30 рет оқылды

«Қаламгер қазынасы» сериясынан

Сөз сүлейі Сүлейменұлының (Асқар!)) сұңғылалығына сұқтана отырып сыр суыртпақтайтындар оның көзі тірісінде де болған. Бүгін де бар.
Адамзаттың туа бітті тәкәппар тентегі (еркесі) енесінің құрсағында жатып-ақ тойып туған қозыдай энциклопедиялық бай біліміне жеті өнерді жеті атасындай жіліктеп, жетесіздердің де жетесіне жететіндей етіп, талдап-талдап тасайтын тәмсілдерін, болса-болмаса шешен тілін, ұрымтал ұйқастарын таңдай қаға әуезе қылатындардың азды-көпті барына да тәубе.
«Әттең, — дейді олар, — әттең, сол аузындағы тасбақаның шөбіндей дәру әпсәналарын ақ қағазға түсіріп кеткенде ғой!».
Сөйткенмен, бұ да жүз жылда бір қайталанатын құбылыс екен. Қабдолов ағайымыз айтқан сайын жүгі ауырлай түсетін «әдебиет — ардың ісі» деген ақ туға қайтсе де кір шалдырмаудың қам-қарекеті кейде осындай құрбандықты да қажет етеді екен.
Көпіртіп көп жазса да Созақтан шыққан сол сүлейдің бекзат болмысына, парасат биігіне жете алмай жүргендер қашама?!.
Менің ашқан «жаңалығым» — Асқар бола алмаса да, сол Асқар пір тұтқан әдебиеттің арын арзан сөзбен былғамайтын қазақтың былайғы жігіттері де аз емес екен.
Олар да — өнер мен білімнің құлақ кесті құлы. Олар да айтатынын айтады да, бірақ… жиып-термей, төгіп-шашып жүре береді.
Ауылда әдеби ортадан алыс жүрген Нарша Қашағанұлы деген ақын болды.
Алыс жүрген айқай менен сүреңнен,
Ауылдың таза пейілінен нұр емген.
Кітабынан бұрын шыққан атағы,
Аз ақынның қазақтағы бірі ем мен, —
дейді ол.
Неге?
Себебі… Сүлейменовке тән «дерт» оны да шалықтаған.
Жанымды сап жамап-құрап жыр жинап,
Жазсам мен де берер едім бір жинақ.
Жақсы ат емес, мақсат қуып келемін,
Баспа емес, басқа жанды жүр қинап.
Қазақтың сұлу сөздерінен самсаған,
Өзімше өрнек салсам деп ем, нан соған.
Жамбыл қашан жинақ жинап жүріпті,
Абай қашан атақ-мансап аңсаған.
Ақын да бір, бала да бір бүлдіршін,
Ақын адам шын жыласын, шын күлсін.
Жүз жинақ па – ел есінде қалатын,
Жоқ, жалғыз-ақ жыр ма – оны кім білсін…
Жансыз сөздер жамылып ап жыр атын,
Кітап болар дүкендерде тұратын.
Өтпейтін көп кітап емес, өмірде,
Өлмейтұғын бір өлең жазу — мұратым.
Сөздің киесі ұрып кетпесін деп өз жүрегіне өзі салмақ артып жүретін адам ғана осындай болар.
«Атағы кітабынан бұрын шыққан» десе, дегендей.
«Нарша ақын» десең, Алматыдағы Тұмаш аға да Талас өзені жақтан бір жылы леп ескендей жадырап қалар. Фариза — Фаризажанның да ой езген еңсесі бір көтерілер.
«Бүгінгінің Бауыржаны – Шерағаң, Жоқтатпаған атышулы ағасын» деп өзі жырлаған Шер-ағаң да қасын қайшылап, жаны жайсаң інісін еске алады дей бер.
Сексенінші жылдардың ортасында сұрқия саясат қазақтарға Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы деген «тойын» тойлатты. Оған жорналшылар да жорғалап жүріп көп үлес қосты. Одалар арнады. Сонда Нарша одашыларды мысқылдап отыратын. «Ұзынқұлақтар» естіп қоймасын дей ме, біздің қасымызға кеп: «өз еркімен кіріптар болғанының 250 жылдығы деу керек қой мұны» деп күліп кететін.
Белгілі ақын-жазушылар білгенге Қашағанұлын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі екен деп те қалмау керек. Болған емес. Атақтары да жоқ. Жыл сайын кітап та шығара алмайды. Демеуші табуға беделі жетер-ау. Тек… таланттың өзіне деген талабы тым биік.
Ауылға барсам елдің аузында бір өлең жүр. Қолдарында Наршаның жыр кітабы.
Кешегінің бәрін басып қақ белден,
Кете берсе, не қалады текті елден?
Құтылардай құрығынан заманның,
Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден.
Бала көшсе, тастап туған үй, елін,
Ана көшсе, саудыратып сүйегін.
Кәрі көшсе, бәрі көшсе біртіндеп,
Сонда мынау сорлы жұртқа ие кім?!. —
деп зуылдатады.
Қаңырап қалған Ақкөлдің «Елім-айын» естігендей жүрегім сыздасын. «Оңтайластыру» деген ұранмен аудан орталығы Ақкөл ауылынан Қаратау қаласына ауысып жатқан тұс қой. Шатырын ап, қабырғасын құлатқан құттыханалардың құты қашқан. Үңірейген терезелердің көздері аш адамдай анталаған.
