Шымкент шаһарында көлеңкелі жұмыстарын Telegram мессенджері арқылы жолға қойған халықаралық есірткі желісінің жолы жабылды. Оны анықау, тергеу мен тексеру арнайы прокуратура қызметкерлерімен және басқа да құқық қорғау органдармен бірлесіп жүргізілген.
-Прокуратураның бастамасымен қазақстандық жедел-тергеу тобына осы жұмыста
халықаралық деңгейде тәжірибесі бар АҚШ-тың есірткі бизнесіне қарсы күрес ведомствосының (DEA) қызметкерлері болғанын атап өткім келеді. Қылмыстық схемаға 300-ден астам адам қатысқан. Тек қана екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 миллион АҚШ долларынан асқан. Барлығы 24 адам ұсталды. Олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар, — деді Бас прокурор Берік Асылов.
Бас прокурордың сөзінше, 500 миллион теңгеден астам мүлік тәркіленген. Ақша дропперлердің банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалары арқылы аударылып отырған. Криптовалюталардың түпкілікті алушылары — шет елдердің азаматтары.
Кейбіреулер прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтай отырып, өз арналарын ашқан. Осындай тәсілдер еліміздің басқа өңірлерінде тергеп-тексеруде қолданылды.
Ұлытау мен Маңғыстау облысының арнайы прокурорлары бастаған жедел-тергеу топтары синтетикалық есірткі сатуға әлеуметтік желілерді пайдаланатын есірткі сатушылардың екі таралған желісінің қызметін әшкереледі. Екі істе сотқа жіберілді.
Осылайша, Ұлытау облысында «Kaef Mafia» Telegram арнасы арқылы есірткі сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды. 6 айыпталушы қамауға алынды. Цифрлық активтерді, криптовалюта әмияндарын және басқа да құндылықтарды қосқанда 3,2 миллиардтан астам теңге мемлекет кірісіне алынды.
Маңғыстауда «Dune-Operator 24/7» есірткі дүкенінің әрекеттерінің жолы кесілді. Есірткі сатудан түскен қолма-қол ақшаны банкке тапсыру кезінде арнайы прокурор облыстың ЭТД және ПД қызметкерлерімен бірлесіп, Шымкентке барған кезде 1 миллиард 155 миллион теңге және 176 мың АҚШ долларын тәркілеген.
Сонымен қатар сот бір жеке кәсіпкердің банктік шотына есірткі бизнесінен түскен 1 миллиард теңгеге және 734 228 АҚШ доллары (USDT) бар криптоәмиянға тыйым салды, — дейді Бас прокурор Берік Асылов.

