8 рет оқылды

Бүгінгі таңда бүкіл әлем алдында тұрған ең өзекті мәселенің бірі – экологиялық тұрақтылық пен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану. Дәстүрлі отын түрлері – мұнай, газ және көмір қоршаған ортаға үлкен зиян тигізіп, ауаға көмірқышқыл газын көп мөлшерде бөледі. Осыған байланысты көптеген елдер «жасыл экономикаға» көшуге, яғни табиғатқа зияны аз, жаңартылатын энергия көздерін дамытуға ден қойып отыр. Бұны өткенге оралу десе де болады. Өйткені алғашқы адамдар отты табиғаттан алғанын тарихтан оқығанбыз. Яғни найзағай түсіп тұтанған ағашты пайдаланып, күннің сәулесін, судың ағысын тұрмысына жаратқан. Ол кезде мұнай да, газ да, көмір де болған жоқ.

Адамзат табиғаттың өзінен қуат алып, тіршілігін жалғастырған. Бүгінгі күні біз де сол архаикалық дәуірдегі қарапайым қағиданы қайта жаңғыртып отырмыз. Жел – баяғыдай самал емес, электр жарығы. Күн – жай ғана жылу емес, қуат көзі. Су – тек ішетін нәр ғана емес, электр станциясының күші. Яғни «жасыл экономика» дегеніміз – технология арқылы ежелгі адамның табиғатпен үйлесімін қайта тірілту. Айырмашылығы – қазір ол әлдеқайда ауқымды, тиімді және ғылыми негізделген.

«ЖАСЫЛ ЭКОНОМИКА» ЖӘНЕ БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ КӨЗДЕРІ

«Жасыл экономиканың» басты тіректерінің бірі – жел энергиясы. Ол – экологиялық таза, шексіз энергия көзі. Қазіргі заманғы жел турбиналары электр қуатын өндіруде тиімді құралға айналды. Әлемнің көптеген елдері, соның ішінде Қазақстан да желдің қуатын игеруге бет бұрып отыр. Еліміздің кең даласы, әсіресе желі қатты соғатын өңірлері бұл бағытта үлкен мүмкіндік береді.

Атап айтар болсақ, Каспий теңізінің жағалауы, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстары жел энергетикасын дамытуға қолайлы өңірлер болып табылады. Баламалы энергия көздері бізге электр қуатын, не болмаса энергияның басқа түрін алу үшін қажет. Жел энергиясын арнайы электр генераторларының, диірмендердің көмегімен түрлендіру арқылы осындай қуат түрін алуға болады. Қазақстанда жел энергетикасын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен заңнамалар қабылданды.

Нақтылай түссек, 2013 жылы «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану туралы» заң қабылданып, жел энергетикасын инве стиция салушыларға қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар Үкімет жел энергетикасы жобаларына қаржылай қолдау көрсетіп, субсидиялар мен салықтық жеңілдіктер ұсынып отыр. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап ел болуды мақсат етіп отыр. Бұл мақсатқа жету үшін елімізде жаңартылатын энергия көздерін, соның ішінде жел энергетикасын қарқынды дамыту қажет.

Болашақта жел энергетикасы Қазақстанның энергетикалық балансында маңызды рөл атқаратынына сенім зор. 2024 жылдың соңындағы ресми дерекке сүйенсек, бүгінгі күні елімізде 50-ден астам жаңартылатын энергия нысаны жұмыс істесе, оның 20-сы жел электр станциялары болып табылады. Олардың жалпы қуаты 700 МВт-тан жоғары болып отыр. «Жасыл экономиканың» тағы бір маңызды бағыты – күн энергетикасы. Күннен алынатын энергия шексіз әрі сарқылмайды. Күн панельдері арқылы адамдар үйлерін жарықтандырып қана қоймай, жылуды да қамтамасыз ете алады.

Қазіргі уақытта күн сәулесін тиімді пайдалану үшін ірі күн электр станциялары салынып, күн батареялары тұрмыстық деңгейде де кеңінен қолданысқа еніп келеді. Қазақстан күн энергетикасын пайдалануда Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Себебі елімізде күн сәулесінің түсу ұзақтығы жылына 2200-3000 сағатқа дейін жетеді. Бұл күн энергиясын игеруге өте қолайлы.

Былтырғы ресми деректер бойынша, Қазақстанда күн электр станцияларының жалпы саны 50-ден асады. Олардың жалпы қуаты 1200МВт-тан жоғары, яғни күн энергетикасы жаңартылатын энергия көздерінің ішінде ең ірі үлеске ие. Еліміздегі күн энергетикасының үлкен станциялары Қарағанды, Жамбыл, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстарында орналасқан. Мысалы, Жамбыл облысында орналасқан Бурное Солар-1 және Бурное Солар-2 күн электр станцияларының ең қолайлы жағдайда, яғни күн толық түсіп тұрған сәттегі максималды өндіру мүмкіндігі 100 МВт-ты құрайды. Ал нақты өндірілетін электр энергиясы күннің ұзақтығына, ауа райы мен маусымға байланысты өзгереді. Ал Қапшағай күн станциясы мен Сарыағаш күн электр станцияларының орнатылған қуаты 50 МВт-ны құрайды.

Жел мен күннен алынатын энергия тек электр қуатын өндірумен шектелмейді. Олар ауаның ластануын азайтып, табиғатты қорғауға үлес қосады, сондай-ақ болашақ ұрпаққа таза орта қалдыруға мүмкіндік береді. «Жасыл экономика» – тек энергетика саласы ғана емес, ол табиғатты сақтау мәдениеті.

Бұл бағытта өз Отанын сүйетін әрбір азаматтың рөлі маңызды. Өйткені суды үнемдеу, қалдықтарды қайта өңдеу, экологиялық таза көлік пайдалану сияқты қарапайым әрекеттер де «жасыл экономиканың» бір бөлігі болып саналады.

ҚОҚЫСТЫ СҰРЫПТАУ – ТАЗА ЭНЕРГИЯНЫ ИГЕРУДІҢ ЕҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

«Жасыл экономика» дегенде көпшілігіміз бірден жел мен күннен алынатын энергияны елестетеміз. Бірақ бұл жолдың ең алғашқы қарапайым қадамы – тұрмыстық және өндірістік қоқысты өңдеуден басталады. Адам күнделікті өмірінде сан алуан қалдық шығарады. Қағаз, пластик, полиэтилен, металл, шыны, тағам қалдықтары – барлығы бір жерге үйілсе, табиғатқа орасан зиян тигізеді.

Мысалы, пластик ондаған жылдар бойы шірімей жатады, ал тұрмыстық қалдықтар топырақты да, суды да ластайды. Ал сол қоқысты дұрыс сұрыптап, қайта өңдеу – табиғатты қорғаудың ең тиімді жолы. Қазіргі таңда қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеу ісінде Германия, Швеция мен Жапония мемлекеттері алдыңғы қатарда тұр. Германия қалдықтардың шамамен 65-70 пайызын қайта өңдесе, Швеция тіпті өздерінде қоқыс жетпегендіктен, басқа елдерден қоқыс сатып алып, өңдейді. Ал Жапонияда қоқыс 40-тан астам санатқа бөлініп, сұрыпталады екен. Қазақстанда қоқыс өңдеу ісі соңғы жылдары қарқын алып келеді.

Елімізде 200-ге жуық қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және өңдеу кәсіпорны бар болса, оның ішінде тек 5 толыққанды қоқыс өңдеу зауыты бар. Олар негізінен Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Өскемен сынды ірі қалаларда орналасқан. Қазақстан 2050 жылдары қатты тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуді 50 пайызға жеткізуі тиіс. Ал бүгінде 6 миллион тонна қалдықтың тек 2 пайызы ғана қайта өңдеуден өтеді.

Жоғарыда аты аталған дамыған мемлекеттерде қоғамдық орындарда қоқыс тастайтын жәшіктер біріне қағаз, екіншісіне пластмасса, үшіншісіне тамақ қалдықтары тасталынатын болып бөлінген. Бұл қалдықты қайта өңдеу ісін жеделдетеді. Дәл осы үрдіс біздің де кей үлкен қалаларымызға келгенімен, өкінішке қарай біздің қоғам бұл мәдениетке бой үйрете алмауда. Алайда «көш жүре түзеледі» демекші, біртебірте дамыған елдердің осындай оң тұстарына етіміз үйренер деген үміт те жоқ емес.

Әлемдік тәжірибеге жүгінсек, Еуропа елдері полиэтилен пакеттеріне салық енгізді немесе мүлде тыйым салды. Қазақстанда да бірқатар ірі супермаркеттер полиэтилен пакеттерін біртіндеп ақылы етіп, тұтынушыларды көп реттік сөмкелер мен қағаз қаптарға көшуге ынталандыруда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын әзірлеуге бастамашы бола отырып, экономиканы жасылдандыру мен қоршаған ортаны қорғауды экономикалық бағыттың негізгі мақсатының бірі деп атады. Қазіргі кезде еліміздің бірқатар өңірлерінде көмірқышқыл газының бөлінуін шектеу және артып келе жатқан шөлейттенудің алдын алу үшін бес жыл ішінде ормандарға 2 миллиардтан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 15 миллионнан астам ағаш отырғызу жөніндегі Мемлекет басшысы алға қойған ауқымды жоба іске асырылып отыр.

ТАМШЫЛАТЫП СУҒАРУ ӨНІМДІЛІКТІ АРТТЫРАДЫ

Тамшылатып суғару – «жасыл экономиканың» негізгі бағыттарының бірі болып саналады. Мұндай әдіспен суғару өсімдіктің түбіне дәл қажетті мөлшерде ылғал жеткізіп, артық су жұмсауға жол бермейтіндіктен, ауыз суды 30-40 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ топырақтың тұздануын болдырмайды және эрозияға қарсы әсер беретіндіктен, аталмыш жоба ауыл шаруашылығында экологиялық таза әрі тиімді технология болып саналады. Сол себепті тамшылатып суару жүйесін енгізу – «жасыл экономиканы» дамытудағы маңызды әдістердің бірі.

Қазақстанда тамшылатып суару ең алдымен суы аз өңірлерде және егіншілікті суармалы жүргізетін аймақтарда көбірек қолданылады.

Атап айтар болсақ, Түркістан облысында мақта, жүзім, жеміс-жидек, көкөніс дақылдары үшін, Жамбыл облысында бау-бақша, қант қызылшасы мен көкөністерде, Қызылорда облысында күріштен басқа дақылдарда да су үнемдеу үшін сынақ ретінде енгізілуде.

Қазір Қазақстанда шамамен 200 мың гектарға жуық алқапта тамшылатып суғару қолданылады. Мемлекет шаруаларға субсидия беріп, осы технологияны кеңейтуге қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі күні дихандар тамшылатып суарудың жетістіктерін де көріп үлгерді.

Атап айтар болсақ, тамшылатып суғару әдісі арықпен суғаруға қарағанда 30-40 пайыз аз су жұмсалады. «Тисе тасқа, тимесе бұтаққа» емес, дақыл түбіне тікелей ылғал берілетіндіктен өнім көлемі 20- 30 пайызға көтеріледі. Сонымен қатар суды жеткізу қиын алқаптарды егістікке қосуға жағдай жасап, тыңайтқышты да дәл мөлшерде жеткізуге мүмкіндік береді.

Тамшылатып суғару – Қазақстан үшін болашағы зор, жасыл экономикаға тікелей үлес қосатын технология. Бірақ оны кеңінен тарату үшін шаруаларға қаржылық қолдау мен арнайы оқыту бағдарламалары қажет.

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КӨЛІККЕ АУЫСУ АУАНЫҢ ЛАСТАНУЫН АЗАЙТАДЫ

«Жасыл экономиканың» негізгі мақсаты – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаға зиянды әсерді азайту және болашақ ұрпақ үшін қолайлы өмір сүру жағдайын қалыптастыру десек, осы тұрғыда экологиялық көлік секторын дамытудың орны ерекше. Өйткені ірі қалалардағы ауаның ластануына көліктен шығатын түтін мен зиянды газдардың үлесі басым. Сондықтан Қазақстан үшін экологиялық көлікті дамыту – «жасыл экономиканың» басты бағыттарының біріне айналып отыр.

Экологиялық көлік дегеніміз – қоршаған ортаға зиянды шығарындыларды барынша азайтатын немесе мүлде шығармайтын көлік түрлері. Оларға электр қуатымен жүретін электромобильдер, қалаішілік қоғамдық тасымалдауда пайдаланылатын экологиялық таза автобустар немесе электр мен жанармайды қатар қолданатын тиімді гибридті жеңіл көліктер және велосипед пен скутерлер жатады.

Бұл көлік түрлерінің барлығы көмірсутек отындарын тұтынуды азайтуға және көмірқышқыл газының ауаға бөлінуін төмендетуге мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Қазақстанда экологиялық жағдайды жақсартуға алғашқы қадамдар жасалды. Мысалы, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында электр қуатымен жүретін автобустар қолданысқа енгізілді. Олар қала ішіндегі шу мен түтінді азайтып, жолаушыларға қолайлы жағдай туғызуда. Елде электромобильдер саны жыл сайын артып келеді. Сондайақ зарядтау станцияларының желісі кеңейіп, саны артып келеді.

Бүгінде 500-ден астам станция орнатылған. Бұл электромобиль иелеріне көлігін ұзақ сапарға пайдалану мүмкіндігін беруде. Сонымен қатар мемлекет электр көліктерін сатып алушыларға салықтық жеңілдіктер ұсынып, кейбір аймақтарда тегін тұрақ орындарын қарастыруда. Экологиялық көлікті дамыту – Қазақстан үшін «жасыл экономиканың» ең маңызды бағыттарының бірі.

Бұл бағытты дамыту арқылы еліміз ірі қалалардағы экологиялық жағдайды жақсартып қана қоймай, жаңа технологияларды енгізіп, инновациялық экономиканың дамуына серпін береді. Мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп, қоғам тарапынан сұраныс артқан жағдайда Қазақстан болашақта Орталық Азиядағы экологиялық көлік орталығына айналуы әбден мүмкін.

БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілдігі мамандары еліміздің «жасыл экономикаға» көшуіне толыққанды жағдайы жетеді дегенді айтады. Атап айтқанда, жер көлемінің аумағы, су ресурстары, географиялық орналасу жағынан қолайлы болуы айтулы жобаның жүзеге асуының ұтымды тұсы болып отыр. Менделеев элементтеріне бай Қазақстанның әлем елдерінің алдыңғы легінде «жасыл экономикаға» өтуге деген ұмтылысы елінің болашағына бейжай қарамайтын кез келген азаматты қуантпай қоймайды.

«Жасыл экономика» – б ұ л тек экологиялық талап қана емес, ол болашаққа жасалған маңызды инве стиция. Табиғатты қорғау, ресурстарды тиімді пайдалану, энергия көздерін жаңарту және қоқысты қайта өңдеу – бәрі еліміздің тұрақты дамуына, халықтың өмір сапасын арттыруға қызмет етеді. Қазақстан үшін «жасыл экономикаға» көшу – жаһандық үдерістерден қалыс қалмай, жаңа технологияларды игеріп, болашақ ұрпаққа таза табиғат пен мықты экономика қалдырудың кепілі.

 

Арна ЖҰМАТАЙ

БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру