Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевт аппарттық кеңесте өңірдегі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселесін талқылады. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың хабарлауынша, жаңа жылдың соңғы аптасында әлеуметтік маңызы бар 5 азық-түлік тауарының, атап айтсақ тауық еті, қырыққабат, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоп бағасы көтерілген. Ал ұн мен қарақұмық бағасы төмендеген.
Бүгінде бағасы өскен тауарларға Тұрақтандыру қоры арқылы интервенция жүргізілуде. Жалпы 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде азық түлік бойынша 8 тауардың түріне (ірі сауда желілеріне, дүкендерге, базарларға 746,1 тонна, 2566,8 мың дана және 75,6 мың литр) интервенция жүргізу жоспарланған.
Облыста азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорында тікелей сатып алу арқылы және форварттық келісімшарт негізінде 13 569,5 тонна және 4 731,6 мың дана тауар қоры қалыптасты.
Арнайы құрылған жұмыс тобы 2 аптада 1 рет ӘМАТ бағасына мониторинг жүргізеді.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің мәліметінше, өткен жылы азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырған 72 кәсіпкерге ескерту беріліп, жетеуіне айыппұл (627 640 теңге) салынған. Сонымен бірге сөредегі тауар құны мен кассадағы баға айырмашылығы үшін 9 сауда нүктесі 1 956 760 теңге көлемінде айыппұл төледі.
Облыс әкімі ӘМАТ бағасына жүргізілген мониторингтен нақты нәтиже көрмей отырғанын баса айтты.
— Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру — өте маңызды. Бұл бағыттағы шараларға ерекше назар аудару қажет. Сауда департаменті мониторинг, ал жергілікті әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейту тиіс, – деді ол.
Ербол Қарашөкеев азық-түлік тауарлары бағаларының шекті межеден аспауын жіті бақылауды, өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды жүктеді. Сондай-ақ жауапты басшыларға дүкендерді өздері аралап, бағалардың нақты жай-күйімен көзбе-көз танысуды тапсырды.
Аппарттық кеңесте коммуналдық қызметтердің тарифтері де сараланды.
Облыс әкімі табиғи монополияларды реттеу департаменті, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшыларының алдына нақты міндеттер қойды.