Халық сүйіп тыңдайтын «Рахмет, саған туған ел!», «Хат жазып тұр» әндерінің сөзін жазған елдегі ерке ақын Нарша Қашағанұлы тірі болғанда бүгін 70 жасқа толар еді…
1.Елдегі ерке ақын еді
Илегеніміз бір терінің пұшпағы – әдебиет пен өнер болған соң, кейде әншілермен де әңгімелесіп қалам. Сондай сырласудың бірінде жас әнші Мейіржан Самылтыров «МузАРТ»-тың орындауындағы «Рахмет, саған туған ел!» әнін тыңдаған Нұрсұлтан Назарбаев риза болып: «Мына әннің сөзін жазған ақын кім? Алматыда тұра ма?» деп сұрапты дейді.
Сонда қасында отырған өнер өкілдері бұл әннің сөзін жазған Нарша Қашағанұлы деген талантты ақын екенін, бірақ әлі күнге дейін өзі туып-өскен Таластың даласын қимай, Ақкөл мен Қаратауды маңайлап жүргенін, өкінішке қарай, жақында өмірден озғанын айтқанда, туған еліне анасындай еркелеп өлең арнаған шайырды шақырып, әңгімелесе алмағанына өкініп, «әтеген-ай» деп қалғандай бопты» деген.
Рас-өтірігін бір Алла білер, ал өз басым осы әңгімеге шүбәсіз сендім. Өйткені әр сөзінен ақжүрек азаматтың анасына деген мөлдір махаббатындай адалдықтың аңқылдап тұрғанын байқап, сол ойымды кімге айтарымды білмей жүргем. Сәті түскенде ән авторы, композитор Әуез Салабековтің өзі кездесе кетті. Салған жерден «Мейіржан шәкіртіңнің айтып жүргені рас па?» деп сұрадым. «Рас, — деді ол жымиып, — Елбасы «МузАРТ»-тың Алматыдағы концертінде осы әнді тыңдап отырып сұрапты» деді.
Шынында мұндай жырды қазақтың қара өлеңінің қадірін білетін адам, мейлі ол ел президенті болсын, мейлі қарапайым ғана ел перзенттерінің бірі болсын, «Бәркелді!» деуге тиіс.
Қараңызшы…
Бәйтерегім сен едің,
Бір бүршігің мен едім.
Қолым қысқа демедім,
Қолтығымнан демедің.
Рахмет, саған туған ел!
Қасиеттім, киелім,
Жаралған сенен сүйегім.
Арқардай ауып жүргенде,
Арқамды саған сүйедім.
Рахмет, саған туған ел!
Қазақ деп соққан жүрегім,
Қазағыңның бірі едім.
Тайғағында тағдырдың,
Табанды саған тіредім.
Рахмет, саған туған ел!
Қасиеттім, киелім,
Сүйенерім, сүйерім.
Алаламай бәріңді,
Алдыңда бас иемін,
Рахмет, саған туған ел!
Зады туған елі мен кіндік кескен жері туралы қаншама ақын қаншама жыр арнамады дейсіз?! Жазушылар одағында, мысалы, 800-ге жуық ақын-жазушы бар десек және оларға сол одағыңызға мүше болмай-ақ танылған таланттарды қоссақ, атамекені-анасы алдындағы перзенттік парыздарын өлеңмен жеткізгендерге қарық болады да қалады екенбіз. Бірақ…
Бірақ әр ақынның өзіндік мінезі, өзіндік сезімі, өзіндік білімі мен білігі, өзіндік іштей сүю мәдениеті болатынын ескерсек, онда солардың арасынан Нарақынның есімі бөлек тұруға керек. Ұранға сұранып тұрған сөздерді ұйқасқа айналдырып өлең «құрау» бар да, жан сыры боп төгілген жырының әр жолынан азаматтық үні, перзенттік парызы, ұлттық ұстанымы, адамдық аңғалдығы көрініп, тіпті, халқынан өзінің пенделік кем-кетігін де жасырмай айта алатын ақжарма ақындардың бітімі бөлек келеді. Олардың сөзбен салған суреттерін тау мен даланың табиғи сұлулығындай ықыластана қабылдайсың.
Мысалы:
Еркеледім, есірдім,
Ессіз, көзсіз көсілдім,
Еңіреп кетті есіл күн,
Бәрін де соның кешірдің.
Рахмет, саған туған ел!
Балалығым қалса да,
Қателік деген қаншама.
Жүрмін ғой әлі еркелеп,
Шашымды ақ шаң шалса да,
Рахмет, саған туған ел!
деген жыр шумақтары Нарша сияқты ақеділ ақындардың ғана жүрегінен туады. Ал мекеме қызметкерлерінің ережесіне айналған тәртіптен аса алмайтын басқа бір өлеңші болса, онда ол туған елінің алдында бала боп еркебұлан ғұмыр кешпеген періштедей пәксініп, мұндай шумақтарды «жатырында-ақ» тұншықтырып тастар еді. Оған сөзді шығын қып қайтеміз, ақиқаты да осы.
2.Мәскеу қазақтарының аузында да Нарша жырлары жүр екен
Бірде Наркөкем мені туған жері — Таласының даласында емес, сонау Мәскеу маңындағы орманды алқаптың ішінде қуантты. Өзі емес әрине, жырмен түзілген сөзі.
Былай болды. Жеңістің 60 жылдық мерейтойын Мәскеуде, оның түбіндегі аты әлемге әйгілі қанды қырғын болған Волоколамск разьезі, Петелино, Ширяево және Нелидово деревняларында өткізу бақытына ие болдым. Атақты 28 панфиловшы-батыр осы жерлердегі соғыс даласында ерлікпен қаза тапқанын білесіздер. Солардың жиырма екісі Нелидово деревнясындағы бауырластар қабіріне жерленіпті.
Бетке ұстарымыз Батыр Бауыржан Момышұлының ұлы Бақытжан мен Зейнеп жеңгеміз. Сапар сыры — Нелидоводағы қатар-қатар тізілген жауынгерлер зиартының бас жағына қойылған Кеңес Одағының Батырлары генерал Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлының ескерткіш-бюсттерінің ашылу салтанатына қатысу.
Бәрі жақсы өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мәскеу облысының губернаторы Борис Громов батырлар ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Жиын аяқталған соң Мәскеудегі «Қазақ тілі» және «Мұрагер» қазақ-мәдени қоғамының төрағасы Жәнібек Елекбаевтің орман арасындағы үйінде отырғанбыз. Сізге өтірік, бізге шын, өзіміздің Жуалыдан шыққан сол қарапайым қазақ орыстардың бай-бағыландарынан қалыспай орманның арасынан еңселі үй салып апты. Ауласында киз үй тігулі тұр. Біз сонда шаңыраққа сүйсіне қарап қойып, ас ішіп отырғанбыз. Елден келген бауырларым десе жаны қалмай қызмет ететін Жәнібектің төңірегіне топтасқан өнерлі азаматтарымыз да баршылық екен. Соның бірі, бүгінде елге белгілі «Ауылға барам» әнімен танылған Абылайхан Оспанов болып шықты.
Бір уақта сол Абылайхан мырза Мәскеу орманының ортасындағы киіз үйдегі дастарханды басқару «құқығын» пайдаланып, Нарағаны еске алғаны. Мәскеуде жүрген бауырларымнан таңдай қақтырар басқа нәрселердің бәрін күтсем де, дәл осыны күтпеген ем, таңғалып қарап қалыппын. Ал ол болса күнде қасында жүргендей Нәкең туралы ерекше ықыласпен түсіндіре келіп, бір өлеңін жатқа оқып жібергенде, жүрек шіркін елжіреп кетті…
Әрине, Абылай да, дастархан басындағы басқалар да Наркөкемнің атын бала кезімнен естіп, Наркөкемнің жазған-сызғандарын бозбала кезімнен көріп, оқып, тыңдап өскенімді білген жоқ. Редакцияда қатар қызмет еткенімді де білмес. Ағайын, бауыр екенімізден де хабарлары жоқ. Бәрі алаңсыз ақын өлеңіне өздерінше разы болып, өздерінше қол соғып жатыр.
