Қаржылық мониторинг агенттігі медициналық жабдықтарды сатып алу кезінде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Түркістан облысындағы Қазығұрт аудандық орталық ауруханасының экс-бас дәрігері Х. медициналық газбен жабдықтау жүйесіне арналған құрылғыларды сатып алу кезінде алаяқтыққа барған. Дәрігер арам пиғылын іске асыру үшін медициналық жабдықтарды жеткізу саласында тәжірибесі бар танысын ұрлықы іске тартқан. Және туыстары мен таныстарының атына тіркелген коммерциялық ұйымдарды пайдаланған.
-Осы компаниялардың атынан әдейі асыра көрсетілген коммерциялық ұсыныстар дайындалған. Жабдықты іс жүзінде басқа компания жеткізгенімен, қабылдау актілері мен келісім-шарттар бақылауындағы фирмалар арқылы рәсімделген. Ауруханадан аталған компаниялардың есеп-шоттарына қаржы түскеннен кейін күдіктілер қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, өзара бөлген.
Соның салдарынан мемлекетке 115 млн теңге шығын келген.
Бұрынғы бас дәрігер Х.-ке қатысты бұлтартпау шарасы ретінде кепіл қолданылды. Сыбайласы үй қамақта отыр.