Осының бәрі көркемдік келісіммен жыр жолына түскенде, төбе құйқаңды шымырлатады екен. Нарша Ақкөлден «Могиканның соңғы тұяғындай» боп Қаратау қаласына шенеуніктердің ең соңын ала көшті. Онда да басына «аудандық мәдениет бөлімінің бастығы» деген «бақ» қонған соң. Бұл ретте Талас ауданының әкімі Батырбек Құлекеевтің батырлығына бәрекелді деу ләзім.
Талай жыл бойы қара шаңырағынан шықпай, Болған жеңгеміздің шәйін ішіп, жамбастап жатса да, туған ауылының мәдениеті мен өнері үшін өле жаздап, біресе өлең, біресе сөз, енді бірде сценарий жазып жататын адамды тура сол өзінің туа бітті маңдайына жазылған жұмысқа әкеп қоя салды ғой.
Сейіл құрып кететін серілігіне де, елін іздеп кететін еркелігіне де қарамады. «Арпа ішінде бір бидай артық болмас» деді. Талас жұрты одан жаман болған жоқ. Ән де, күй де ақ жауындай селдетті.
Нарша қайта түлеткен «Талас таланттары» ән-би ансамблі Тараз көрермендеріне танымал болды. Сондай өнер мерекесінің бірінде мәдениет бөлімінің бастығы Қашағанұлының ісіне разы болған Батырбек Құлекеев қасындағы кісілерге:
— Мынау біздің аудандық мәдениет бөлімінің бастығы, — деп қалады.
Наршаның орнында басқа «өнердің» өкілі болса бұл қошаметке танауы шелектей боп, маңыздана қалар ма еді, кім білсін, ал Нарша жұлып алғандай:
— Бәке, адыра қалатын қызметімді айтқанша, алқалы топта сөз бастайтын ақын екенімді айтпайсыз ба, — деп жұртты ду күлдірсін.
Шынында шаршы топта сөз бастайтын Наршаға бір күні облыстық мәдениет басқармасының бастығы (өзінің тікелей бастығы ғой) Әлібек Әмзеев телефон шалады.
— Нарша, балам үйленіп, той жасайын деп жатырмын. Соны басқарып берсең.
— Құда қайдан? – дейді Нәкең.
— Құда… кәрістер боп тұр, — деп күмілжіңкірейді Әлібек.
Сонда Нарша табан астында:
-Құдай қылар әр істі, Құда қыпсың кәрісті. Оқасы жоқ, тойды дүрілдетіп өткіземіз, — деп бүгежектеп қалған бастығының көңілін бір көтеріпті.
Сөз қадірін, сөзбен қатар өз қадірін білетін азамат қана осындай еркін, осындай ерке келер.
Елді сүю – табалдырығын менсінбейтін тасыр ұлдарды тәубесіне кетірумен де өлшенеді. Ондайларға ер Нарша:
Атың шығып, айдарыңнан жел ессін,
Байлығың да, билігің де тең өссін.
Ешқашан да есіңнен бірақ шығарма,
Кім болсаң да елден үлкен емессің, —
дейді де:
Елге келсең еркелеп кел, әйтпесе,
Елемейді, сыйламайды сені ешкім, —
деп тұжырады.
Наршаның КазГУ-ге 1970 жылы түсіп, оны табаны күректей 18 жыл оқып бітіргені де бір хикая.
КазГУ-ымның бітіргенше журфагын,
Қазағымның көрдім талай ұрпағын.
Қожакеев, Амандосов сияқты,
Қарағайға қарсы біткен бұтағын.
Сенде айырдым ақ-қараның жігін де,
Сен де мені түсінерсің түбінде.
Омашевпен оқып едім о баста,
Бауыржанға* шәкірт болдым бүгінде, —
деген жыр жолдары да Нәкеңнен қалған.
Он сегіз жыл оқығаннан Нәкең ұтпаса, ұтылған жоқ. Оны Жаңғара, Намазәлі сияқты ғалымдар, Рафаэль, Есенғали сияқты атышулы ақындар мен Суытбек, Ерғали, Несіп сияқты үлкен қаламгер-журналистер дос, терезесі тең әріптес санаса, біздің буын «аға» деп сыйлап өсті.
Жамбылдағы Шорабек пен Мұхамеджанға дейінгі айтыс ақындары ұстаз тұтты.
-Анда-санда жолығып қалғанда өзін жоғалтапағанын, сезімінің сақталғанын, ойына ой, біліміне білім қосып, байи түскенін байқайтынмын, — депті Тұманбай Молдағалиев ағамыз Наршаның жыр жинағының алғы сөзінде.
Осы сөздің де жаны бар-ау. Наршаның үйіндегі бай кітапханасына бір «сүңгіп» кетсең, малтығып, шыға алмай қаласың. Онда бар кітаптар, аудандық, облыстық кітапханалардан табыла бермейді.
Ана тіліміз туралы арманды арқалап өткен Шона Смаханұлы да Наршаның бай кітапханасын көріп сүйсінген.
Қазағымыздың аузымен құс тістеген шешені, ұлтымыздың ұйтқысы Әбіш Кекілбай 60 жасқа толғанда «Жас Алаш» газеті ақын Өтеген Оралбаевтың өлеңінен алып «Қазақ елінің таңдайы» деген тақырып берген еді.
Бөлтірік шешен бабасы салып кеткен шешендік дәстүрді өзінің өткірлігімен, тапқырлығымен тірілтуге атсалысып кеткен талантты ақын Нарша Қашағанұлын да «Таластың таңдайы» десек, әуезе үнді Әбе-ағаңның мол мұрасы соған бола ортайып, қол жеткізген биігі соған бола аласара қоймас.
—————————————————
Бауыржан* — ақын інісі Бауыржан Жақыпов.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.