22 рет оқылды
Кешегі күннің басты жаңалығының бірі «2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «сырттай оқу» деген келмеске кетеді екен» болды. Ол туралы ресми адамдар ресми түрде хабарлады. Мейлі ғой, білгендерін істесін.
Бірақ…
осы «сырттай оқуды» бітіріп-ақ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ қара нарларына айналған ағаларымыздың көп екенін ұмытпайық. Білімсіздердің бәрін «сырттай оқу» дегенді бітіргендерге жаба бермейік. Мысалы, таланты мен талғамы бөлек жазушы Мархабат Байғұт ағаның «Бір дорба диплом» деген классикалық әңгімесін оқып отырсаңыз, сырттай оқитындардың «сырттай оқу» дегенге жетіскендерінен барып жүрмегенін біліп, ішіңіз удай ашиды.
Ал мен білетінде, аса дарынды ақын, сері әрі көп оқыған интеллектуал Есенғали Раушанов «сырттай оқуыңның» өзін оқымай тастап кеткен.
Ұзынағаштың қарға бойлы қас дарыны Есенқұл Жақыпбек те солай, ауылы Алматының іргесінде тұрып «сырттай оқудың» өзін «сырттай» оқыған тұғын.
Мына жерге суреттері симай қалған «сырттай оқудың» бұлардан басқа да небір «сырттандары» бар. Солардың бірі — аса білімді жан, аса дарынды ақын Нарша Қашағанов еді. Сол ағамыз ҚазМУ-дың журфагын 18-20 жыл «оқыды». Ал жырларын, жырларына жазылған әндері («Рахмет, саған туған ел» және т. б.) елдің аузында жүр.
Меніңше, «сырттай оқу» деген қазіргі «дистанционный оқу» дегеннің басқашалау түрі. Басқа ештеңесі жоқ.
«Очный оқыдық» деп келгендердің жазғандарын осы аты аталған ағаларым талай түзеді ғой. Қазір менің де көзім жетіп жүр соған.
Сондықтан, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «сырттай оқу» деген тоқтатылады деген жаңалыққа жоғарыда аты аталған ағаларымның талантын ойлап, тамдары тола кітаптарын ойлап, тереңнен де ары кеткен тұңғиық талғамдарын ойлап, мәселе «очный оқуда ма өзі?» деп ішім бір уылжысын.
Өйткені, ҚазМУ мен ҚазПИ-ді «очный» бітіріп, ұрдажық милиция (полицей) боп кеткендерді де көз көрді ғой.
БӨЛІСУ:

Пікір қалдыру

Copy Protected by Chetan's WP-Copyprotect.