Шу ауданындағы қараусыз қалған зауыттың аумағынан қару сақталған орын табылды
Жамбыл облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Шу ауданы Төле би ауылындағы қараусыз қалған зауыттың аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде қару-жарақ пен оқ-дәрілер бар орынды тапты.
Полицейлер 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде облыстық ПД қоймасынан ұрланған 9 мм калибрлі «МР-446» маркалы тапаншасын, сондай-ақ 16 калибрлі «ИЖ» маркалы бір оқпанды аңшылық мылтықты, 16 калибрлі «ИЖ 18-Е» маркалы бір оқпанды аңшылық мылтықты, 16 калибрлі «ИЖ 18» маркалы аңшылық мылтықты, Ф-10 маркалы жауынгерлік сынық гранатаны, жарық-шу гранатаны, қорғаныс кеудешені, 5,45х39 мм калибрлі 200 патронды тәркіледі.
— Сот-баллистикалық сараптама тағайындалды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287 — бабы 3-бөлігі (Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, — деді Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.