«Қаламгер қазынасы» сериясынан
Сарысудан шыққан сандуғаш ақын Артығали Ыбыраев мына жалған дүниенің жарығын бар-жоғы 21 жыл ғана көріпті. Талантқа — кенде, ғұмырға – келте өмір дегенің осы.
Әр нәрсені құлақ түріп,
Әрнәрсені біл, түсін!
Кейбіреулер жылап тұрып,
Жасырады күлкісін.
Бұл өмірдің тұнық сырын,
Біліп болар қай кісі:
Кейбіреулер күліп тұрып,
Жасырады қайғысын.
Бұл — жұлдызы жиырмасында сөнген жампоздың сөзі. Бірақ алғашқы аяқ алысының өзі-ақ алпыстағы ақылман сомдаған салмақты ой сияқты сара.
Он төртінен толған ай сияқты Артығали бала кезден жыр-тұлпардың жалына жармасып, шабыт деген Шалқұйрыққа тақым артты. Сол тұста түбіт мұрты енді ғана тебіндеген бозбала ақын аңызды өлкенің абызы сынды қарт Қаратаудың үстінен жарқырап туған жұлдызға ұқсайтын.
Асау жыр аяңға көнбейді, баянға да бас иемейді. Баяндамашыға тіпті де мұқтаж емес. Ол құлықты құлдың құмыр көмейлі бұлбұл үнін құлақ қойып тыңдағанын сүйеді. Алғаусыз адамдардың жылуы мол шаңырағын сағалаған қарлығаштардай қайырымды жүректерге ұя салғанды ұнатады.
Тұлпар — өмір,
Жалыңа ерте жабыстым.
Тіршілікпен,
Тізе қағып таныстым.
Езге атылдым,
Жебесі боп намыстың…
Ақынның да ақыны бар. Оның ішінде арқалы ақындардың жөні мүлде бөлек.
Сарысу ауданындағы Саудакент ауылындағы Байқадам атындағы орта мектепте оқып жүргенде-ақ Артығалидың өлеңдері еліміздің белгілі газеттерінің беттерінен көріне бастады. Ауылдан хатқа түйіліп келген түйдек-түйдек жырлар иесінің тегін тентек емес екенін жүрегі сезген талантты әдебиетші Сағат Әшімбаев аға болыпты.
Қамықпа, досым, қамықпа,
Келер күн бақыт сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ симайды.
Есенин мен Мұқағали рухындағы бұл жырларды сол кездегі қалт-құлт еткен қазымыр шалдай қызыл партияның коммунист-әдебиетші-моралист шенеуніктерінен қорықпай-үрікпей оқырманға алғаш жеткізген де сол абзал аға Сағат болса керек.
Сұңғыла да сой ақындардың серті сол — көреген келеді. Шырағының қай уақытта сөнетінін алдын-ала сезген шыбын жан тау мен тасты, дала мен қаланы кезіп, дегбір таппайды. Дегбірді алған дегдар сезім самал болып еседі, сел болып төгіледі. Самал мен сел, әлбетте, ақын жыры.
Артығали — бөріктінің ішіндегі көріктісі болды. Оған жан сарайының шығыс шеберлері соққан алтын шырағдандай тіл шырайын қосыңыз…
Осындайда арулардың көзқұртына айналған жігіт қараулардың қызғаныш құрбаны боп, жетпісінші жалдардың Бекежандары мен Қодарларының қолынан қапыда қаза тапты ма деп те күйзелесің?!…
Тараздық бір қаламгер 1974 жылы аты-жөні, түрі-түсі белгісіз қанішерлердің қолынан қапияда қаза тапқан қыршынның мәйітін кездейсоқ көріп қалыпты. Айтып отырса, сол кездегі Жамбыл қаласының «Тараз» атты қонақ үйінің маңайы болса керек. «Сонда, — дейді әлгі қаламгер, — жыр әлемінің жастүлегі жантәсілім еткенімен, өзінің кестелі орамал сынды көркем жырларындай әрлі жүзі нұрланып жатыр екен…»
Ақынды «өлтіретін» де, «тірілтетін» де қоғам. Бүгінде сол қоғам өзі «өлтірген» ақынын өзі «тірілтіп» алды.
Өлеңдерін қайта оқып шықтым.
Таңдайымда бір дәм қалғандай болды… Тәтті дәм.
Жүрегіме бір мұң кеп ұя салғандай болды… Тәтті мұң.
Санамда кенет сарғайып барып бір сағыныш оянды.
Жұмбақ сағыныш.
Сол ғайыперен қырық шілтен сағыныш «Шіркін-ай, шіркін-ай, дүниеден қандай ғажайып ақын ерте өтіп кеткен!» деп аһ ұраған сияқты.
