Ақын Сұлтанмахмұд Торайғыровтың:
Бір үйде жиюлы екен қазына мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар!..»
Ол рас, аталарың шенге алыпты,
Арзан ғып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай қалай бұлдаған сатқандарын,
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты!
Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған ау, баққан халқын».
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын.
Дедім мен: «Құтты болсын шекпеніңіз,
Артқыға қандай егін еккеніңіз?
Жусақ та денемізден кетер емес,
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз».
Көргенде күміс кесе, алтын аяқ,
Бір сөзді тамағыма қойдым таяп.
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?» , —
деген өлеңін бұрынғылар жатқа білетін. Қазрігілер біле ме, жоқ па, белгісіз. Осы өлеңді оқып отырсаңыз, ол кешегі өмірді емес, біздің бүгінгі тәуелсіз еліміздің өткен отыз жылын суреттеген сияқты.
Мынаны қараңыз, мысалы бұрынғы президенттің қызы Дариға Назарбаеваға қатысы бар 89,9 млрд теңгеге бағаланған 70 ірі активтер елге қайтарылды. Олардың қатарында қонақүй кешені, әкімшілік ғимараттар, бизнестегі үлес, қымбат әшекейлер мен көліктер бар. Қайтарылған активтерді басқару жөніндегі компанияның хабарлауынша, компанияның балансына жалпы сомасы 89,9 млрд теңгеге 70 актив берілді.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АКТИВТЕР:
Бұл сомаға түрлі жылжымайтын мүліктер мен активтер, оның ішінде 2,8 млрд теңгенің зергерлік бұйымдары кіреді. Берілген активтерге: тұрғын үйлер, әкімшілік ғимараттар, «Думан» қонақ үй кешені, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу үлестері (Жаркент су, Тұлпар), өндірістік база, асхана, жанар-жағармай құю станциясы, жер телімдері, аяқталмаған құрылыс және т.б.
Forbes мәліметі бойынша, 2023 жылдың мамырында Дариға Назарбаева сол кезде Астанадағы «Думан» қонақ үй кешенін басқарған «A-Service Management» ЖШС-нің үлесіне ие болған «DLS Group Holding Company» ЖШС-нің иесі болған.
ШЕТЕЛДЕГІ АКТИВТЕР:
Басқарушы компания сонымен қатар, төрт елде шетелде орналасқан активтерді сатып алды. Атап айтқанда, Біріккен Араб Әмірліктерінде жалпы сметалық құны 17 миллиард теңгеден асатын екі вилла мен екі автокөлік бар.
Жалпы сметалық құны 4,78 млрд теңгені құрайтын 5 пәтер, 5 қойма және 5 автотұрақ – Ресейде. Жалпы сметалық құны 4,20 млрд теңгені құрайтын 2 тұрғын үй және 1 пәтер – Түркияда. Жалпы сметалық құны 3,82 млрд теңгені құрайтын 4 пәтер – Францияда.
САТЫЛҒАН АКТИВТЕР:
Бұл активтердің екі көлігі БАӘ-де, сондай-ақ Түркиядағы екі тұрғын үй мен бір пәтер сатылған.
БАӘ-дегі екі вилла, сондай-ақ Ресей мен Франциядағы жылжымайтын мүлік әлі де сатылуда.
Астанадағы екі қабатты тұрғын үй, әкімшілік ғимарат, жер телімі және Алматыдағы «Орион» бизнес орталығы сатылып кетті.
САТЫЛМАҒАН НЕ ҚАЛДЫ?
Жалпы, компания қазір жалпы сомасы 9,1 млрд теңгеге 11 активті, оның ішінде 5 жер телімін сатуда.
2024 жылдың 23 шілдесінен бастап 12,6 млрд теңгенің активтері сатылды. Қазақстан бойынша жалпы сату көлемі 8,2 млрд теңгені, шетелдік активтерді сату – 4,4 млрд теңгені құрады.
Өлеңмен бастадық. Өлеңмен аяқтайық.
Демейінше болмады, қарап жай-ақ.
Отырдым көрсем жекіп тастар ма деп,
Шал айтты: «Көріңіздер жасқанба!» деп.
Кесені қолыма алып қарай бердім,
Ішінде нахақ көзден жас бар ма деп…