9 рет оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының мән-маңызы ерекше. Расында да ауқымды іс-шараның астарында ұлт мұратымен, ұрпақ тәрбиесімен ұштасқан ұлағат жатыр. Ел мен жерге деген махаббат қоршаған ортаны қорғаудан басталады. Бұл туралы Президент биыл сәуір айында ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде де атап өткен болатын.

Аталған фестивальде Мемлекет басшысы: «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз. «Жас келсе – іске» деп халқымыз бекер айтпаған. Баршаңызды табиғатты қорғау идеясы біріктіріп отыр. Сіздер бәріңіз бірге істеп жатқан жұмыстың арқасында бұл игі бастама осындай үлкен қозғалысқа айналды. Ортақ іске күш жұмылдыру дегеніміз – осы», – деді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағы санасы сергек, ойы ұшқыр жастардың қолында екенін баса айтып: «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы. Соңғы жылдары елімізде көптеген маңызды өзгеріс болды. Әділетті мемлекет болу үшін біз заң мен тәртіпке бағынатын қоғам құрып жатырмыз. Сондай-ақ ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, өскелең ұрпақ үшін, яғни, сіздер үшін жасалуда. Қазақ жастарының болашағы – жарқын, жолы – ашық. Мен сіздерге сенемін, зор үміт артамын! Отаншыл, білімпаз, еңбекқор болыңыздар деп тілеймін. Сонда Қазақстанымыз да Әділетті, Таза, Қауіпсіз және Өркендеген озық ел болмақ. Бәріңізге сәттілік тілеймін!» деп ізгі тілегін білдірді.

«Таза Қазақстан» – ластанған аумақтарды қалдықтардан тазартуға, экологиялық ағарту жұмыстарын жүргізуге және тұрғындардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған акция. Аз уақыттың ішінде экологиялық акция еліміздің түкпір-түкпірінде кең өріс алды. Қазіргі таңда да бұл акция еліміздің барлық аймағында жалғасын тауып, жалпыхалықтық эко-челленджге айналды.

Аталмыш акция облысымызда да өтіп жатыр. Тазалық шарасы табиғатқа деген сүйіспеншілікті арттырып, қоқыс тастамау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етуде. Бүгінде өңір жастарымен қатар, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің де экологиялық акцияға қатысу белсенділігі күн санап артып, өздеріне тиісті аймақтарды қоқыс қалдығынан тазартуда.

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының сумен жабдықтау, су бұру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Сержан Саржановтың айтуынша, 8 ай барсында өткізілген акция қорытындысы бойынша, жалпы «Таза Қазақстан» акциясына 106 мың адам және 60 ірі,  400 шағын кәсіпорын атсалысыпты.

– Іс-шара аясында 30 тарихи-мәдени ескерткіш аумағы, 79,2 мың тұрғын үй ауласы, 2,7 шақырым көше жолдары, 803,8 шақырым арық жүйелері мен каналдар тазаланды. Бұған қоса 641,1 мың шаршы метр саябақтар мен скверлердің аумақтарын тазалау, 6,1 мың тонна күл-қоқыс шығару жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, акция барысында, Тараз қаласы мен аудандарда наурыз-сәуір айларында көктемгі 2 айлық абаттандыру, көгеріштендіру және санитарлық тазалық іс-шаралары өткізілді. Елді мекендердің сәулеттік  келбетін келістіріп, ажарын ашу, санитарлық тазалық жағдайын арттыру мақсатында Тараз қаласы мен аудандарда апта сайын жалпы 12 сенбілік ұйымдастырылды. Оған әр сенбілікте шамамен 9-10 мыңға жуық адам қатысты.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, елімізде «Таза Қазақстан» акциясы аясында 2025 жылдың алты айында 934 экологиялық шара ұйымдастырылып, оған 4,2 миллионнан астам адам қатысқан. Аталған акциялар барысында 506 000 тоннадан астам қоқыс жиналып, 859, 6000 гектар аумақ тазартылып, 2,4 миллион ағаш отырғызылды.

Жалпы, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының іс-шаралар жоспары мен оның орындалуы жіті бақылауда. Акция аясындағы жұмыстар одан әрі жалғаса беретін болады.  Өйткені, тазалық табалдырығыңның алдында жатқан қоқысты жинаудан басталады. Сондықтан, оған еліміздегі және облысымыздағы әрбір әрбір Адам атсалысқаны жөн

Сымбат ҚУАНЫШ.

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру