Бүгін үкіметте энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту мәселесі талқыланды. Алматы облысы жөндеу жұмыстарына өтінімдердің аздығынан «қызыл» аймаққа енді. Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімі Марат Сұлтанғазиевтен мұның себебін сұрады.
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің мәлімдеуінше, өңірде жалпы құны 62,9 миллиард теңге болатын 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Оның ішінде құны 4 миллиард теңгелік төрт жобаны әкімдік қаржыландырса, қалғандары «АЖК» АҚ құзыретінде. Конкурс рәсімдері 17 шілдеде басталды.
Әкімнің айтуынша, жылумен жабдықтау бойынша құны 2 миллиард теңге болатын екі жоба қазірдің өзінде іске асырылып жатыр: мердігерлермен келісімшарттар жасалған, жылу желілерін қайта жаңартуды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ал сумен жабдықтау және су бұру бойынша жалпы құны 2 миллиард теңге болатын тағы екі жобаны прокуратураның ұсынысымен конкурс қорытындысы жойылғаннан кейін қайта жариялауға тура келген. Жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қайталанған байқаудың қорытындысы 25 тамызға дейін күтілуде, жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.
Сондай-ақ Сұлтанғазиев Қаржы министрлігі бұл екі жобаны қаржыландырылуы уақытша тоқтатылатын басымдығы жоқ жобалар тізіміне қосқанын айтып, премьер-министрден оларды бұл тізімнен шығаруды сұрады.
Бұған жауап ретінде премьер-министр Олжас Бектенов әкімнің баяндамасына қарағанда, мұндай көрсеткіштер үшін оның ешқандай жауапкершілігі сезілмейтінін ескертті.

