Бұл жер Қарасай ауданының аумағы делінгенімен Алматыға тиіп тұр. Сол маңдағы Ташкент бағытына қарай шығатын Райымбек даңғылының бойында «Барыс» деген базар бар. Бірақ әңгіме базарда емес, басқада.
Қарасай ауданының прокуратурасы жалпы көлемі 35 гектардан асатын осы жер телімдерін сату келісім-шарттарын жарамсыз деп тануды талап етіп отыр. Себебі, бұл жер кезінде ауыл шаруашылығы саласына тиесілі суармалы егістік болған, Ал Жер кодексіне сәйкес, ауыл шаруашылығы жерлері ерекше қорғауға жатады. Оны белгілі бір мақсатты, дәлелді себептерсіз жекеменшікке беруге болмайды.
Сондықтан, Қарасай прокуроры сатып алу-сату келісімдерін жарамсыз деп танып, «Барысты» Болаттан алып, мемлекет меншігіне қайтаруды талап етуде.
Жөн-ақ. Бірақ осы прокурорлар кезінде ай қарап отырды ма деп ойлайсың. НӘН кеткен соң інісі Болаттың басынан да бақ тайды. Бақ тайған соң, прокурорлар да «батыр» боп алды. Болат болса ағасының арқасында жиған-тергендерін мемлекетке қайта өткізуде. Оған Заң аясында мәжбүр болып отыр.
«Қайтқан малда қайыр бар». Дегенмен, бұған да «шүкір» деп қоялық. Әйтеуір, басқа болаттарға жем боп кетпесе болды әлгі мықты жердегі 35 гектарымыз.