35 рет оқылды

«Қаламгер қазынасы» сериясынан

Бүгін Ерағамыздың туған күні екен, бір естелік айтуды парыз деп білдім
2010-шы жыл болатын. Ораза айында ауыз бекітіп, жайнамазға жығылдым. Оны орта жолдан тастап кетпей, қал-қадерімше түгел атқардым. Ендігі парыздың бірі – қажылық сапарына жол жүру. Оның да сәті түсе кетті. Бірақ…
«Егемен Қазақстан» сияқты елдің есі саналатын бас басылымда қызмет істеп жүрген адамға жұмысты рұқсатсыз тастап кетуге болмайды. Ал менің «Егемендегі» басшыларым шетінен тәртіптің құлдары.
Ержұман аға алдындағы қағаздарға үңілген қалпы ойланып отыр екен. Амандық-саулықтан соң майдалап отырып сонау Жамбыл өңірінен келгендегі жұмысымның себебін айттым. Ерағам өзіне тән әдетімен басын бір жағына қарай қисайтыңқырап қойып ойланып отырды да:
-Ау, сол жаққа бармай-ақ, ана дүниеде не бұйыратынын қарапайым көппен бірге көре бермейсің бе? – деді қалжыңдап.
-Аға, олай демеңіз, — деп жатырмын мен ең үлкен бастығыма басқалай не деп уәж айтарымды білмей. – Аға, қажылық сапарында жиырма күндей жүреді екенбіз, менің сол күндердегі жұмыста болмайтын сағаттарыма бухгалтеріміз жалақы жазбай-ақ қойсын.
-Жә, сені сынап жатқаным ғой, жолың болсын!
Содан Меккеден бір-ақ шықтым. Қажылық парызды өтеу оңай шару емес. Соның бірінде айдалада, құмның үстіне тігілген шатырларға түнеп, құлшылық еткен күндеріміз де болды. Бірақ су мен ас-ауқаттың бәрі бар. Дәм алуға барған бір мезетте халық ауыз әдебиетін зерттеуге үлкен еңбек сіңірген профессор Сәрсенбі аға Дәуітов кездесе кетті. Ол да қажылыққа келіпті.
-Құдай кездестірді деген осы, інім. Ана жақта бастығың отыр? «Көсемәлі де келуі керек еді» деп сені сұрастырып жатыр, — деді.
-Қай бастығым?
-Ержұман ағаң ше?
Мәссаған! Мұндай таңғалмаспын. «Мен алдына рұқсат сұрап барған кезде өзінің қажылыққа баратыны туралы ештеңе демеп еді, мынау бір керемет оқиға болды-ау, ә» деп ойладым да, құстай ұшып Ерағама жеттім.
Қажылық сапарында «бастық», «бағынышты» деген ұғым болмайды. Ол жерде тек қана сыйластықтың мәртебесі өсіп, ізеттің мерейі үстем болады. Мұсылманның бәрі бірдей киінеді. Міндет те, парыз да бірдей. Ержұман көкем де үстінде ақ жамылғысы бар монтиып қана отыр екен.
Түрінен байқадым, сәл қиналыңқырап қалыпты. «Қанты» түскірі көбейіп, жүрегі қысылыңқыраған ба, әйтеуір сондай бірдеңе» деп досы Сәрсенбі айтқан бағана. Сондықтан «Су әкеп берейін бе, дәм жеткізіп берейін бе?» деп, бәйек боп жатырмын. Өзіне деген аяныш сезімімді айнытпай түсінген көкем:
-Бүгін тәуір боп қалдым, уайымдама, — деді.
Сосын қажылыққа қалай келгенін айтты. Сөйтсем, досы Сәрсенбі телефон шалып үлкен сапарға бара жатқанын сүйіншілейді де, «сен де жүр» депті. Яғни, қажылық мәселесі мен өзінен сұранып кеткен соң, аяқ асты шешілген. Бұл да Ерағама деген Алла тағаланың ықыласы шығар деп түйдім.
Міне, мен сөйтіп Құдайдың қалауымен Ержұман ағамен бірге қажылық сапарында болған інілерінің бірімін. Ерағаның қиналып, ауырып жүрсе де сол сапарға тәуекел еткеніне, қажылық парызын өтегеніне қазір қатты қуанып отырмын.
Ерағаңның алпыс жылдық мерейтойындағы үлкен дастарханында да арқа-жарқа боп қасында жүрдім. Қазақ әдебиеті мен журналистикасының мэтрлері Әбіш Кекілбай мен Шерхан Мұртаза бастаған қасқалар мен жайсаңдар Ерағаңды құрметтеп, жылы сөздерін аямай айтқан сонда.
Айтпақшы, сонау алыста, Астанада жүрсе де жыл сайын менің туған күнім — 3 ақпанда уақыт тауып телефон шалып, өзіне тән бәсең, жәй ғана даусымен қысқа да нұсқа сөйлеп құтықтайтын бір ағайым болатын.
Ол, әрине, Ержұман көкем еді. Бір жолы ғана құтықтамады. Сөйтсем ағатайым менің телефонымның нөмірін таппапты да үйдегі қарындасына, яғни менің жарыма хабарласыпты. Оны кешке жақын үйге келгенде әйелім айтты.
Жүзім жадырап, көңілім көтеріліп қалды. Бірақ дәл қазір кеудемді кеулеген бір уайым желі бар. Ол келесі жылы туған күінімде Еркөкемнің қарлығыңқы да бәсең үнін ести алмайтын болдым-ау деген өзекті өртер ауыр өкініш.
Әрине, бұл естеліктен Ераға маған жұрттан бөлек ерекше жақсылық жасаған екен деген ой тумаса керек.
Ұрсатын кезде ұрсып та алатын. Мысалы, бір жолы «Неге айтқан нәрсені орындамайсың?» деп, қатты жекіді. Сөйтсем, көкем «100 жол мақала жаз» деп тапсырма берсе, мен оны 150 жол, ал «200 жол мақала жазып жібер» десе, мен оны 300 жол ғып жазып жібереді екем. Мақалаң нөмірге кетіп бара жатқан асығыс сәтте оны қысқатрып отыру біраз уақытты алады. Соған қатты ренжіпті көкем.
Мен де тілімді тістеп, тыныш отырмаймын ғой, «Аға, «Арқан ессең ұзын ес, қысқартуы оңай» деген, жетпей қалғаннан гөрі артылып қалған нәрсе жақсы ғой» деп, әңгімені әзіл-қалжыңға айналдырып, көкемнің ренішін жуып-шайып жіберем.
Еркөке, жатқан жеріңіз жайлы болсын! «Қантыңыз» көтеріліп, ауырып жүрсеңіз де жасаған қажылық сапарыңызды Алла тағала қабыл етіп, жаныңызды жәннатта шалқытсын!
Әумин! Аллаһу Әкбар!
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.