Ол бір сөзінде «Мен не көрмедім. Әзірбайжан Мәмбетовті «ұрдым», Асанәлі Әшімовпен «ұрыстым» деп еді. Әрине, қалжыңдап айтқан…
Ұядағы ұл мен қиядағы қыздың қам-қарекетін ойлап, миым «ашып» келе жатқанымда ұялы телефоным «әндетіп» қоя берді. «Қорамсаққа» қол салып ем, ар жақтағы әйел үні: «Танып тұрсың ба, Тұрахан апаң ғой» деді.
Қапелімде күмілжіп қалдым. Таныстардың дауысын танымай қалғанда өстетін әдетім бар.
Әйел үні: «Таныдың ба?» деді тағы.
«Иә» деп өтірік айтуға ұятым жібермеді.
«Жоқ» деп ем, дауыс иесі ұялы телефонын «өшіре» салды.
«Ал саған керек болса! Мынау кім де болса тегін адам болмады…» деп ойладым.
Сосын байланысқа өзім шығып, сөзімнің біссімілләсін «Ало, кешіріңіз…» деп, жұмсақтау бастадым.
«Неғып танымай қалдың, Асанәлі Әшімовтың кітабына жазған Тұрахан апаңмын ғой…» деді бұл жолы дауыс иесі.
«Қиналған Жамбыл жер осы» дегендей, мұндай ұялмаспын! Осыдан екі жылдай уақыт бұрын, Талғардың маңындағы ауылда, одан кейін М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық драма театрдағы актерлер бөлмесінде сағаттап отырып әңгімелескен, әңгімелесіп отырып қасарысқан қасқырдай қайсарлығына бас иген Тұрахан Сыдықованың дауысын танымай қара басыппын.
«Танымай қалу» дегеннің ар жағында «менсінбеу» деген бұзық пиғыл да қылтиып тұрады емес пе, менде ондай ой болмағанын білдіріп, «кешіріңіз, күнде жазу, күнде ондаған адамдармен сөйлесу, жұмысбасты ініңізді мына ит тіршілік әбден «алжытты», апа» деп, ақталап жатырмын.
Қайран да қайран қайсар апам менің.
Танысуымыз да қызық болды өзі. Ә дегенде аты-шулы «Келін» фильмінен түрі мен мінезін көрдім.
Шетел кинематографиясының құлағын ұстағандар мұндай типаж актрисаларды кинодан киноға сүйрелеп, қашан Оскар сыйлығын алғанша екі аяғын жерге тигізбейді.
Тағдыр тауқыметімен алысқан, табиғаттың тасыр мінезімен күрескен, тау көкжалы – қасқырдың өзімен «тіл табысқан» актриса-ананы қалайша құрмет тұтпайсың?!
Фильмді көріп отырып «Ойпырай, мына актриса кім болды екен?» деп аласұрғам. Қырғыз ба, әлде саха, тува, хакас сияқты аз ұлттардың дарабоз дарындарының бірі ме?
Неге екенін қайдам, Ене рөліндегі қайсар кемпірді қазақ актрисасы ойнап шықты деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Сөйтсем, ол Хан Тәңірі шыңының баурайындағы хан жайлауды жайлаған ақынжанды халықтың қайсар қыздарының бірі екен ғой.
Құдамыз Әбжан Талғарға қарай баратын күре жолдың бойындағы шағын ауылдардың бірінде тұрады.
Бұл — қарсы алдынан ақ бас Алатау асқақтап шақырып тұратын керемет сұлу жер өзі.
Құдамның қонақтарының бас-аяғы түгел жиналып қалған сәтте бір дегдар кейуана келіп сырттағы үстелдің шетіне жайғасты. Әбекең: «Бұл кісі «Келін» фильміндегі Ененің рөлін ойнаған апамыз» демегенде мән беруім екіталай еді, аты-жөнін естуім мұң, отырған орнымнан атып тұрдым. Мұндай қуанбаспын, өйткені фильм арқылы «танысып», фильм арқылы өнеріне тәнті болған жұмбақ актриса тура алдымда отыр.
— Апа, мүмкін болса, дастарханнан кейін бір сәт уақытыңызды бөлсеңіз.
— Жарайды, бірге барайық, мен бір-екі үйден кейін тұрамын, — деді ол.
Бірақ ас желініп, құран оқылып, бата беріліп болған соң Тұрахан апамды іздеп далаға шықсам… жоқ.
Құдамнан сұрап ем, үйін көрсетті. Барсам апам үйін жинастырып жүр екен.
— Үйіміздің түрі осы, — деді, ол әлі толық бітпеген баспанасына ыңғайсызданғандай, — бітіре алмай жатырмыз.
— Ой, апа, біздің мұндай да үйіміз жоқ, — деп көңілін ауладым.
Тұрахан апа Алматыдағы «Алмагүл» шағын ауданындағы 3 бөлмелі пәтерін сатып, Айсұлу поселкесіне көшіп кепті. Бұл жерде, әрине, қаладағыдай үйге келіп тұрған дайын газ бен су жоқ. Ауыз суды сатып алса, бау-бақшасын суғаратын суды бөшкеге құйып алады. Газды балонмен әкеліп сатады. Қыста үйді пешпен жылытады. Ол үшін көмір түсіріп, оны жағу керек. Мұның бәрін Тұрахан жалғыз өзі атқара алмас еді, Азамат атты баласы көмектеседі екен. Қазақша оқып, қазақы тәрибемен өскен ұл да қаланың у-шуынан гөрі, ен даладағы еркіндікті жақсы көрем дейді.
Ал Тұрахан Сыдықованың өзіне келсек, ол Алматыға өнер іздеп сонау 1966 жылы келіпті. Шүу дегенде Нарынқол ауданындағы халық театрының сахнасында ойнаған. Облыстық байқауда бірінші орынға ие бопты. Содан кейін Алматыдағы «әкемтеатрдың» есігін именбей ашудың сәті түскен.
Алматы — мәдениет пен өнердің үлкен ордасы ғой. Шәкен Айманов ағасын сыртынан көріп тәлім алса, Серке Қожамқұлов, Асқар Тоқпанов, Ыдырыс Ноғайбаевтарды елден ерек құрмет тұтыпты. «Қаракөздегі» рөлі сәтті шыққанда Сераға, тіпті, риза болып, жақсы лебіз білдіріпті.
Бүгінде Тұрахан Сыдықованың Әуезов театрында актриса болып қызмет еткеніне 30 жылдан асты. Осы уақыттардың ішінде ол көптеген спектакльдерде ойнап, көптеген бейнелерді сахнаға шығарды. Ұзын-ырғасы 22 фильмге түсіпті. Ал 22 фильм деген 22 рөл ғой. Қазақ киносынан басқа, Польша, Италия елдерінің киноларына да түскен.
Сахналық өмір жолында эпизодтық рөлдер де, өнердегі діңгегі сияқты тұлғалы образдары да болды. Белгілі режиссер Ардақ Әміреқұловтың «Отырардың күйреуі» фильмі – Тұраханның киноөнеріндегі дебюті. Онда ол басты қаһармандардың бірінің жұбайы болып ойнады. Ал өзі, негізінен, театр сахнасында еңбек етеді. Режиссер Болат Атабаевтың «Шағала» спектакльіндегі мылқаудың рөлі «Келін» фильміндегі Ене бейнесінің бастауы болған сияқты.
Қазақ өнертанушы қаламгерлері мен киносыншыларының біржақтылығы сол, осы фильмдегі кейбір көріністер мен тарихи деректерге қатысты көп шулады да, ал Ене рөлін ойнаған актриса талантының тылсым сыры туралы тіс жармады.
Қайта орыс тілінде жазатын қандас ағайындар Ене рөлін дәріптеу арқылы Тұраханды Тәңір таудың шыңына шығармаса да, бір көтеріп тастаған. Өйткені фильмді көтеріп тұрған Келін де емес, ондағы кейбір көріністер де емес, ұрпақ жалғастығын ойлаған абыз ананың өлермен образы еді. Тұрахан соны голливудтық шеберлікпен көрсетуге тырысты десек, асыра мақтағандық емес.
Қазақта «Тегін адам таз болмайды» деген сөз бар. Тұрахан да тегін адам емес. Ата-тегін әкесі жағынан таратсақ, арғы ата-бабасы қалың қол бастаған Райымбек батырдың нақ өзі боп шығады. Дәлірек айтсақ, Тұрахан — Райымбек батырдың туған ұрпағы.