Әлгі сағыныш та «Артығали» деп күрсінеді.
Дәтке қуаты, бүгінгі ақындар мен сол ақындарға жаны жақындар Артығалиды жоқтайды, іздейді, бағалайды.
Ақын Ұлықбек Есдәулет: «Көздері бір нүктеде тұрмайтын еді. Бойында бөріге тән қасиет басым болатын. Жойқын қуаттың иесі еді» десе,
Байбота Серікбаев: «Артығали өлеңдері оның өмір жолының тым қысқа болғандығына өкіндіреді. Өйткені оның шығармашылық мүмкіндігі мол еді, табиғи таланты мен дарыны тұрғыластарын қайран қалдырып, аға буын әдебиет өкілдерін көп үміттендіретін. Оқырман қауым Артығалидың өлеңдерін тебіреніссіз, селқос қабылдай алмайды. Бұл шығармалардың әрқайсысы – біздің көз алдымызда мәңгі жас қалпында қалған Артығалидың албырт көңілін, балауса болса да, байыптылық пен байсалдылық байқалатын нағыз ақындық дара тұлғасын, болмыс-бітімін, арманы мен аңсарын аңғартатын дүниелер» деп толғанады.
Артығали өлеңдерін оқысаң аптап ыстықта еңсең түсіп келе жатып мөлдір бастаудан салқын су ішкендей рахаттанасың.
«Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып,
Жел есті жусан исі араласып»
немесе:
«Көкжиек – көйлек сөгіліп оқтын,
Сыбыры шықты шөбі ірі оттың»
болмаса:
«Бақытта жоқ мекен, тұрақ,
(Кейде адамдар жоқты іздейді).
Өзі қуып жетер, бірақ,
Қуғандарға жеткізбейді»
әйтпесе:
«Басым бар дейсің маған шалқайып,
Бәлки, жоқ шығар, көріп байқайық.
Бас киім дегеннің шешілсе біразы,
Бос болып шығып жүр, несін айтайық»
деген сияқты ғаламат тіркестерімен соныға соқпақ салған ақын екенін мойындайсың.
Мойындайсың да бұлқынған бекзат болмыс бойына осыншама суреткерлікті, сыршылдықты, сезімталдықты, терең ақыл-ой мен биік парасатты қалай үйлестіре алды деп таңғаласың.
«Ақын», «Ұнату», «Қаршыға» деп бөле жармай-ақ қоялық, мына жарияланып отырған жырлардың әқайсысынан Артығалидың арманы, мақсаты, өмірлік ұстанымы жазғытұрымғы жылы жаңбырдай себелеп тұр. Терезеден түскен жарықтай жүрегіңе де нұр сәулелері себезгілеп те кетеді.
АҚЫН
Көремін сені түсімде,
Орының әсте бөлек қой.
Екеуміз жырлау үшін де,
Көңілге жағдай керек қой.
Қой емес,
Көңіл-күй бағам,
Мінберім жақын дөңес-ті.
Ұғымына жұрттың сыймаған,
Екеуміз ғана емеспіз.
Өмірдің өзі жетпейді,
Олжаға оңай құныққан.
Қызуымен күннің көктейді,
Дүние біздің иықта.
Қамықпа, досым, қамықпа,
Көктеме күнін сыйлайды.
Адамдар сияр табытқа,
Ақындар бірақ сыймайды.
ҰНАТУ
Он бестің үйірінде,
Өзгерді сылқым денең.
Білінді бүйіріңде,
Бір арман бүлкілдеген.
Бұл сенің өмірге енді,
Бұлқына бастағаның.
Тым ерте мөлдіреді,
Қос қара тостағаның.
Әркім-ақ қиялдады,
Көп айтып Тәңір-ауын.
Көйлекке сыя алмады,
Оянған омырауың.
Біртіндеп бақты сезді,
Мендегі асқақ әлем.
Қыз деген жақсы сөзді,
Ұната бастаған ем.
Қосарланып қаққаныңда,
Қанатың еркін түсіп.
Қанағат таппадың ба,
Қасымнан кеттің ұшып.
Басқа жол бастауына,
Қайысып, көнбеді екпін.
Сен қонған жақсы ауылға,
Көп ұшып мен де жеттім.
Өткіздік күнді өрлеген,
Еңіске сырып бәрін.
Қалайша өзгермеген,
Қыз күнгі қылықтарың?!
Көз деген күлімдейді,
Ләззатын тапты ма ерін?
Топ сәуле дірілдейді,
Жарқ етсе ақ білегің.
Қасың да қияқтанып,
Шашың да мүлдем бөтен.
Шіркін-ай, қыпша белге
Қол тимей жүрген екен.
Қыз едің кіл атарым,
Көңілің неден безді?
Қазір мен ұнатамын,
Келіншек деген сөзді…
ҚАРШЫҒА
Шүйкімдей дене шүмектей терге малшына,
Шулы өзеннің үстінен өтті таң шыға.
Қара жер шетін таба алмай, талып келеді
Қара жердің бетін көрместей болған қаршыға.
Қанатын құстар қақпайды әсте бекерге,
Аңсары құштар ауды ғой басқа мекенге.
Дегбірін алды көк аспан тұтас қалпымен,
Дөңгелек дүние таусылмайды-ақ екен де.
Таулардан өтті шыңдарын биік табалап,
Баулардан кетті қарағай бойын жағалап.
Қара жер қалпы…
Құлай ма соған қанатын босқа сабалап?
Аспанда, бәлкім, бір бейне болып қалады,
Жүрегін, мүмкін, жұлдызға соғып жарады?
Арманы үшін азапқа түскен осы құс
Саған да ұқсап, маған да ұқсап барады…
АҚАН СЕРІГЕ
Мен шаршаймын,
Шер кетпес зарлағанда.
Серіліктің сарқыты қалмаған ба?
Құйындатып, Құдай-ау, кетер ем ғой
Құлагерді өлтіріп алмағанда!
Мен аңсаймын,
Арманды наз ұлғайтып,
Сендік өмір келсе ғой азы қайтып,
Бозбалалық барады бізден де өтіп,
Бұрымы жоқ қыздарға базына айтып.
Мен ойлаймын,
Күйімді дара толғай,
Қасыма қойғаннан соң қара толмай,
Қайтейін, қонбай кеткен Қараторғай!
Жоқ мұңымды
Не керек жақыңдатып,
Ақан деген еді ғой атың бақыт.
Өзің жаққан бір оттың ұшқыны едім,
Лағыл жырды өтейін лапылдатып.
ҰМЫТПА
Сен арғымақ,
Жүйріктейсің,
Шабытпен алыс кез енді.
Ұмытпа, бірақ,
Жақынға шапқан кезеңді…
Сен күн санап
Биіктейсің,
Биіктеу саған тез енді.
Ұмытпа, бірақ,
Төменде жүрген кезеңді…
КҮТУ
Сіздің ауыл, біздің ауыл — іргелес,
Қол созымда көрінетін қыр-белес.
Екі соқпақ өрілетін өріске,
Екі басқа, екі жаққа – бірге емес.
Ақ шағылға аунап өскен балалық,
Бүрін ашты бір үміттен нәр алып.
Секем алған көңіліміз сезікті,
Бірте-бірте ұғысуға жарадық.
Мендегі өмір,
Биік өрден қараса,
Сендегіден болар, бәлкім, аласа.
Бала көңіл саған қарай бұлқынса,
Үлкендігің сұраушы еді араша.
Шыңырауымнан шықпай қалса дүрбелең,
Кішіліктің кесірі деп білген ем.
Сен тұрмысқа шыққан күні өрістен,
Қозы-лақты қайыра алмай жүрген ем.
Айдалада алған едім жылап та,
Сонда сені теңеген ем лаққа.
Қайырым бермей кеткеніңді кешірдім,
Өрісіңе соқпай жүрсің бірақ та…
СОҚПАҚ СОҢЫ
Күн нұрын қоймалжың бұлт ала қашып,
Жел есті жусан исі араласып.
Жол үсті қара ноқат – мен келемін,
Қарысқан тыныштықпен жағаласып.
Себепсіз қалқып көшкен сағымды әрі
Көтерді қоңыр кештің ағындары.
Байсалды момын өңір баптанады,
Бір сынап көретіндей бағыңды әлі.
Сынасып сабыр – меже, күле жетем,
Тақалды таусылуға, міне, мекен,
…Сірә, мен аспан жаққа шығамын-ау,
Соқпақ жол көкжиекке сіңеді екен!
ӨМІР
Әр нәрсеге құлақ түріп,
Әр нәрсені біл, түсін.
Кейбіреулер жылап тұрып,
Жасырады күлкісін.
Бұл өмірдің тұнық сырын
Біліп болар қай кісі?!
Кейбіреулер күліп тұрып,
Жасырады қайғысын.
ӨМІР ЗАҢЫ
“Білеміз, – деп айтқанымен, – барлығын”,
Аз ұғамыз бұл өмірдің дәлдігін.
Он алтының бір келерін білгенмен
Кім біліпті кеп қаларын дәл бүгін.
Балалықтың бал мінезі күрт тынып,
Арамызда қалғандар бар мұрт шығып.
Бала ғой деп елемесе шешелер,
Азамат деп сенеді енді жұртшылық.
Азаматтың алтындай ғой ертеңі,
Көңіл шіркін бара жатыр өртеніп.
Балалықты тастау керек, әйтсе де,
Қалды деме ел алдында еркелік.
Еркелікке жоқ ешкімнің таласы,
Еркелетпей тұра ма ана баласын?!
Азаматы бола білсең еліңнің,
Сәбиі боп еркелей де аласың.
СӘУІР
Сәуірде жаңбыр жауады оңай,
Дәуірге майса ауады маңай.
Өрісі көкте көгенсіз еді,
Қара жер бұлтты сауады қалай?
Көкжиек — көйлек сөгіліп оқтын,
Сыбыры шықты шөбі ірі оттың.
Ебіл де дебіл еріксіз шақта
Менің де келді төгіліп өткім.
Ауаның лебі ауыса берген,
Даланың иісі қауыша желмен.
Бозторғай жерден пыр етіп ұшса,
Жусанның иісі жарыса ерген.
Жазықта бұғып жатыр үн күшті,
Жазықсыз қинап осы бір тұсты.
Ашуын бассын дегені ме екен,
Ақырғы тамшы ақырын түсті.
БАҚЫТ
Бақытта жоқ мекен, тұрақ,
(Кейде адамдар жоқты іздейді)
Өзі қуып жетер, бірақ
Қуғандарға жеткізбейді.
Желмаядай желгені ме,
Әлде тұлпар жеккені ме?
Білінбейді келгені де,
Білінбейді кеткені де.
Секілді бір асыл үміт,
Жүрегіңнен жәй таңдайды.
Жүреді ылғи жасырынып,
Бақыт бірден байқалмайды.
БАС ТУРАЛЫ
Басым бар дейсің маған шалқайып,
Бәлки, жоқ шығар, көріп байқайық.
Бас киім дегеннің шешілсе біразы,
Бос боп шығып жүр, несін айтайық.
Бас па орынсыз аяққа ұратын,
Бас па көргеннің бәріне бұратын?!
Еңіреп туған ерлердің бастары-ай
Екі иық арасын ел ғып тұратын!..
***
Екпініне ез, қордың,
Ерке көңілім ықпады.
Ерегестім, жез болдым,
Оны да ешкім ұқпады.
Менің дауысым естілсе,
Қалушы едің жасарып.
Жасаураған дүние,
Жаның қалай шықпады?!
Өзіңді іздеп мен енді,
Өзге жолмен барамын.
Кірін жуып қайтейін,
Жабырқау мен наланың.
Тілі таныс тылсымның,
Құндағына оранып,
Табысатын кез жетсе,
Табиғат боп қаламын.
ЖОЛ ҮСТІНДЕ
Бұл даланың жолдары тарам-тарам таралған,
Адам ізі, аң ізі жүруменен жаралған.
Мына жолмен, қарашы, қыз жүрген-ау, не керек,
Қызыл көйлек етегін іліп қапты ебелек.
Мына жермен кім екен, өтіпті бір етікті,
Байқамады-ау өзі де гүлді басып кетіпті.
Мына жолдың үстінде ағып жатқан бұлақты,
Тас-талқан ғып кетіпті шауып өткен бір атты.
Шаттығы бар, мұңы бар арман жолы осындай,
Көрсетеді бәрін де, көрсетеді жасырмай.
Қызықсың-ау, ағайын, қызықсың-ау, әй тегі,
Алды-артыңды абайлап жүрсең, сірә, қайтеді?!
ДАЛАМ МЕНІҢ
Далам менің! Алдымда – күн, сыртымда – ай,
Егіліп келем ескіден қалған жыршыңдай.
Көктеме сайын тұрады-ау жаным көгеріп,
Бір гүлің үшін қиылып кетсем қыршындай.
Шақырады алыс жымиып күлген жырақтар,
Сырымнан мұңлы сыңсиды балғын құрақтар.
Сыңғырлап күліп кеудемнен сырғып барады,
Аспанның астымен асығып аққан бұлақтар.
Сағынып жүріп көргенде құмар басылған,
Қазақтың сен бір алақанысың-ау ашылған.
Таулардың шыңы тұрады тынбай жеткізіп,
Елес пен үнді алдағы арманға асырған.
Кеудесі толқып тұратын ылғи жыр-төбе,
Көлбеген керім көкжиек сендік мәртебе.
Шығыстан кенет соққанда самал сезімге,
Күңіреп төккен күй болып кетті әр төбе.
Осыны көріп, құмар сезім бір тынбай,
Егіліп келем ескіден қалған жыршыңдай.
Арман жоқ менде амандап сені апаттан,
Күлімдеп тұрып қиылып кетсем қыршындай.