Мойынқұм ауданы мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы өңір. Ежелден солай болып келген. Оған «Малшылар маршалы» атанан, екі дүркін Еңбек Ері (1948 және 1958 жж.) Жазылбек Қуанышбаевтың қазақ еліне танылған атақ-даңқы дәлел.
Сол дәстүр бүгін де жарасымды жалғасын тауып келеді. Мал басын арттыруға, аудандағы әр отбасының табысты шаңырақ атануына «Ауыл аманаты» бағдарламасы көп септігін тигізуде.
Атап айтсақ, осы бір ғана бағдарлама шеңберінде аудандағы 448 аулаға 2,4 миллиард теңге несие берілді. Бұл, әрине, аз ақша емес. Осы қыруар қаражатты енді тасыған табысқа айналдырып, Мойынқұм өңірін ырыс-құтқа айналдыруға болады. Несие алған шаруалардың жобалары мен жоспарларына қарасақ, оған мүмкіндіктері мол.
Биыл аудандағы 8 азаматқа тауарлық несие беру жоспарланса, 4 азамат өздеріне берілген несиеге мал сатып алып, оны шығынсыз бағып қағып, өз басы есебінен көбейтуге еңбек етіп отыр.
«Елде болса, ерінге тиеді» деген. Ел қазынасы қаржыға толы болса, ол халықтың бай-қуатты болуына жұмсалса, шараларға одан артық бақыттың керегі не!
Мойынқұм ауданы.