Сол сәтте Таласы мен даласына тамсана жыр арнап Ақкөл деген ауылындағы, Қаратау деген қаласындағы жақын-жұрағатына қалжыңдап қойып, жайбарақат жүрген Наркөкемнің өлеңдерінің Мәскеуді мекен етуге барған қазақтардың аузында жүргеніне, әй, бір қуанғаным-ай! Мәскеу маңындағы орман арасындағы жуалылық қазақ кәсіпкерінің үйінде, дастархан төріне отырған Батыр Баукеңнің ұлы Бақытжанның алдында оқылған сол өлеңдердің бірі мынау еді.
Атың шығып, айдарыңнан жел ессін,
Байлығың да, билігің де тең өссін.
Ешқашан да есіңнен бірақ шығарма,
Кім болсаң да елден үлкен емессің.
Мейлі әкім, мейлі ақын, ғалым бол,
Батыр да бол соңына ерген қалың қол.
Бәрібір сен елден үлкен емессің,
Есті ерге әлімсақтан мәлім-ді ол.
Бір кездері туған жерде сен өстің,
Кейінірек жақсылармен теңестің.
Ауылдағы адам қоры деймісің,
Едірейме, елден үлкен емессің.
Бәз біреулер үшін, бәлкім, ірісің,
Біреулердің, тіпті, мүмкін пірісің.
Бірақ, бірақ Ел-Ананың киелі,
Алдында сен көп перзенттің бірісің.
Наркөкемнің домбырасы
Наркөкем туралы алғаш рет естуім де қызық. Бала кезімде Амангелді ауылынан шығып Талас өзенінің аржағындағы Ойық ауылына баратынмын. Онда Әлімбек ағамыздың үйіндегі Айсан апам, Мәденәлі көкем, Гүлшарахан әпкем, Әшірәлі інім бар. Үлкен ағаларым — Рамазан, Төлеген, Аманәлі сыртта, ауылға анда-санда төбе көрсетеді. Ал Әлімбек деп отырғаным Сәттібай атамның інісі, бауыры.
Бір қызығы дастархан басында Айсан апам өз балалары емес, Нарша жайлы көбірек сөз қозғайды, көбірек мақтайды. Айтуларына қарағанда өлең жазады. Өзін «туысқанымыз» деп қояды. Арасында Аманәлі ағайымның да өлең жазатыны мен ән шығаратыны айтылады.
Біздің ауылдағы ағайындардың үйіндегі күңкіл-шүңкіл әңгімеде көбінекей «малға шөп салу», «оны суғару», «астын тазалау», «қойдың кезегін бағу» сияқты тағы басқа да толып жатқан ұсақ-түйек «шаруашылық мәселелері» сөз болса, әлгі мен барып қайтқан туысқанымыздың үйінде қызықты кітаптар мен кинолардағы шытырман оқиғалар, ақындар мен әншілердің өмірі мен өлең-жырлары, әндері туралы әсерлі әңгіме болады екен. Содан «Өнерге өмірдей ынтық бұл неғылған үй?» деген ойдың түбіне жете алмай басым мәңгіп, ауылыма оралам. Тіпті, «асық» пен «ләңгіні» тәрік етіп, менің де өлең жазғым кеп кететін болды. Сөйтіп жүріп жастайымнан үлкен-үлкен кітаптарды таусап оқып, өзім әлі жөнді түсіне қоймайтын өлеңдерді жаттап, бірте-бірте асау өнердің жалынан сипалап, оған да үйренісе бастадым.
Ұнаған өлең жолдары болса, әрине, санама жатталып қалады. Ойыққа тағы бір барған жолы Әшірәлінің фотосуреттерден тұратын альбомының алғашқы парағына түрлі-түсті қарындаштармен «Балалық шақ – патшалық шақ» деп әдемілеп тұрып жазып бердім. Бір жерден оқып, көкейімде жатталып қалған сөз ғой. Соны Нарша көкем көріпті де «Мына сөзді кім жазды?» деп сұрапты риза кейіппен. Айсан апам мен Әшірәлі інім «Амангелді ауылында тұратын Сәттібай деген атамыздың бір баласы бар, өткенде сол кеп жазып кетті» депті.
Мен Наркөкемнің назарына алғаш рет осылай ілігіппін. Кейін он тоғызға толғанда аудандық «Ленин жолы» газетіне тілшілікке шақырылдым. Иә, елдің балаларын мектептен кейін әскери комиссариат әскерге шақырып жатса, редакция мені журналистер сапына тұруға шақырды. Дәл сол кезде Нәкем де Жамбыл ауданындағы «Шұғыла» газетіндегі қызметін тастап, туған жері – Таласындағы «Ленин жолы» газетінің «Мәдениет және өнер» бөлімінің меңгерушісі болып кеп жатыр екен. Ал мен «Ауыл шаруашылығы» бөлімінің тілшісі едім.
Байқағаным, Наркөкемнің жүріс-тұрысы мен сөйлеу мәнерінің өзі бір хикаяға жүк боларлық дүние. Үнемі үлкен-кіші демей әдемі әзілімен күлдіріп, одан өзі де ләззат алып, көңілді жүретін. Мақала жазу үшін де ұзақ ізденеді. Газет-журналдар мен кітаптарды көп ақтарады. Қажетті цитаттар жинайды. Қолтығында папкасы. Жинаған дүниелерінен онысының бүйірі томпайып шығып тұрады. «Үйге барып жазам» дейтіні де бар кейде. Қысқасы, нағыз ереке. Ол еркелігі сырбаз, сыпайы мінезіне жарасып тұрады.
Редакторымыз Әбдірахман Әбдірәсілов те Наркөкеме келгенде қабақ шытпайды. Сосын оның тоғыз ай толғақтан соң туған мақаласын сүйсініп тұрып оқиды да, «мына жерін қараңдаршы» деп, рахаттанып тұрып бізге мақтайды.
Мен кейде түскі асты Наркөкемнің үйінен іше салатынмын. Үйі қызмет орнымызға жақын. Редакция үлкен жолдың шығыс жағында болса, Нәкемнің үйі соның батысында. Ас үйде көрпеге отырамыз. Еденде жайпақ үстел бар. «Жозы» деуші ме еді? Болған жеңгем шәй құятын өз орнына, Нәкем төрге, мен жанторсықтай боп жанына жайғасам. Наркөкем ас ішіп отырып Болған жеңгеме қалжыңдап, «тиісіп» отырады. Жеңгем күледі де қояды. Қазір ойлап отырсам, ақын ағам әйеліне де баласындай еркелеп өткен екен ғой.
Сосын қолына домбырасын алады. Даусы жақсы. «Екі жирен», «Жиырма бес» сияқты күрделі, орындауы аса қиын, екінің бірі тәуекел ете бермейтін халық әндерін нәшіне келтіре шырқайды. Домбыраны шертіп тартады. Шертісінен шеберлікпен бірге тектілік байқалады.
Сосын:
Ей, домбыра!
Досым менің, сырласым менің сыралғы,
Өзіңменен қосылып айттым жыр-әнді.
Жүрегім менің қаншама рет жылады,
Құлағың сенің қаншама рет бұралды.
Ей, домбыра!
Жатпаса да бәйгелерден атым кеп,
Көре алмайтын жақыным мен жатым көп.
Тірі жаннан тіреу таппай түңілсем,
Тек өзіңмен сырласатын сәтім көп.
Ей, домбыра!
Бұл тірлікте түйген менен көргенді,
Шерте-шерте сері көңіл шерленді.
Мен де сендей сыршылмын ғой, тек әттең,
Адамдар аз тап басатын пернемді.
Ей, домбыра…, —
деп күрсінеді.
Күрсінген кезде түрі қабарып тұратын қытымыр ағаларының өздерін де қалжыңының «құрбаны» ғып жіберетін сал-сері Наркөкемді танымай қалам.
3.Ақын кітапханасы, Абай және Антуан де Сент-Экзюпери
Домбыра шертіліп, ән айтылып болған соң Наркөкем:
-Жүр, енді мен саған байлығымды көрсетейін, — дейді де залына бастайды.
Наркөкемнің бар байлығы – кітаптары. Олары залдың бір қабырғасын алып, толып тұр. «Шаруаға икемсізбін» деп өзін өзі кінәлайтын көкем, кітап сатып алып, оған сөре тауып, жинауға келгенде алдына жан салмайды. Қазақ әдебиеті, орыс әдебиеті, шетел әдебиеті дейсіз бе, мұқбасына мазмұны сай кітаптарына қарап ал кеп қызығам. Мен де өзімді «кітаптан тау тұрғызғандардың бірімін» деп санаушы ем, бірақ оным Наркөкемдікінің қасында түк те болмай қалды.
Елдің қолына әлі тие қоймаған кітаптардың түр-түрін сатып әкелген күні Нәкем базардан өрік, мейіз сатып әкелетін баяғы апаларымыздай мейірленіп кетеді. «Мынау «Қара өлең» деген кітап. Мынау Кенен томдары. Ал мынау «Беласқан» деп аталатын қазақтың жас прозашыларының ұжымдық жинағы. Ал мынау данышпан Абай дейді де:
Қарап тұрсаң қатпарына тарихтың,
Тағдырына талай-талай алыптың.
Алауыздық – қасіреті қашанда,
Қазақ деген қамкөңілді халықтың.
Өтті бастан өкініш те, азап та
Жаптық жала, жақтық күйе таза, аққа.
Өтті бәрі… енді елдің бірлігі
Қай кезден де қымбатырақ қазаққа.
Көре тұра қайтіп ауыз жабайын,
Біле тұра қайтіп байыз табайын,
Сабайын деп жүргендер де аз емес,
Көре қалса заманының Абайын.
Қазекем-ай, қазекем-ай, қазекем,
Қайтсем сенің көңіліңді таза етем.
Жылай, жырлай өткені анау Абайдың,
Күлкішіл, кердең, надан әлі мәз екен.
Бір-біріңді дос көрмесең, сол қайғы,
Әулие Абай, әне, солай толғайды.
Өзгермесе өзі көрген қалпынан,
Ұлы әруақ ұлтына риза болмайды! —
деп «Абай аманаты» деген өлеңін мұңайып отырып мұңлы дауыспен оқып береді.
Әне, анау қаз-қатар тізіліп тұрған «Әлем балалары әдебиетінің кітапханасы» сериясымен шыққан ғажап кітаптар. Соларды қарап жүріп Антуан де Сент-Экзюперидің «Кішкентай ханзада» деген ертегі-повесіне көзім түсіп, университеттегі Сагалович деген сұлу әйел есіме орала кетеді. Шетел әдебиеті сабағынан дәріс оқитын, сөйлегенде кідірмейтін, кібіртіктемейтін су жорғадай жеделдете, желпіндіре сөйлейтін өте шешен кісі еді, бір сессияда сол ұстазымның емтиханынан сүріндім де қалдым. Сұрақ тура осы Антуанның «Кішкентай ханзада» туралы шығармасынан екен. Ары жетеледі, бері жетеледі, болмады. Сосын менен түк шықпасын білді ме, «Егер болашақта жақсы журналист немесе танымал жазушы болам десең, осы Антуан де Сент-Экзюперийді қалайда тауып алып, оқы» деді де, есеп кітапшама «Удов.» деп жазып, қол қойып берді.
