Қазақ халқының қадым заманнан қаймағы бұзылмай келе жатқан салт-дәстүрі мен ырым-тыйымына зер салып қараңызшы. Бір ғана баланың дүниеге келуінде көптеген әдет-ғұрып жатыр. Тіпті жоралғылар сәби өмірге келмей тұрып, анасының жатырында жатқаннан-ақ басталады. Құрсақ шашу, жарыс қазан дәстүрлері соның айғағы. Одан кейін аяғы ауыр кезде келіншектің лас жерді баспауы, адал ас жеуі, таза жүріп, жылы сөйлеуі де баланың болашағы үшін өте маңызды. Ал шарана тар құрсақтан шығып, кең дүниеге келгенде орындалатын салттардың жөні тіптен бөлек. Тал бесіктен басталатын дәстүр жер бесікке дейін жалғасын табады. Ұлттық құндылықты ұйыған айрандай сақтап қалған ұлтымыздың бір ерекшелігі осы шығар, бәлки.
Тәуелсіздіктің таңы атып, егемендік еңсемізді тіктеген соң ескіден келе жатқан есті салттар санамызда сіңіп, ұлттық кодымызды қалыптастыруға септігін тигізді. Алайда біз қолда барда алтынның қадіріне жете алмадық. Әуелі торқалы тойда сақталуы тиіс салттарды садақа етіп, орнына өзгенің қаңсығын әкеліп, таңсық қылдық. Тәлімі – Абай, тәжі – Абылай болған біздер той-думанда тәттінің шырағын сөндіріп, жасы үлкен кісіге асатсақ, қалыңдықтың гүлін қағып алу үшін қақтығысқа түстік. Бұдан бөлек беташар, тұсау кесер салттары да атүсті айтылып жүр. Батыр Бауыржанның келіні Зейнеп Ахметова беташар хақында «Бұрын елге беделі бар жыршы, ақындар өтініш айтып, келіннің бетін мен ашайын деген екен. Ал қызуқанды мінезі барларға енелері келіннің мінезі омпақ-домпақ болып қалады деп ашқызбаған. Келіннің бетін ашқан адамға үй иесі өздігінше құрмет көрсеткен. Түйе жетектеткен, ат мінгізген, шапан жапқан, тағысын тағы… Ал көрімдік мүлдем басқа. Бүгінде көрімдік пен беташар бірігіп, бизнеске айналып кетті. Беташарды жүргізуші ортаға ыдыс қойып, қолындағы тізімін тізбектей жеке-жеке, тіпті еңбектеген балаға дейін келінге сәлем салғызады. Қазақтың келіндері жолдасынан жасы кішілерге ешқашан сәлем салмаған. Келіннің бетін ененің ашуы салтқа мүлдем қайшы» десе, тұсаукесер туралы бүй дейді: «Қазір қайшымен кесіп жүр. Қайшы деген екі жүздің бір-бірімен қайшылануы. Баланың өмірі қайшыланады. Қайшымен кесуге болмайды. Артынан кескенді де көрдік. Бала артына жүрмейді ғой?!». Сырт көзге қарағанда салтты сақтап, оның мұртын бұзбай орындау оңай шаруа емес. Әйткенмен, «Көш жүре келе түзеледі». Олай болса салтты сақтап, дәстүрді думанның ортасында жүріп дәріптеуге әлі де кеш емес.

