Қарт ұстаздың есімі Жаңақала ауданының тұрғындарына жақсы таныс. Математика пәнін оқытуға жарты ғасырға жуық уақытын арнаған Нәбия апай қазір құрметті еңбек демалысында болса да, әлі күнге дейін немерелеріне білім беріп келеді. Үлкендерін Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындап, олардың барлығы грантқа оқуға түскен. Қазір Набия апай 7-сыныпта оқитын немересі Нұрасылды облыстық математика олимпиадасына дайындауда. Әжесінің арқасында ол алгебра мен геометриядан жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін айтады.
«Мен мектептен келгенде әжеге мектепте түсінбеген есептерді айтамын. Сосын әжем түсіндіріп, жайлап айтады және маған көптеген мысал есеп береді», — дейді Нәбия әжейдің немересі Нұрасыл Төлеуғали.
Математикаға бар ғұмырын арнаған Набия апайдың басты қасиеті шәкірттерін өз пәніне оңай баурап алуында. «Менің түлектерімің басым көпшілігі инженер, қаржыгер немесе есепші болып шықса, ол еңбегімнің жемісі», — дейді қарт ұстаз.
«Негізі баланың сабақты меңгеруі ұзақ уақыт есіне сақтауы ол оқытушының сабақ беру шеберлгіне, әдіс-тәсіліне өз-өзі баланың алдына ұстауына, баланы, классты меңгеруіне байланысты. Мен әуелден баланың алдына келгеннен кейін балаларға ескерттім: «Айналайындар, ең әуелі тып-тыныш отырып сабағымызды түсініп алайық. Сонан кейін қалған 1-2 минутымызға көңілді әңгімелер айтып, қызықты есептер шығарып күліп ойнармыз», — дейді қарт ұстаз.
Нәбия апайдың отбасында өскен тоғыз баланың ішінен ұстаз жолын кенже қызы Ақтоты жалғастырыпты. Ол анасының әлі күнге белсенділігі мен кәсібіне деген адалдығын мақтаныш етеді. 93 жастағы кейуана жадын жаттықтыру үшін әрдайым газет-журналдар мен кітаптар оқиды екен. Ақтоты әлеуметтік желіде анасын құттықтап, жылы лебіздерін қалдырған қазақстандықтарға алғысын білдірді. Тек мыңдаған шәкірттің санасына білім нәрін сепкен ардагер маманның осы уақытқа дейін елеусіз болғаны өкінішті, дейді ол.
«Көзі тірісінде еңбегі еленгеніне қуанамыз. Бірақ та бір өкініштісі әлеуметтік желі арқылы танылып жатырғаны. Осыншама өз ғұмырының жарты ғасырын бала тәрбиесі мен біліміне арнағанда шәкірттерінің осы әлеуметтік желіге салғаннан кейін ғана танылғаны енді көңілді қынжылтады. Осы уақытқа дейін анамыздың білім бөлімінен бір де бір марапаты жоқ екен», — дейді қызы Ақтоты Тлепбергенова.
Нәбия апаның сергек әрі ұзақ өмір сүруінің құпиясы – салауатты өмір салты. Ол күн сайын серуенге шығып, ерте жатып, қалыпты тамақтануға тырысады. Ал оның түлектері ұстазымен байланысын үзбей, қонаққа келіп, қоңырау шалып, әрдайым құттықтап тұрады.