7 рет оқылды
Naizager. 21. 04. 2025.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы Жамбыл облысы бойынша ұйымшылдықпен жүргізілуде.
Бүгін  Тараз қаласындағы «Мамыр саябағы» демалыс бағында, «Айша бибі» мен «Қарахан» кесенелерінің аумағында және аудан орталықтары мен елді мекендерде 30-ға тарта тазалыққа үлес қосу іс-шаралары өтті. Шара барысында екі мыңға жуық адам бір кісідей жұмылып, еңбек етті.
Тазалық акциясы өз кезегінде тұрғындарды, акцияға ат салысушыларды жаңаша экологиялық ойлау мен азаматтарымыздың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыруға тартып отыр.
Облыста акция аясында жыл басынан бері 357 елді мекен (оның ішінде 4 қала бар), 350 шақырым канал, 48 мың тұрғын үй аулалары мен 1,3 мың шақырым көшелер қоқыстардан тазартылып, 2,8 мың тонна түрлі қалдықтар шығарылды.
Бұдан бөлек 130 мыңға жуық жасыл желек көшеттері отырғызылды. Сонымен қатар, мәдени-тарихи ескерткіштерді ретке келтіріп, олардың аумағын тазалау жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Өркениетті елдің басты сипатының бірі – тазалық пен тәртіп. Сондықтан «Таза Қазақстан» шарасы жыл он екі ай бойы жалғасуға тиіс» — деп атап өткен болатын.
Тазалық жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын таба береді. Сондай-ақ, экологиялық акцияның шеңберінде «Таза аула – таза қала» атты экологиялық байқаулары, «Үлгілі ауыл» және «Үлгілі аула» конкурстары өткізіліп, жеңімпаздарға лайықты құрмет көрсетіледі.
Болашақ ұрпақтың дені сау болуын қаласақ экологиялық сана мен мәдениетті осы бастан қалыптастыру керек. Мұны әр адам өзінен, отбасынан, туған ауылы мен туған қаласынан бастағаны жөн.
— «Табиғатсыз адамзаттың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ» дейді халық даналығы.
Табиғатты қорғап, болашақ ұрпаққа қалдыру бүгінгі ұрпақ парызы. Сондықтан, қоғам өміріне бейжай қарамайтын отандастарымызды «Таза Қазақстан» акциясына белсене атсалысады деген сенімдемін! — дейді аталмыш акцияға белсене қатысушылардың бірі, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.