Сондай-ақ, Алаштың ақиық ақын ұлы Мұқағали Мақатаевпен жақын туыс. Ертеректе Мұқағали үйіне келгенде Тұраханды мойнына мінгізіп алып, «мына қыздың көзінің оты бар» дейді екен. «Кейін Мұқағали аға Алматыда тағдыр теперішін көріп жүргенде «қарындасым» деп үйге іздеп кеп, демалап кететін. «Қыз бір ат дорба жемге жарайды» деген осы. Мұқаңды ешкім түсінбеді ғой кезінде» дейді Тұрахан ағасы туралы мұңая еске ап. Ал анасы жағынан таратсақ Тұрахан — «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ақын Жамбылдың да ұрпағына жақын.
Әке-шешесі қарапайым шаруа болса да рухы анау-мынау дауылдарыңа дес бермейтін сексеуілдей мықты адамдар бопты. Ақылға кенен, тілге шешен, іске ілкімді болған соң ба Тұрахан апаның әкесі Сыдық Тұржанов көп жыл ұжымшар төрағасы болған көрінеді. Сол Сыдық пен анасы Биша соғысқа көмек ретінде астық жіберуді ұйымдастырған дейді. Ата-аналары, сондай-ақ, домбырада ойнап, сахнада өнер көрсетіп, қобыз тартуды да шеккі көрмепті. Сыдық әкесі Тәңір таудың қоңыр кештерде қоңырайып отырып: «адам ұрпақтарын өз өмірін құрметпен еске алатындай тәрбиелеп, өсіруі керек» дейді екен. Тұрахан апа әкесінің сол өсиетін ұлы Азаматқа үйретіп жүр.
Азамат та өзінің өнердегі алғашқы қадамын тәй-тәй баса бастапты. Сіңілісі Гүлнәр Сыдықова Жетіген ауылында тұрады. Ол француз тілінің маманы.
Қобыз — Тұрахан туралы әңгімедегі ең басты тақырып десек те болады.
— Сыдықтың әулетінде ертеде дәулескер қобызшы болған деп ауыл ақсақалдары әңгіме ғып отыратын. Сол құдыретті өнер арада көп жылдар өткенде маған қонды-ау деп ойлаймын. Өйткені қолыма алғаш рет қобыз алғанда бойымда зарлы үні сай-сүйегіңді сырқырататын өнерді тезірек меңгерсем екен деген ерекше бір құштарлық пайда болды. Қазір сол арманымның орындалғанына өзімді шын бақытты сезінем. Бірақ бұл арманды іске асыру сүйектері «қатайып» қалған маған оңайға соққан жоқ. Көп уақыттарым кетті.
Қобыз тарту өнерінің басында аты аңызға айналған ұлы түркі — Қорқыт ата тұрғаны белгілі. Қобызды алғаш рет ойлап тауып, алғаш рет күңіренте күй тартқан да осы ұлы абыз деседі. Оның күйлері бүгінде қазақ музыка өнерінің ғана емес, сонымен бірге бүкіл түркі жұрты саз өнерінің баға жетпес мұрасына айналған.
Сондықтан басқа емес, тура Қорқыт ата күйлерінің жазбасын іздедім. Ақыры таптым. Оны музыкант болмасам да күйге түсірдім. Қазір олар жарыққа шығып, кез-келген қобызшы тарта алатын ортақ қазынаға айналды. Тіпті бір музыкалық байқауда Қорқыт атаның күйлерін орындау құрметіне бөлендім.
Қобызда ойнау менің бақсы рөлдерінде ойнауыма мүмкіндік берді. Тіпті бірде Елубай Өмірзақовтың баяғы «Алдаркөсе» фильмінде Бақсы болып ойнағанда пайдаланған киімдерін киіп, таяғын ұстап, жақсылыққа ырым еткенім де бар.
Мысалы, «Келін» фильміне түсердің алдында түс көрдім. Түсімде Әмина Өмірзақова маған қарап жымиып күліп тұр екен. Мен мұны талантты актрисаның қолдап, қорғап жүргені деп жорыдым. Көп ұзамай «Келін» фильмінің киносына түскісі келген 20-30 актрисаның ішінен режиссер мені таңдады.
Ермек Тұрсыновтың «Апа, маған қараңызшы» дегенін әлі ұмытпаймын. «Ал саған қараған керек болса» деп көзіне көзімді қадап «атып» жіберіп ем, «Ойбай, болды, Ұмай ана мына кісі екен» деп салды…
Актриса Тұрахан Сыдықова Кетбұға баба болып ойнаған күні көрермендер немесе театрға келген басқа өнер иелері рөлдегі ер адам деп ойлап қалады екен. Өйткені Кетбұғаны Тұрахандай ешкім сомдай алмайды. Ол үшін туа бітті қобызшы болуың керек-дүр.
Ал қобызды «көтере» алатын, яғни «қасиет қонған» адам ғана ұстайды деген түсінік бар. Қонбаса, дұрысы, оған жоламаған. Ал Райымбек батырдың ұрпағына қобызшылық қонбауы мүмкін емес сияқты. Өйткені жеті атасында да қобыз ұстаған адам болыпты дедік.
Бірде сол атасы түсіне кіріп, «қобыз ұстайсың» депті. Содан бастап құлағында үнемі қобыз сарыны ызыңдап тұратын болған. Сосын музыкалық білімі жоқ болса да тәуекел деп консерваторияға барады. Онда атақты қобызшы Ықыластың немересі кездесе кетеді. Ол Тұрахан апасының жағдайын түсініп, ескі қобыз тауып береді. Сөйтіп саусақтары ә дегенде икемге келмей қатты қиналса да қасарысқан мінезіне басып қобызды ақыры үйреніп алады.
Режиссер де осыған орай Кетбұғаның рөлін сеніп тапсырады. Қойылым да, оның ішінде Кетбұға рөлі өте табысты болады. Кетбұға рөлі көңіл қылын шерткен көрермендер «Япырау, мына рөлдегі өнерлі шалды қайдан тапқансыңдар?» дейді екен бір-біріне сыбырлап. Біреуі анау, екіншісі мынау деп, тіпті, бәстесіп те қалады дейді.
Сол кезде Тұңғышбай ма біреуі: «Неменеге таласып жатсыңдар, ол өзіміздің Тұрекең ғой» дейді екен гүрілдеп. Бірақ бәстескендер «Қойыңдар, мынау әйел адам емес қой» деп бәрібір сенбейді дейді.
Міне, өнердің құдыреті!
Қара қобыздың қасиеті сол «Сталинге сыйлық» фильмінде де Қобызшы болып ойнауына жол ашылды. «Көшпенділер» фильмінде де қобызшының рөлін берген.
Режиссер Иван Пассер қобыз үнін көзінен мөлт-мөлт етіп жас ағып отырып тыңдайтын. Ал Докаскос болса мені «Қобыз апа» дейтін» деп еске алады Тұрахан.
Жә, қыл қобызды жаны жоқ қатқан қара ағаш делік, ал енді ет пен теріден жаралған пенденің азуы алты қарыс көкжал қасқырмен «тіл табысуы» деген қиынның қиыны, тіпті, адам өміріне төнген қауіптің қауіпі емес пе? Оған жақындау тұрмақ, көзіне тік қараудың өзі жүрегінің түгі бар деген жігіттердің өзіне әжептеуір сын болатын ерлік қой! Амал нешік, Тұрахан ұлы өнер абыройы үшін сол көкжал қасқырмен де тіл табысты…
— Бірде режиссер Ермек Тұрсынов: «Апа, бүгін қасқыр әкелеміз, сіз соны сауасыз» деп, маған «Не дер екен?» дегендей күдіктене қарады.
Күлдім де қойдым.
Әкем Сыдықтың Қарасазда қасқыр соғып алғаны бар болатын. Қораға кірген ғой… Көп ұзамай режиссер қасқырды алып келді. Айнала тізеден келетін қар. Қасқыр менен екі метр жерде ғана тұр. Оның ырылдағанын көріп киношылар дүркірей қашты. Әкем «қасқырдың көзіне тік қара» дейтін. Сол есіме түсіп көкжалдың көзіне тесіліп тік қарап ем, қасқыр да маған қадалып тұрып қалды.
Екеуара «арбасу» біраз уақытқа созылды. Бір уақытта қасқырым айналып келіп мені иіскелей бастады. Иесі «Мына кісінің жағдайы не болар екен?» деп зәресі ұшып тұр екен, қуанып кетті.
Сөйтіп қасқыр иісімді алды. Мен де оның иісі,не үйрендім, сосын 4-5 күнде жотасын, сауырын сипай бастадым. Ішінде бөлтірігі бар екенін сездім, сипалап, қасыған сайын рахаттанып қалады. Былай барып ұлысам, ол да ұлып «жауап» қатады. Емшегін ұстап, сауған кезімде алғашқы кезде көнбеуші еді, кейін бұтын талтайтып тұра беретін болды. Сөйтіп екі мұңлық, Ана-Адам мен Ана-Қасқыр екеуміз… жүрекпен, санамен, сезіммен ұғыстық.
— Мен, әрине, әртістердің отбасында туып-өскен жоқпын. Бірақ мылқаулар бейнесі мен мылқау фильмдер таңсық емес. Орыстардың ондай фильмдері Қарасаз ауылына көшпелі киноқондырғылар арқылы жиі келетін, — дейді Тұрахан.
Неміс режиссері Файт Хельмердің «Байқоңыр» деп аталатын фильмінде Тұрахан Көршінің рөлін ойнайды. Бұл оның неміс режиссерлерінің киносына екінші рет түсуі. Бірінші рет Еуропа киноөнерінің көзі тірі классиктерінің бірі Фолькер Шлендорфтың «Ұлжан» фильміне түскен болатын.
Айтпақшы, қазақ киносыншылары үшін келін емес, «келсап» болған «Келін» фильмі туралы Тұрахан Сыдықова:
— Бір жазушы-драматург теледидардан «Келінді» жерден алып, жерге салып жамандап жатыр екен. Оныкі тасбауыр тағы замандағы Қасқыр-Ананың өз заманы мен өз салт-дәстүрі арқылы не айтпақ болғанын түсінбеген, не түсінгісі келмеген адамның сөзі. Мен өзім түскен 22 фильмнің ешқайсысында дәл осы фильмдегідей жан-жүрегіммен езіліп, жан-жүрегіммен егіліп, қиналған емеспін. Ақ қар, көк мұзда түз тағысымен бірге адам тағысы боп өмір сүрдім. Сондықтан келін-кепшік төңірегіндегі «дауды» айтпағанда, Ене рөлі менің болмысыма жақын болғандықтан оны осы күнге дейін ерекше құрмет тұтам.
Сахна – Жаратушы мен Көрермен алдына әртістің адал махаббатымен аяқ басатын қасиетті орны десек, ал актерлік өнердің ең басты критериі — көңілдің тазалығы мен ойдың тереңдігі,- деген Тұрахан Сыдықованың тұжырымына еріксіз қосыласыз.
Тұрахан апам бір сөзінде «Мен не көрмедім. Әзірбайжан Мәмбетовты «ұрдым», Асанәлі Әшімовпен «ұрыстым» деп еді. Әрине, қалжыңдап айтқан. Сол айтқандай, тағдырмен тартысып, қиындықпен күресіп келе жатқан Қасқыр-Ана Тұраханға өнер мен өмір жолында тек қана табыс тілейміз.
P.S. Тұрахан апам «мен не көрмедім» дегендей, жазушылық жолда менің де көрмегенім жоқ. Қасқыр-Ана бенефисіне шақырғанда Тараздан шыға «темір тұлпарымен» тепіректеткеннен тепіректетіп отырып іңір қараңғылығы түсе Алматыдағы «Кино үйіне» де бардым ғой. Бірақ барғаным бар болсын, қазақ театры мен кино өнері «корифейлерінің» біреуін де көргем жоқ. Сахна төрінен төбе көрсетпеген сабаздар, залдан да көзге шалынбады. «Ұлылармыз» дейтін соларды ғана үлпілдете бермей, Қасқыр-Ана сияқты қарапайым актрисалардың да еңбегін ұлықтайтын аз ғана қауым боп өткіздік әйтеуір сол бенефисті. Ә, айтпақшы, айналайын нарынқолдық ағайындар да келді артынып-тартынып…
Сол кештен соң көп ұзаған жоқ, Тұрахан ана да қайтты ғой өмірден. Өнер жолына көз салып отырып Қасқыр-Ана бейнесіндегі кер заманға тән келбеті мен кесек мінезі есіме түсіп, өмірі босқа өтпегеніне тәубе деймін апамның…