Сол Антуанның «Кішкентай ханзадасымен» Наркөкемнің үйінде кездесем деп кім ойлаған.
-Көке, мына кітапты оқуға бере тұрыңызшы.
-Ала ғой, бауырым.
Үйге барып кітапқа ашқарақтана үңілсем, Антуаным оңай оқылады екен. Негізі, классиктер оңай жазатындай көрінеді ғой елге. Баяғыда Робинзонды оқығанша, «Кішкентай ханзаданы» оқысамшы» деп бармағымды тістедім. Бірақ Антуанды түптің түбінде әйтеуір бір оқитыныма үлкен жүрекпен сенім артып «Удов.» деген баға қойып берген баяғы Сагаловичтай сұлу ұстазымның «тапсырмасын» орындадым. Қарыз боп қалғаным жоқ. Әрине, Наркөкемнің арқасында…
4.Қазанама. Наркөкеммен қоштасу…
Сол Наркөкем қайтыс болды деген хабар жеткенде, оның Таласы мен даласы түгел теңселіп кеткендей болды. Таласың не, Сарыарқасы да сансырады. Атырауы мен Ақтауы да күңіренді. Шығысы да шын жылады.
«Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы тілшісі боп жүрген маған қазақ елінің төрт тарапынан бозторғайдай шырылдап жеткен телефон қоңыраулары құлағымды тас қып бітеп тастады. «Не болды? Неден кетті? Кермет ақын еді ғой! Қандай ғажап адамнан айырылып қалдық…» дегендерде қисап жоқ. Ал «Қазанама жазып бер» деген газет редакциялары, тіпті, көп.
Сол кездегі Астана қаласындағы ата газеттен Наркөкемнің курстас-достары, ел-жұртқа аса танымал Ержұман Смайыл, Сауытбек Абдрахмановтар да телефон шалып жатыр. Олар да «Суретін жібер», «Қазанамсын дайында» дейді, адамның жаны күйзеліп отырғанда. Өйткені Наркөкем еліне еркелесе, мен сол Наркөкемнің өзіне еркелеп өскен тентек едім.
Сосын Нәкемді білетін жұрт жылап-еңіреп Қаратауға қарай ат басын бұрғанда, мен аға алдындағы соңғы қызметімді адал атқару үшін кабинетіме жападан-жалғыз қамалып алып:
«Қазақ әдебиеті алаштың баласы мен даласын асқақтата жырлаған ардақты ақынынан айырылды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Талас ауданының Құрметті азаматы, белгілі ақын Нарша Қашағанұлы 63 жасында дүниеден өтті» —
деп, қолым қалтырап қазанама жазып отырып:
Бір-ақ сәт-ау фәни, бақи арасы,
Жалған осы. Пенденің жоқ шарасы.
Күндер, күндер – жапырақтары жылдардың,
Жұлынып жатыр, жұлынып жатыр қарашы.
Қайран уақыт уақыт көнбейді екен ырыққа,
Қайырылмайды бір сәт мойын бұрып та.
Көсемәлі, десем әлі жас жігіт,
Апыр-ай, сен де кеп қалдың ба қырыққа?!
Түсінемін мақсатың бар мәнді, ауыр,
Саналыға солай болған сан дәуір.
Өз атыңды өз қолыңмен тарихқа,
Жазып кетсең арманың не, жан бауыр?! —
деп, мен қырыққа толғанда тебірене оқыған жыры құлағымда қоңыр үнімен қайта жаңғырығып, көңілім босап, көзім жасаурап кетті.
… Көп ұзамай машинама Баттал көкемді мінгізіп алып Қаратауға қарай «Бауырым-айлап!» аттанған көппен бірге мен де бара жаттым…