Түркістан қаласына қыруар қаржы құйылып, үлкен қалаға айнала бастағанда қатты қуандым. Әлі де қуанам, қолдаймын. Арғы-бергідегі ардақты хандарымыз бен билеріміздің, батырларымыздың сүйегі жатқан киелі шаһарымыздың аты да, заты да адам қызыққандай боп тұрғаны жақсы ғой. Бірақ…
Ендігі өркендеу, өсу кезегі Орал, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Павлодар қалаларына келді деп ойлаймын. Осы орталықтардың бюджетіне де Үкіметіміз миллиардтаған қыруар қаржы құйып, қала іргесін кеңейтіп, жаңа қарқынмен тұрғын үйлер, мәдени оралықтар мен спорттық кешендер салып, үлкен кәсіпорындар ашып, оңтүстіктегі халқымыз есебінен тұрғындарының санын көбейткен үстіне көбейте түсуі керек. Жириновский, Зюганов сияқты т.б. халықаралық дипломатия мәдениетінен ада, озбыр саясаткерлердің көмейлеріне құм құюдың ең тиімді жолы да осы. Бұл ұсыныс пен пікір ҚР Парламенті Мәжілісінің мемлекетшіл депутаттарының үні арқылы Президентіміз бен Үкіметіміздің құлағына жетсе, қолдап, ескереді деп ойлаймын.
Петропавлға қарай оңтүстіктен шыққан көші-қон жұмысы сонда ғана бұрынғысынан да жанданып, бүкілхалықтық, бұқаралық сипатқа айналады. Көш бастаған шаңырақ иелерін Петровал маңайындағы ауылдарға емес, негізінен қалаға шоғырландыруымыз керек. Бұл — өркениетті ел болудың ұтымды әдісі. Мұны жоғарыда аттары аталған Петропавлдан басқа қалаларға қолданған жөн. Неге? Өйткені қазақ халқының басым бөлігі ауылда осы уақытқа дейін онысыз да тұрып келді. Олар да, олардың ұрпақтары да үлкен мәдениет орталықтарында тұрғысы, оқығысы, еңбек етіп, демалғысы келеді.
Бұл істі жедел және оны Петропавл мен Қостанай қалаларынан бастаған дұрыс. Ол үшін аталған қалалардың бас жоспарын жаңғыртып, жаңа әлеуметтік нысандар: ауруханалар, перзентханалар, емханалар, мектептер, балабақшалар, спорт кешендері мен жаңа зәулім тұрғын үйлерін салып, туристік нысандарды да ұмыт қалдырмай, тура Түркістан сияқты түрлендірсе оңтүстіктен солтүстікке қарай үдере көшкен керуеннің қарасы бірден молая түсер еді.
Міне, осы істі біліктілікпен қолға алса кейбір саясаткерлеріміздің сұрақ қойған сайын ылғи «7 мың шақырымнан астам шекарамыз бар, оны қалай қорғаймыз?» немесе «батысымыз бен шығысымызда және солтүстігімізде қаракөз қазақтарымыз мүлде аз» деп күмілжи беретін мәселесі өзінен өзі ретке келер еді.
Алып Қытайдың өзі бұрын қазақтар мен ұйғырлар ғана тұратын өлкені қытайландырып, бір кезде 500 мыңдай ғана халқы бар Үрімжі сияқты қаланың тұрғындарының санын 3, 5 — 4 миллионға жеткізіп, үлкен өндіріс пен сауда орталығына айналдырып жібергені тектен-тек емес.
Ендеше, біздің Президентіміз бен Үкіметіміз де ел ертеңінің бейбіт болашағы үшін осы үлкен іске жедел және белсене кіріссе дұрыс болар еді.