Жетісу облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлері Талдықорған қалалық білім бөлімінің бас есепшісі Мадлен Серғазинованы қашпақ болған жерінен Панфилов ауданы аумағында ұстапты.
Мадлен — 48 жастағы әйел. Оны тінту кезінде 942 902 117 теңге (617 640 000 ұлттық валютамен және 721 282 АҚШ долларымен) табылған. Сонымен бірге, 21 жылжымайтын мүліктің кілттері: яғни 14 пәтер, 7 коммерциялық ғимарат, 1 Toyota Land Cruiser көлігі (2020 жылғы) және алтынмен апталған зергерлік бұйымдардың иесі екені анықталған.
Тәркіленген мүліктің барлыы 1,2 млрд теңгеге бағаланған. Облыстық прокуратураның санкциясымен олардың барлығына уақытша шектеу қойылды. Осы қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен Талдықорған қалалық білім бөлімінің орталықтандырылған есеп бөлімі бас есепшісінің орынбасары, экономисі және қатардағы екі есепшісі де ұсталды.
Қаладағы 6 мектептің бас есепшілері өздеріне сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденіп, жымқырды деген күдікке ілінген. Ұсталғандар 2020 жылдың қыркүйек айынан 2023 жылдың наурыз айына дейін аса ірі көлемде, яғни жалпы сомасы 2 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын ұрлаған.
Олар оқу орындарында жұмыс істемейтін, бірақ қағаз жүзінде қанттай боп тұрған адамдардың шотына үнемі жалақы аударып отырған. Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің аудиторлары осы бойынша 95 231 664 теңге шығын болғанын растады. Қалған ұрлықы ақшаны есептеу жалғасуда.
Күдікті Серғазинова, оның орынбасары және экономисі ҚР ҚК 128-бабына сәйкес ұсталып, тиісінше Ескелді аудандық ІІБ, Талдықорған қалалық ІІБ, Көксу аудандық ІІБ уақытша ұстау изоляторына қамалды.