Адамсыз ауыл болмайды. «Ауылды азаматына қарап таны» дейтіні сол қазақтың. Ал адам өнерсіз тағы болмайды. «Әу» демейтін қазақ және жоқ. Ел ішіндегі осындай өнерлі адамдарды ұйымдастыра білсе, үлкен іс тындыруға болады.
Көкбастау ауылдық округінің «Теріс» деп аталатын аулындағы Жуалы ауданының құрылғанына 95 жыл толуына орай өткен мерекенің атын «Ауылым — құт мекенім!» деп қойыпты. Әдемі ат, ал атқарылған мәдени іс-шаралры атына сай.
Ауыл қуанышы басталар алдында ауыл ақсақалдары бата беріп, ақ жаулықты аналардың шашу шашуы ата-баба салт-дәстүріне әбден лайық. Ауылдағы «Асыл әжелер» ансамблінің «Жуалы» әні тақырыпты да аша түсті.
Фестиваль ерекшелігінің бірі — көрме болды. Арнайы алаңда ауыл кәсіпкерлерінің өнімдері, аймақ қылқалам шеберлерінің шығармалары, қолөнер шеберлерінің бұйымдары, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын заттар қойылыпты. Жуалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің жәдігерлері де көз тартады.
Округтегі кәсіпкер ана Күнсұлу Мұқанқызының нан өнімдері, домбыра жасайтын шебер Сұңқар Мұхамеджановтың ағаш бұйымдары, тігінші Рахима Рысбаеваның көрпе-жастықтары көпшілікті риза етті. Қосбөлтек ауылдық кітапханасының тұрақты оқырмандары Аршат пен Ықылас Ниетбектер өлеңдерін оқыды. Сонымен қатар, Жуалы ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Өлкемізді өзгелер де танысын» көрмесі де өз оқырмандарын тартып, ақпараттық кітапшасынан көп мағлұматтар алды.
Спорттық ойындар да ұмыт қалмады. Ауыл спортшылары күрес, қол күресі, садақ ату бойынша бақ сынасты.
Көкбастау ауылдық округінің әкімі Мәлік Сейтаев пен ақсақалдар алқасының төрағасы Аташбек Әмірқұлұлы ауданның 95 жылдығына орай құттықтап, жиналған халықтың қуанышын бөлісті. Сондай-ақ, жуалылық тарихшы Дәулетжан Байдалиев «Жуалыны таныстыру» өлеңін оқыды.
Фестивальдің әрін ауыл өнерпаздары аша түсті.
Адамсыз ауыл болмайды. «Ауылды азаматына қарап таны» дейтіні сол қазақтың. Ал адам өнерсіз тағы болмайды. «Әу» демейтін қазақ және жоқ. Ел ішіндегі осындай өнерлі адамдарды ұйымдастыра білсе, үлкен іс тындыруға болады.