19 рет оқылды
Амангелді атындағы 8 жылдық мектепте (Жамбыл облысы, Талас ауданы, Амангелді ауылы) оқып жүрген кезім. Қай жылы және қаншасыншы класта оқитынымды есіме түскенде айта жатармын, бір күні буфетімізге жаңа кітап түсті. Буфет мектептен бөлек кішкентай үйде болатын. Буфетшіміз Әлден ағайдың әйелі. Аса көп сөйлемейтін томаға-тұйық әйел еді, менің бала көңілімнің өлшемі бойынша аядай ғана ауылдағы өңді келіншектердің бірі.
Сонымен үзіліске шыққан кезде буфетке бір соғып, жеңгеме емес (о кезде жеңге деп желігіп көр, Әлден ағайымыз желкемізді үзіп алсын), кітапқа бір қарап кетем. Кейде ұзақ қарап тұрам, өйткені кітаптың мұқабасындағы суреттің жұмбағы қатты қызықтырады. Сурет мазмұны қысқаша былай: су асты, балдырлар, соны жарып бір бала жүзіп бара жатыр…
Кітаптың бағасы сол кездегі ақшамен 1 рубль 50 тиын ба, әлде одан екі есе көп пе білмеймін, бірақ арxивімде жатқан сол кітапты тауып алсам оны да анықтауға болады, әйтеуір оп-оңай сатып ала салуға келмейді. Содан пирожки алатын ақшамнан үнемдедім бе, әлде апамнан кітап сатып алам деп сұрап алдым ба, әйтеуір Әлден ағайдың келіншегіне тиісті ақшаны беріп, күн сайын мұқабасына көз талдырып көпке дейін қарап тұратын сарғыш кітапқа қол жеткіздім.
Қуанышымда шек жоқ, өйткені кітап мұқабасындағы су астында жүзген баланың жұмбағымен енді беймарал таныса аламын.
Кітап өзіне бірден баурай жөнелді. Бауратқан жазушы сөзінің құдыреті еді. Ол кітабын «Баланың екі ертегісі болды» деп бастапты.
Содан қанша күн оқығаным дәл қазір есімде жоқ, кітапты біткен кезде ауылдан басқа әлемде жүргендей болдым.
Әдебиет сабағының мұғалімі Есалы ағай (Азамат Есалының әкесі) «Кім қандай кітап оқыды?» деп сұрайтын анда-санда сабақтан көңілімізді сергітіп, демалдыру үшін. Сол кезде «Ақ кеме» деген кітап оқығанымды айтып, баланың жұмбақ тағдырына түсінбегенімді (xикаят соңында әкесін іздеп теңіздегі балықтармен бірге жүзіп кетеді, ал мен оны «өлді» деуге қимайтынмын…) айтып ем, жанары қуаныштан жарқ етіп, маған жалт қарады.
— Ол кітапты қайдан алдың?
-Буфеттен.
-Жарайсың! «Ақ кеме» — Шыңғыс Айтматовтың жаңа кітабы. Ол қазіргі жазушылардың ішіндегі ең мықтысы.
-«Қош, Гүлсарыны» оқыдың ба?
-Жоқ.
Шынында онысын оқыған жоқ едім. Ал «оқыдым» деп өтірік айта алмадым. «Қош, Гүлсары» да сол сары кітаптың «ішінде».
-Оны да оқы. Керемет, Танабай тағдыры, Гүлсары тауқыметі…
Кейін оқып шықтым, шынында жақсы дүние ғой, бірақ ол маған «Ақ кемедей» ұнай қойған жоқ. Бірақ есейгенде қайта оқып, бала ұғымына (жасөспірім дейміз бе, әлде) шынында ауырлау екенін түсіндім. Бірақ Есалы ағай бізге жассың деп қарамайтын, талабы күшті еді.
Содан бастап кітап оқысам авторына да көз тоқтатып, аты-жөнін жаттап алатын болдым.
Негізі біздің ауыл — әдебиетшіл ауыл. Үлкені де, кішісі де кітапты көп оқиды. Бір-бірінен алады. Бұрын мен де сөйтетінмін. «Ақ кеме» — өзім өз, көйлегім бөз болғалы ең алғаш сатып алған кітабым ретінде архивімде әлі сақтаулы тұр.
Ұмытпасам, сол кезде не алтыншы, не жетінші (әлде, сегізінші ме екен) класта оқимын. Оған дейін де талай кітаптарды оқып тастағам ғой, бірақ Шыңғыс басқаша ойландырып, адаммен басқаша сырласады екен.
«Әдебиетші ауыл» дегенде, алдымызда Жанғара Дәдебаев (кейін филология ғылымдарының докторы, академик, профессор атанды және ҚазГУ-де атақты академик Зейнолла Қабдоловтың сүйікті шәкірті болды), Есалы Қырықбаев ағалардан (ол кісі де ақынжанды ағамыз еді) бөлек, Шорабек Айдаров (кейін белгілі айтыс ақыны болды), Серік Томанов (кейін белгілі ақыны атанды), Рысбек Әміреев, Әбиірбек Қонысбаев (талантты футболшы Ұлан Қонысбаевтың әкесі) бәрі кітапқұмар болатын. Солардан маған «жұққан»өтетін өтетін болуы керек, кітапсыз күнім болмайтын. Сондай күндердің бірінде Шорабек көкеме «Ақ кемені» оқығанымды айтып ем:
-Сен оның «Тау мен дала хикаяларын» оқы, — деп кеңес берді.
