Осындайда қайран Шәкен Айманов аға ойға оралады. Бюджеттің бір тиынына көзінің сұғын қадамастан қаншама ғажап фильмдер түсірді, қаншама тамаша рольдерді сомдады. Ал өз алдымызға ел болған отыз жылда қай сала болмасын ақша жеуден алдарына жан салмайтын басшылардың аса талантты шоғыры пайда болды. Олардың сұңқиған сұлбалары қасиетті өнер саласына да жетті. Соның біразы — «Қазақфильмде» отыр екен. Ол жерден, соңғы жылдары, біресе өрт шығады, біресе қарны жуан жемқор шығады. Әйетуір, жақсы кинолар шықпайды. «Жақсы» деп жарнамалаған фильмдері де кешегі Аймановтар, Қожықовтар түсірген фильмдерің шаңына ілесе алмайды.
Алматы қаласы прокуратурасының Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ын тексеру қорытындысы бойынша аса көп мөлшерде бюджет қаржысын ұрлады деген дерек бойынша сот алдындағы тексеру жұмысы басталды. Алдын ала белгілі болғанындай, фильм түсіруге бөлінген 400 миллион теңге ұрланған.
Естеріңзде болса, 2021 жылдың қаңтарында «Қасым хан» фильмін түсіру кезінде 30 миллион теңгенің ұрланғаны белгілі болған. Тексеру барысында осы ұрлыққа қатысы бар мырзалар өздерінің қызметтік бабын пайдалана отырып, жаңа жылдық пиротехника сатып алуға арналған ақшаны «асап» қойғаны мәлім болған.
Жалпы, «Қазақфильм» қазақ халқын қашан риза етеді? Шәкен Аймановтай арыстың атын былғай бере ме осылай. Одан да Қазақстандағы №1-ші жемқорлар мен ұрылардың бірінің атын қоя саламай ма «Қазақфильмге»? Әзіл десек те, жүректі ауырып, жанды күйзелтетін нәрсе бұл.