«Жүргенге жөргем ілінеді». Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның кеңсесі — кең дала, ауыл-аймақ. Жұрттың жағдайын білу үшін бұдан өткен жақсы әдіс жоқ. Жетітөбе мен Күреңбел ауылына келген мақсаты да етектегі елдің жағдайын өз көзімен көріп, мәселе болса ақылға салу.
Жалғыз емес, қасына аудандық мәслихаттың төрағасы Зиятхан Бүрлібаев, аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбаев, «Жуалы-Су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаевты ертіп алған. Өйкені ауыл-аймақтағы көп мәселе осы азаматтарды қажет етеді.
Жетітөбе ауылының тұрғындары егін шаруашылығын, жиын-терін науқанын әңгіме етті. Көкөністерді алқап басынан сатып алатын болғандықтан, базардағы баға да қымбат боп тұр екен. Соған қарамастан Нұрлыкент, Қызыларық, Ақтөбе ауылдарының дихандары өнімдерін базарға тікелей жеткізуге күш жұмсап жатыр.
Округтегі «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы арқылы жүзеге асырылып жатқан жұмыстар да дұрыс жолға қойылған. Ауыл тұрғындарының жақсы өмір сүруіне қажеті жағдайлар да жасалыпты. Жол, ауыз су мәселесі шешілген.
Аудан әкімі тұрғындарымен мал шаруашылығының жай-күйі, шөп тапшылығын шешу жолдары, жайылым мәселесі, сүттің бағасы туралы ашық аспан астында отырып ашық әңгімелесті.
Жаңа оқу жылына орай Т. Әкімов атындағы орта мектептің шатырын ауыстыру жұмыстарын да көріп, мердігер компанияның өкілімен сұхбаттасты. Жел өтіне орналасқан мектептің шатырын сапалы жауып, уақытысында аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, Кәріқорған аулындағы спорт мектебін қайта жаңғырту құрылысын да зерделеп, қарап шықты.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға көңіл аударды. Бір тұрғын мүгедек баласына кәсіп ашу үшін қайтарымсыз грант туралы сұраса, енді бірі электр жарығы мен дәріхана жайлы шағымын айтты.
Күреңбел ауылында да тұрғындармен егін шаруашылығы, мал шаруашылығы туралы мәселелерді ақылдасты. Бүгінде «Ірімшік зауыттарының» өнімі өтпей, тығырыққа тіреліп тұрғаны — сүт бағасына кері әсер етіп жатыр екен. Ал ауылда сүт өткізушілер көп. Демек, бұл да шешімін күткен мәселе.
Келесі жылы Күреңбел ауылдық округінде жолдар жөнделіп, саябақ көркейтіледі. Азық-түлік бағасы, жайылым мәселесі, мал азығы, суару технологиясы, орталықтандырылған ауыз су жүйесі бойынша атқарылатын жұмыстар да бар. Қаратас аулында ауыз су тартуға кешенді модульдік блок қойылып, су сарқырап ағып тұр. Енді қазан айында интернет орнатылатын болады.
«Жүргенге жөргем ілінеді». Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртазаның кеңсесі — кең дала, ауыл-аймақ. Жұрттың жағдайын білу үшін бұдан өткен жақсы әдіс жоқ. Жетітөбе мен Күреңбел ауылына келген мақсаты да етектегі елдің жағдайын өз көзімен көріп, мәселе болса ақылға салу.