Кеңес беріп қана қойған жоқ, әлгі кітап үйінде бар екен соны маған «оқы » деп беріп жіберді. Қалың екен, іші толы хикаяттар. Бәрін оқып шықтым. Сөйтіп Шыңғыспен «ауырдым».
Кейін журфакты бітірп, журналист болып қызмет етіп жүргенде Шыңғыстың публицистикаларын да тауып алып оқыдым. Орысша жазады. Олары Мәскеуден орыс тілінде шығады. Сонда да оқимын. Сөйтіп жүріп «Боранды бекеті» де қолыма тиді. Оны қалай тапқаным да қызық оқиға. Өйткені ол кезде (жетпісінші жылдардың аяғы мен сексенінші жылдардың басы ) джинси шалбар мен атақты жазушылардың кітаптарын қолға түсіре алмай қиналғандардың бірі мен болатынмын.
Екі мыңыншы жылдар-ау деймін. Аманат деген суретші досым бар еді, сол «Бішкеке барып, Шыңғыс ағаға жолығып қайтам» деп тұр бір күні. Шыңғыс аға ол кезде Еуропада елші. Амант сол жақта сурет көрмесін жасаймын деп жұлқынып жүрген. Шыңғыс ағамен кәдімгідей танысып апты. «Мені де ала кет» деп жабыса кеттім. Көз алдымнан Шыңғыс ағаның барлық кітаптары мен сол кітаптарындағы кейіпкерлері сап түзеп «бар, байке, бар, Шыңғыс ағаңды көріп қайт» тұра қалғандай.
Содан жолға шықтық. Бішкектің автобекетінен түсе салып ек, бір топ таксистер қоршап алды. «Қайда барасыңдар?» деп, қызмет етуге әзір тұр. Аманат: «Чқаңның үйіне барамыз» деп шала қырғызшасымен шалқайып еді, бәрі «Мен апарайын», «Қай үйіне барасыздар?» деп шу ете қалды. Мен қайран қалдым. Мысалы, Алматыдағы автобекеттен түсе сап қазақтың ең мықты, ең танымал деген жазушысының (мысалы, бала кезімнен Еламанмен, Ақбаламен, Раймен, Мөңкемен,Судыр Ахметпен дос еткен сүйікті қаламгерім Әбдіжәміл Нұрпейісовті алайық) үйіне барам деші, таксистер мекен-жайын өзіңнен сұрап алғаны былай тұрсын, бірден таба алмай әуреге түсіреді. Ал мына қырғыздар кішкентай ауылдың тұрғынын сұрап тұрғандай бәрі бірдей елп ете қалды. Соған қарағанда Шыңғыс Айтматовтың жүрген-тұрғыны да өзінің жазған-сызғаны сияқты халқына өте танымал, өте етене жақын сияқты көрінді.
Көп ұзамай Шыңғыстың үйінде отырдық. Өте қарапайым адам екен, әбден әңгімелестік, мен видеоға түсіретін оператор да ала барғам, фотоаппаратым да бар, ол аздай диктофонымды да қосып қойдым. Шықаңмен сұхбатым сол жылдары «Жас Алаш» газетіне жарияланды.
Шықаң бір кезде кітапханасын көрсетті. Тепкішектермен жоғары көтерілгенде (әлде төмен түскенде ме екен) қабырғалардағы ілулі тұрған неше түрлі сувенир тарелкелерді көрдім. Шықаң оны әйелінің Түркияда жүргенде сатып алғанын айтты. Айтпақшы, біз барғанда әйелі шет елде (Жапонияда деді-ау деймін) екен. Балалары да жоқ. Үйінде өзі, одан кейін көмекшісі.
Мен бір шағын ғана кітабымды ала барып ем, «менің мына жаман кітабым сіздің кітапханаңыздағы мықтылардың қасында тұрсыншы» деп, қалжыңдап қалдырып кеттім.
Өзіміз кешқұрым барғанбыз, біз сөйлесіп, шай ішіп шыққанша түн қараңғысы боп кетіпті, ауласында тұрып суретке түстік. Сапасы онша емес, бірақ шындықты бейнелеген сәт екені үшін маған аса қымбат.
Шыңғыс Айтматовты ұстазым санаймын, әрине, Бейімбет пен Әбдіжәміл ағаның да орны бөлек, олар туралы бөлек жазам. Жалпы, менің ұстаздарымның барлығы мықты жазушылар. Оның ішінде Тәкен де, Бердібек те, Шерхан да, Дулат та, Мархабат та, Тынымбай да, Сайын да, Оралхан да, Қарауылбек те, Марат Қабанбаев та, бәрі-бәрі бар.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.