Қазақстанда көшеде түкіргендер айыппұл төлей бастағаны белгілі. ІІМ қызметкерлері түкірмесе тұра алмайтын пенделерді бейнебақылау камералары арқылы ұстайды. Куйде жаяу патрульдердің құрығына түкіргіштердің өздері тап болатын көрінеді. Сонымен…
ӘҚБтК-нің (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі) 434-2-бабы бойынша қоғамдық орында түкіргені үшін құқық бұзушыға 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл айыппұл көлемі 2024 жылы 18 460 теңге болды. Егер бір адам көшеде түкіргені үшін екінші рет ұсталса, онда айыппұл мөлшері екі есеге, яғни 36 920 теңгеге көбейеді.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сенсек, 2023 жылы 127 мың түкіргіш адам ұсталып, қазынаға 1 млрд 920 млн теңгеге айыппұл түсіпті. Ал өткен жылдың мамыр айына дейін полиция қызметкерлері көшеде қақырып-түкірген 61 мыңға жуық құқық бұзушыны ұстаған. Сөйтіп көшеге түкіруді әдетке айналдырғандар есебінен мемлекет қазынасы жарты жылда 875 млн теңгеге толыққан.
Өзбекстанда түкіргені үшін 2022 жылдан, Қырғызстанда 2019 жылдан айыппұл салына бастады.
Сингапур кереметін білетін жұрт бұл елдегі көшеге түкіргендер төлейтін айыппұлдың бағасын біле бермеуі мүмкін. Мұндағы түкіргіштер байқамай түкіріп қалса 1 мың Сингапур долларынан айырылады екен. Бұл біздің ақшамен шамада 300 мың теңгеден асады. Демек, Сингапурге саяхаттап бара қалсаңыздар сақ болыңыздар.