. Биылғы жылға әлі нақты көлемі бекітілген жоқ. Алайда 2024 жылы 289 қасқыр мен 589 шибөрі атуға рұқсаттама қағазы берілді. Бұйыртса, осы қаңтар айында биыл қанша жыртқыш аңды атуға болатын саны шығады деген жоспар бар. Сол кезде өтінім берген аңшыларға рұқсаттама құжаттарын береміз. Олар атқан жыртқыш аңды жергілікті орман шаруашылығы мекемесіне өткізетін болады, – дейді Жамбыл облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Нұрғали Ниязқұлов.
Байқасақ, жыртқыш аңды атуға рұқсаттама алудың еш қиындығы жоқ. Тек тиісті құжаттарын өткізсең болғаны. Алайда биылға қанша қасқыр мен шибөріні аулауға рұқсат берілетіні және оны әлі қанша уақыт күту керек екені анық емес.
Саятхан САТЫЛҒАН,
«Айқын» газетінің тілшісі.
Жамбыл облысы